Асықпай басқан балпаң жүріс туралы. ~ Сирек, маң басып үйге жақындағанда Мақпырдың сыртта менің жолыма қарап тұрғанын көрдім. Б.Қыд. ~ Боряның қазасы да, біздің осы дүрлігісіміз де — мына маң басқан, байыпты тіршілікке жанаспайтын бөлек нәрсе сияқты. Т.Ахт. ~ Маң-маң басқан, маң басқан, Шудаларын шаң басқан. Екі өркешін қом басқан … АӘ. ~ …қараотынды жыныстармен бірге тіпті түйелі жолушыны жасырар сексеуілдер сықаса өскен алапты жағалай керуен маң-маң басып алға жылжуда. АҚ. («Арпалыспен…»)
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАНСҰҚ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)
Іске алғысыз етті; аяққа басты; бас тартты; іргесін аулақ салды, тәрк етті. ~ . Қазаққа қатысты әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық дәстүрлер түгел артта қалған, кертартпа, зиянды деп табылды, қазақтың тілі шетке қағылып, өткен тарихы мүлде мансұқ етілді. М.Мағ. ~ Абайда өзіне дейінгі, өзінен өзге қазақ қаламгерлерінің тілін мансұқ ету пиғылы жоқ. Р.Сызд. ~ Ішіп келген еркек не демейді, бетіңе тік қарап, бір сөз айтты екен деп, Құдай қосқан қосағыңды мансұқ еткің келе ме? Ә.Тар. ~ Есіктен кіріп-шығып, құжынап жатқан көптің ішінде Зәрипа бөлекше көзге түседі: төңірегінде ел жоқтай, дүние- әлемді мансұқ еткендей ілбіп келеді екен. Ш.Айт. ~ Тиянақ-тұрлауы жоқ тіршілік әлемін мансұқ еткен ғарып көңілдің пәни дүниемен қоштасардағы ақтық сөзін … Ғ.Біл. ~ Баяғы Октябрь төңкерісінен соңғы құл-құтанның ұраны бойынша. Ата-қазақтағы ұлы тұлғалардың бәрі мансұқ етілді. Ойшылдарың – қияли, ақылманың – наркоман, ғұламаң – сатқын деп жарияланды. М.Мағ. ~ Бірде осындайды пайдаланып, Майқы сөйлеп отырғанда екі би тәртіпті мансұқ етіп, Майқы алдын кес-кестей берген. Р.Кар. ~ Жарым менің – жарым болмай аңсаған, Жерім менің –көрім болса қаусаған, Бар антымды, бар сертімді мансұқ қып, Көз қиығын салар ме едім мен саған. О.Сүл.
- Өзек етті; негіз қылды; мақсат тұтты. ~ Талант табиғатына тəн дарындылықпен ұлтшылдық идеяны шығармаларына мансұқ еткен ұлт қаламгерінің бірі əрі бірегейі де Мұхтар Мағауин болатын. А.Кәкен. ~ «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген әдемі сөзді ел көзінде елтең-селтең жүргенді мансұқ еткен епті жігіттер қызыл тілді қайраққа жанып-жанып алып, халық алдында ана мінбеден де, мына мінбеден де қиқулатар-ау! Ә.Нұрп.
МАНСҰҚ БОЛДЫ
Түкке жарамай қалды. ~ Ақыры сүт пен енесінің екеуінен де мансұқ болған тірі жетім аспанға белі шығып, басын төмен сала аянышты үнмен маңырайды-ай кеп. М.Қаб. ~ Күллі дүниенің көркемдікке мансұқ болғаны сияқты сөзіміз, сөз өнеріміз – әдебиетіміз өзінің көркемдігімен құнды. Ж.Шәк.
МАНСАП ҚҰМАР
Атақ, даңқ, тиімді лауазым, жоғары қызмет үшін жанын салған адам туралы. ~ Би бүкіл қарақалпаққа билік жүргізуден дәметеді. Рахим бек те Айдос бидің сол мансап құмар, аш көздігін пайдаланып көруге асықты. З.Шүк. ~ Мансап құмар жорғалақ, Жағымпаздан сақтасын. Құлқыны кең тойымсыз, Алымпаздан сақтасын. Ө.Кәр.
