Жан-тәнін салып еңбек етті. ~ Ұят қайда? Ар бар ма өзіңде? Қазір бір машина астық түгіл бір дәнді далада қалдырған адам мемлекет алдында, халық алдында жауап береді. Ол үшін кімнің маңдай тері төгілді? Неге оны аяққа басасың? С.Жүн. ~ Шелектегі қып-қызыл қызанақтарда әкесінің маңдай тері төгіліп тұрғандай көрінді маған. Г.Емб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАҢДАЙ ТЕРІ КЕППЕДІ
Тыным таппай еңбек етіп күн кешті. * Істейтін жұмыс көп те еді. жаз бойына диханның, қолынан түспеді кетпені, маңдай тері кеппеді. А.Асылб.
МАҢДАЙ ТЕРІ
Ауыр жұмыстың ақысы. ~ Өткеннен бізге жеткен әрбір ұлы еңбек — бабаларымыздың маңдай тері, ой-сезімі, талабы мен талантынан туған асыл мұрасы. Ш.Уәл. ~ Тіпті, өзгенің маңдай терінен де қорқып қалады үнемі, Нақақтан аққан көздің жасы екен деп шатасып… Т.Әбдікәк. ~ Істейтін жұмыс көп те еді. жаз бойына диханның, қолынан түспеді кетпені, маңдай тері кеппеді. А.Асылб. ~ Сапар үйіндегі әр жиһаз, мүлікте біреудің маңдай тері, адал еңбегі бар- ау. М.Сүн. ~ Ең болмаса, өзіміз көріп жүрген, маңдай теріміз төгілген осы совхоз да емес, жат жерге қалай барамыз? Өзі де жетісіп жатқан жер емес дейді ғой, — деп, келіншегі де зыр-зыр еткен еді. К.Жүн. ~ – Осеке-ау, шапқан шөбің – адал еңбек, маңдай терің. Совхоз шөбіне қол сұғып жатқан жоқсың, сенің арбамен тасыған өз шөбіңе кім көз алартар дейсің? З.Жек.
МАҢДАЙ ТЕР, ТАБАН АҚЫ
Адал, ауыр еңбекпен тапқан табыс туралы. ~ Ел көреді, жер көреді. маңдай тер, табан ақысына тапқан ақшасының қызық- ау, тұңғыш рет игілігін көреді. О.Бөк. ~ -“Бөріктінің намысы бір” дегендей, Шығайбай мың біткен бай деп сыртыңнан көп естуші едім, сен үшін төккен маңдай тер, табан ақым атаусыз қалмас, — деп күлім қақты. П.Дүйс. ~ Бұлар ғана емес, мал дейтін малы жоқ, таза тақыр кедей, өзінің маңдай тер, табан ақысымен ілдалап күн көретіндер де қосақ арасында кететін көрінеді. Ұ.Досп. ~ Ешкімге қиянаты жоқ, өтірік-өсекке, мақтанға, кеудемсоққа бармайтын, зорлық-зомбылықты сүймейтін, тек өзінің адалдығына, тек өзінің маңдай тері мен табан ақысына сүйенетін мейірімді жандар. Ш.Мұр.
МАҢДАЙ АЛДЫ
Елден ерек, жұрттан көш ілгері. ~ Өзі де ішуін біржола доғарып, маңдай алды ұстаздар сапына енді. Т.Берд. ~ Панфиловшылар бағында «қан-майданға» шығып, ақталдықтарды, асаталдықтар ойсыратып жеңіп, факультеттің маңдай алды сұлуы Тасира Нарәли батырдың қанжығасына байланған. Ә.Тар. ~ — Маңдай алды механизаторымыз Мияден Сарғұлов, — деп таныстыра бастаған партком хатшысы Алпамыстың сөзін Мияденнің өзі беліп жіберді. Ф.Оңғ.
- Алдыңғы жақ. ~ Жолаушылардың маңдай алдында Құнанбайдың өзі. Астында семіз сары жорға аты бар. Арт жағы тегенедей жұмыр келген, ақ жал, сары жорға ат көп жорғадай күдіс емес. М.Әу. ~ Маңдай алды батыс жақ ашық еді. Соған қарап көңілін жұбатты. Н.Сер. ~ Маңдай алдымыз – темір жол. Одан ары – Қаратау, одан ары… батыстан қылтиып Манас шыңы көрінеді. Ш.Мұр.
МАҢАЙЫНАН ЖҮРГІЗБЕДІ
Жолатпады. ~ Көлбаршынның маңайынан көлденең аттыны жүргізбейтін, бір тал шөбінің басы сынса, әкесінің құны кеткендей көретін Нұртай енді қайтер екен? С.Ом. ~ Өзі кеткеннен кейін, Егордың қорасына сүзеген бұқа пайда болғанын, жаяу түгіл атты кісіні де маңайынан жүргізбейтінін, талайлардың атын жарып тастағанын Балуан естіген еді. С.Мұқ.
МАҢАЙЫНА ОТЫРҒЫЗБАДЫ
Келіспеді, бойын аулақ салды. ~ Талай рет бағалы сыйлықтар да алып жүрмін ғой адал еңбегім үшін. Соның ішінде алтын сағаттар да болған. Бірақ мен бірін де байлаған емен. Дос-жар, жолдастарға тарту етер дағдыға айналып бара жатқан әдетім, – деп Баржақсы маңайына отырғызбады. С.Шай.
