Маң-маң басып, маңғаз қозғалған жанның кейпі. ~ Мама қаздай Мариям апай – мамамыздай Біздердің, Ақын жыры – ана сүті – Әлдилеген санамыздай Біздердің. К.Мырз. ~ Сабаздардың иықтарына күнте асып, екі шелек суды іліп ап, балапанын ерткен мама қаздай боп байпаңдап өзен бойлап келе жатқандарын айтсайшы. Ә.Кек. ~ …«Науат апасына ұқсап бізді өсіріп-өндіреді», – деген сайын көз алдына мама қаздай балпаңдаған Науат апасы елестейтін болып алды. С.Досж. ~ Олардың ізімен кестелі кимешек киген, бастарында қарқара күндігі бар ұзын етек паң кемпірлер, мама қаздай шайқала басқан жасамыс әйелдер кетіп барады. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАМА БИЕ
Көп құлындаған, өте сүтті бие. ~ Әне бір Хрущевтің заманында мама бие жетім торпақтың құнына татымай қалып еді, одан бері де тоқты-торымның қадірінен озғаны шамалы, әйтеуір тұяқты ғой деп, ет қой деп бар қасиетін пышақтың жүзі, қарынның қанағатымен ғана танып отыр. Қ.Ысқ. ~ Күні-түнгі сүргін жүрістен қалжыраған мама биелер де жусаған. К.Жүн. ~ Одан төменіректе таудың бар қасиетін де, қазынасын да қойнында сақтаған мәуелі майсалы көк жасыл жалдар мама биелердей мамырлап жатады. Е.Әлім.
МАМА АҒАШ
Есік алдында ат-көлік байлауға арналған керте, діңгек. ~ Әли қызыл іңірде әкесінің үйіне таялғанда, мама ағашта ертоқымы алынбаған үш аттың байлаулы тұрғанын көрді. Б.Тоғ. ~ Кейбір үйлердің алдында мама ағаштарда жабуы алынбаған сәйгүліктер байлаулы тұр. Б.Тоғ. ~ Ат дағдылы мама ағашқа тоқтағанда ғана үйіне келгенін сезген ол атынан сүйретіле түсті. Ұшы мұқалған долана қазық ат байлағанда шылбырдан шешіліп, сол орында қалды. Ж.Шәк.
МАЛЫНЫП КИІНДІ
Барынша сәнденіп, үлде мен бүлдеге оранды. * Есенейдің мол дәулетіне кірген Ұлпан, үйінде де, түзінде де мейлінше малынып киінетін. С.Мұқ. ~ Жұрттың бәрі есікке қарады. Қызыл отауға тойға баратындай малынып киінген, дөңгелек жүзді бір әйел кіріп келді. С. Мұқ. ~ Малынып киінген ақ жаулықты әйел ала- бота өскен алаңқайды жиектеп жай-жай жүріп бара жатты. Ө.Кәр. ~ Оның шамалауынша бұндай әрі жас, әрі сымбатты, әрі сұлу, әрі осынша малынып киінген шығыс әйелін, наследник кітаптан ғана оқымаса, түсінде ғана көрмесе, өңінде көрмеген болу керек. Т.Әбд.
МАЛЫНАН ҚҰРЫҚ, БАСЫНАН СЫРЫҚ КЕТПЕДІ
Өмірі қорлықта, біреуден зәбір көрумен өтті. ~ Малдан құрық, басынан сырық кетпей, Бермесе дау көбейер болып шатақ. С.Торы.~ Сөйтіп, ақтың әскері қазақтың әлегін аспаннан шығарды, жау жайлады. Елдің малынан құрық, басынан сырық кетпеді. І.Жан. ~ Сөйтіп, ақтың әскері қазақтың әлегін аспаннан шығарды, жау жайлады. Елдің малынан құрық, басынан сырық кетпеді. Б.Қыд.