МАНСАП ҚУДЫ
Атақ-даңқ, дәрежеге қызықты, билікті мақсат тұтты. ~ Пенде шіркіннің өткінші тіршіліктегі алыс-жұлыс арпалысы неткен мәнсіз десеңші. Бірінен-бірі артық болам, асып түсем деп жанталасады. Байлық іздеп, мансап қуады. Сондағы шығар ұшпағы қайсы? Т.Сәук.~ Болғаны- мен толмай қалған. Байсыз, баласыз сыбай-салтаң өткізген ғұмырын. Есебі, қызметке алданған, мансап қуған. Ө.Кәр.
МАНСАП ИЕСІ
Әлдебір лауазым, жоғары қызмет иесі. ~ Жалғыз атын ел керегіне жарайды деген жігітке мінгізіп отыр. Соны ойла. Ана Ұзақ, Жәмеңке неғып отыр. Оспандай-ақ мансап иесі ұлық болатын ана Әубәкір ол неғып отыр. М.Әу. ~ Манчжур патшасының қолынан алған қара көк тасы, тауыс деген құстың қызылды–жысылды болып құбылып тұратын екі тал шалғысы – тәжі, генарал шенді сап–сары ала, оқалы тоны бар ерекше абыройлы мансап иесі. Ж.Сәм.
МАНСАБЫ ҮШІН
Атақ, шен, жоғары қызмет, жеке басының пайдасы үшін. ~ Мұны айтып отырғаным — мен еш уақытта сол жіктерде қара басымның мансабы үшін жүргенім жоқ. Мәселен, 1-жалпы қазақ съезінде мені Қазақстан атқару комитетінің Президиуміне мүше қылуға ұсынғанда да «мені сайламаңыздар» деп қаштым. С.Сей. ~ Ол өзінің мансабы үшін колхоздың келешегін ойламай бар малды бірақ жылда құртқалы отыр депті. Ә.Әб. ~ Иә, шындығын жоғалтқандар айналанда жүр қаптап, Мансабы үшін, не күні үшін оңға, солға сырғақтап. М.Шах.
МАНСАБЫ ЖОҒАРЫ (ЗОР)
Дәрежесі артық, қызметі биік. * Одан да ертең патша оқуын бітірер Мәмбетәлі оқалы шапан киініп, мәртебесі биік, мансабы жоғары болғанда, біріміз болыстықтан қағылмайық, біріміз шен-шекпеннен, дәрежеден айырылмайық, тағымыздан, алынбайық деп, күн райын алдын-ала болжап, жас та болса, бас болатын жігіттің артына бұрынырақ кіріп жылы орын сайлап алайық деп жеттік десеңдерші. С.Жүн. ~ Осыдан біраз жыл бұрын қаладағы мансабы зор бір танысына телефон соққан еді. Халін сұрады. К.Жүн.
МАМЫҚ ҚАР
Үлпілдеген, жұп-жұмсақ ұлпа қар. * Түнде жауған ұлпа қар күмiстiң ұнтағындай күнге шағылысады, аунаған сайын киiмiң ғана емес, көкiрегiң де тазара түскендей. Айнала тұнған пәктiк. Т.Сәу. ~ …ауа сүттей тұнып, доңғалақ үні анық естіледі, сол үлпілдек, тап-таза ауамен бірге аппақ балғын, мамық қар сияқтанған бір сезім көкірегіңді қытықтай береді. А.Чех.
МАМА ҚАЗДАЙ МАМЫРЛАДЫ
Кердең басты. ~ Бір күні балаларымды ертіп мама қаздай мамырлап келе жатсам алдымнан Ерік кездесе кетті үйге жақындағанда. С.Досж. ~ Оң жақ бұрыштағы ханымның жатын жайына бас сұққанда жиегі оюланған кимешектің үстіне қарқарадай күндік салған, мамырлаған мама қаздай мол денелі ақ әженің тізесіне басып сап еркелеп жатқан шәкірт Шоқанның шашын сипап шұқылап шаһар тұрмысын сұрап отырған кескін–кейпі көз алдыңа келгендей. С.Ақт.