МАҢАЙЫНА ДАРЫТПАДЫ (ЖОЛАТПАДЫ, ЖУЫТПАДЫ)
Біреуден бойын аулақ ұстады. ~ Шікірейген талай жігіттер Жәмиге қырындап, әкесіне сөз салғанда, Тоқсанбай солардың ешқайсысын маңайына дарытпай, қатыны өлген қырқылжың біреуден жең үшінен қалың мал алып, басын байлап қойыпты. С.Ом. ~ Нұртайға арнайы адам жіберіп, жері алынатын болғанын айтқызып, тағы да бір рет алдынан өттік. Ондағы ойымыз, баяғы дау-жанжалсыз, шимай-шатақсыз көндіру еді. Оған Нұртай илікпеді. Ат-тонын ала қашып, маңайына дарытпай қойды. С.Ом. ~ Тобырды жатсынған үйірдегі айғыр көзі шатынап, осқырынып маңайына жолатар емес, ағамызға ұсынған қолымыз жетпеді. Қ.Ысқ. ~ Оның үстіне кемеліне келіп алған Кеңес идеологиясы мен насихаты ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді жер астына қымтап жауып тастап, маңайына жолатпай андып отырған «Хан», «бай», «ата-баба» сөздерін абайлап қана қолдану дағдысы мықтап орныққан, сонау үрейлі жылдардың жаңғырығы әлі де тарамаған. Қ.Баян. ~ Есімбектің үй іші есітіп бұлан-талан болыпты. Шұға не қыла қойсын; таздың ашуын тырнадан алып Базарбайды айдап шығарып жібереді. Мені үйінің маңайына жуытпайды. Б.Майл. ~ Жал-құйрығы төгілген талай сәйгүлікке арқан тастап ұстамақ болып еді, құландай құр жүрген жылқы жалғыз жаяуды маңайына жуытпады. А.Сей. ~ Бөкен шалдың сөзінен, көшеден бергі кикілжіңнен Жәмештің жастарды маңайына жуытқысы келмейтінін сезді. Д.Әш.
МАҢЫНА ДАРЫТПАДЫ (ЖОЛАТПАДЫ)
Бойын аулақ салды, менсінбеді. * Байманды бұралқы көрушілер, оның ауызға ілініп, бай балаларына жаққанын көре алмаушылар, өздерін маңына дарытпай жүрген Күнікейді меңгеріп əкеткенін қызғанушылар немесе құдалардан өздері жол алып, пайдакүнем, өнерсіз күншілдер, тоғышарлар еді. Ж.Айм. * Екінші, атақты манап Мәмет сықылды қу кедейге, қоңсыға қызын бермек түгілі, маңына дарыта ма? Сүйек намысы қайда? Атасының басына манап болып жүр ме? Ж.Айм. ~ Кеңес одағының кезіндегідей арнайы жолдамамен бір жерге жұмысқа тұр деп жібермейді. Жұмысты өзің табасың. Ашпаған есігі қалмады, ешкім маңына жолатпайды. С.Досж. * Паулоны қаны сүймеген жалғыз адам Янумака шал. Янумака Паулоның сыйға ұсынған темекісін де алмады. Маңына да жолатпады. Т.Әбд.
МАҢ ТӨБЕТ
Денелі, үлкен, мал күзететін, қасқыр алатын ірі ит. ~ Құландыда қалған Омардың маң төбеті ғана оқта-текте ұлып, кісінің зәресін ұшырады. О.Бөк. ~ Маң төбеттері үріп, мұржаларынан түтіндері будақтап, қарауытып, мол дүниедей боп тұрған бай ауыл. Иелері Абайға араз, бөтен ауыл. Онда Құнанбайдың баласы баруға жол жоқ. М.Әу. ~ Сәтбектің қасқыр алатын маң төбеті байлаулы тұрады. Өліп бара жатқан Сәтбек жандәрменде «итті жібер!» деп айғай салады. Әйелі итті босатады. Ермакты ит талап өлтіреді. Б.Қыд. ~ Бай ауылының қадірлейтін сақ маң төбеті «сақ» дегізген атақ үшін емес, ауыл қотанға иелік ынтасымен үргендей болады. М.Әу.
МАҢ ДАЛА
Мидай, иен жазықтық. ~ Тіршілік бар жерде, малды ауыл бар жерде сауысқан да бар. Міне, біз де жетіппіз сол бақытқа. Оның үстіне, маң далада бізді кара тұтып келген жалғыз осылар. М.Мағ. ~ Желі ұйтқыған, шаңы ұйтқыған күн астында шыжыған маң далада жүрген ел басшысы жүдеу, өңсіз болушы еді. Д.Дос. ~ Алыс жолдың таусылмас, шетсіз де шексіз сонарында кезеңнен-кезең асып ұласқан маң даланың кеңістігі далия көсіліп ұзақ-ұзақ қиырларға қарай созыла түседі. М.Айым. ~ Желі ұйтқыған, шаңы ұйтқыған күн астында шыжыған маң далада жүрген ел басшысы жүдеу, өңсіз болушы еді. Д.Досж. ~ Петров бастаған он бес жасауыл маң даламен келе жатыр. Б.Тоғ.