МАЛЫНАН ҚҰРЫҚ, БАСЫНАН СЫРЫҚ КЕТІРМЕДІ
Өктемдік қылып, ойына келгенін істеді, озбырлық жасады. ~ Егер, мұны бұл қалыппен жүгенсіз жіберсең, бүгін біздің қатынымызды тартып алса, ертең сенің қатыныңды тартып алады. Бізге оқасы болмас, мойнымыз алыс жер, бір жесірді
садақаға бердік: ал, ертең ауылыңда отырып, Сатыбай, сенің малыңнан құрық, басыңнан сырық кетірмесе, осы жүгенсіз жібергеніңе бұдан жаман өкінерсің, ойлан!.. Сатыбай расында ойланып қалды. С.Мұқ. ~ Елде беделі қалмауға айналды.
Сыртқы жұрт əлі де «Торсан» көргенмен, ауылдастары қарсы шығып берекесін кетіре бастады… Малынан құрық, басынан сырық кетпейтін күні таянды… С.Мұқ.
МАЛЫН СУДАЙ ШАШТЫ
Тапқан-таянғанын оңды-солды жұмсап, рәсуа қылды. ~ Шатақан. Қой, кемпір, не бетіңмен сөйлейсің? Ашпа аузыңды. Байдың үйінің малын судай шашып отырған жаудан не аяушы еді? М.Әу.~ Жасақбай Мәдиден қанша именсе де баласының өліміне шыдамай онан кек алу үшін малын судай шашады, Сатылмайтын өкіметтің заңы да, елдің салты да жоқ. Ә.Әб. ~ Зәредей сонда кек ала алдым ба, Иманында ойнап байлардың бірақ. Жоқ, ала алмадым! Жоқты қармадым! Мал мен байлығын судай шаштым-ақ. К.Мырз.
МАЛЫН МАЛДАП, ЖАНЫН ЖАНДАДЫ
Күнін көрді. ~ Ал ендігі сенетіні мына Халел болса, оның да осы шаңырақтың астында малын малдап, жанын жандап отырар беті көрінбейді. С.Жүн. ~ Ондай демеу мен медеуді Абай таба алмады. Табуы да мүмкін емес еді. Жер де, ел де, оның байлығы да толықтай империяның дәргейіне көшкен. Олардың қостауынсыз, қолпаштауынсыз малыңды малдап, жаныңды жандай алмайсың. Т.Жұрт.
МАЛЫН КӨЗІНЕ СҮРТКЕН
Малы көп, бай. ~ Тіпті Сары атанды Нақабай үйретпейін деген де жоқ. Оны «малын көзіне сүрткен» деп жұрттың айтатынындай ойы да болмаған-ды. Б.Қыд. ~ Қожанай қызда зеректік барын байқап, баласына айттыруға құдалық сөйлесіпті. Балықшы шал тез көніпті. Бай малды айдап беріпті де, қызды Тесікбайға алып беріпті. Ел: «Малын көзіне сүрткен Қожанай қу кедей балықшының қызын баласына әперді» дейді. Қожекең, амал не, балам тең болмады-ау деп, арман етеді екен. Қаз.ерт. («Ақылды қыз»)
МАЛТАСЫН ЕЗДІ
Көп сөйлеп, мылжыңдады. ~ Оның жаңашыл, өжет дауысынан «бәлдiр-бәлдiр – бәрi өлең» деп малтасын езiп қалғып кеткен әдебиеттану ғылымы шырт ұйқысынан шошып оянып едi. Т.Сәу. ~ Ондай бостан-бос малтасын езген сөзге жауап берудің қажеті жоқ болар. І.Ес. ~ Мынау тілін шайнап, малтасын езіп тұрған қазақ па, әлде орыс па? Кім өзі? — деді аттылардың бірі. К.Сег.
МАЛМЕН КӨЗІ ШЫҚТЫ
Жастайынан мал көріп, малдың ортасында өсті. ~ Би сұрастыра келе: – Ұрламасаңдар, көрмесеңдер, ол түйенің белгілерін көрген кісідей және анықтап, байқап көрген кісідей қайдан білдіңдер?» – дейді. Жолаушылар: – «Біз ұры емеспіз, мал баққан, малмен көзіміз шыққан шаруаның баласымыз. А.Байт. ~ Есепшілер, малмен көзі шыққан бақташылар, қариялар тағы-тағы талай ырымдарды айтып жүрді; түсі қате кетпейтін сәуегейлердің қысқа арнап көрген түстерін де жұрт естіп жүрді. Ж.Айм.
