МАЛ ТАЙДЫ

Шаруасы күйзелді, ырысы азайды, кедейленді. ~ Мал тайғалы бес жылға айналып барады. Жұт сөкті. Жылқыны қотыр жайлады. Қойға індет тиді. Бір кездегі қалың топ жылқыдан 6- 7- ақ тұяқ қалды. Ж.Айм. ~ Жерге қарай мал бітіп, Малға қарай құт болмақ. Қонысынан мал тайса, Құты кетіп, жұт болмақ. Айтып-айтпай, немене, Күн өтіп, уақыт біткендей – Сары аурудай сарылып, Өлімді аңсап күткендей. Жулат Баб. ~ Қаза келсе малдыдан мал таймай ма, Ажал жетсе батырдан жан таймай ма. Азар болса, күйеуің жастау шығар, Жарлы байып, жас өсіп қартаймай ма? Нұрым Шыршық.

МАЛ СОҢЫНДА

Мал бағумен өмірі өту туралы. ~ Өмір бойы мал соңында. Құдайға шүкір, мұнда келген соң да біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, еңбегін істеп жүріп жатыр. Өз кіндігінен жеті — сегіз бала бар. Қ.Жұм. ~ Бұл үйге Жаманбай да бас сұғудан қалғалы қашан. Көбінесе мал соңында жүреді. С.Омар.

МАЛ СІЛЕКЕЙІ ҚАЙТТЫ

Ұрланған малын толық өндіріп алмаса да, азын-аулақ есе қайтарды; ұрланған малдың құтын сақтап қалды д.м. ~ Әй, құдайын ұмытқан кәззап! Сен жуандық көрсетпе! Сенің дәуренің өтіп бара жатқан тәрізді. Мен әкеткен құла дөнен осыдан үш жыл бұрын сен ұрлаған менің торы биемнің құлыны! Оған айғағым мол! Ең құрымаса мал сілекейі қайтсын деп, құла дөненді алғаным рас! Қыларыңды қылып ал, кәне! «Иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» деген. Бәрін айғаққа сүйеніп істелік! Ұ.Дос.

МАЛ СІЛЕКЕЙІ

Қалған-құтқан мал тұяғы; маңдайына біткен малдың құт-қадірі. ~ Қыс құрығын сүйретіп, қоспен бірге шығандап ұры мен бөріден қорғап, жаз асауы мен тағысын үйретіп жанталасатын жылқышы байғұсқа сол Тілеуқабақтар не көрсетпейді. Мал сілекейін ұстатар ма! Несін айтарсың. С.См. ~ … алдыңғы елді қуып жетуден күдер үзген Боранқұл күллі мал-мүлкінен тоналып, тұттай болып, мал сілекейінен қалған жалғыз жапырық өркеш сары атанға қос туырлықты қомдап, қара қобыз салынған қара кебежесін теңдеп, Мәликесін үстіне отырғызып, құндақтаулы Ханжігітті алдына беріп, жіп бұйдасынан жетелеп, сыңсып кейін тартты. Ғ.Біл.

МАЛ ОРНЫНА ЖҮРДІ

Зәбір көрді; құқығы аяққа басылды. * Әйелдер мал орнына жүріп жатыр, Жас қызын малға, шалға беріп жатыр. «Бес байтал – әйел құны» деген бір сөз Қармаққа талай жасты іліп жатыр. М.Жұмаб.

МАЛ МЕН ЖАН

Жиған мал-байлығы, бала-шағасы, бар болмысы, бәрі түгелімен д.м. ~ Болар ма мұндай көркем туған адам, Табар ма бұ суретті көрген адам. Мал мен жанды бірдей құрбан қылып, Жетер ме дүние кезіп, соған адам?! БС. «Сейпілмәлік». ~ Күндердің күнінде ысыла түсіп, байды баурап, мал мен жанды билеп кетуге қаупі бар тоқалға күні бұрын қам қылуға мына қас қағысу ойда жоқта бәйбішеге түскен олжа еді. І.Жанс. ~ Құшақтасып моланы «Қош мекен» деп шықты шу… Соқты қырдың бораны, Жұтқа ұрынды мал мен жан. І.Жанс. * Өлкемізге жүз жылда бір айналып соғып тұратын жер сілкінісінен соң жұрт енді ес жиып, мал мен жанын түгендеп жатқан аласапыран шақта жанталаса жекешелендіріп, айналасын мейілінше кең қоршап алған алағай да бұлағай аулалы, үгітілген іргетасының қисықтығы ұсқынсыз шатырының алыптығынан байқалмай тұрған үйімнің алдында отырғам. Ғ.Боқаш. * Жайықтың бергі бетінде орналаскан он екі ата Байұлынын елін Еділ бойының қалмақтары тұтқиылдан келіп, көптеген мал мен жанын шауып алып кетіпті. Б.Тɵлеу.

МАЛ ҚҰЛАҒЫ САҢЫРАУ

Ешкім естімесін, білмесін; арамызда болсын, жабулы қазан жабуымен қалсын д.м. ~ Аңнан қайттыңдар ғой тегі. Осы күні қыздар да желігіп, мылтық атып аң аулайтын көрінеді, мал құлағы саңырау. Аял бала мылтық ұстады деген не сұмдық. C.Жүн. ~ … жалғыз-ақ көңіліндегі осы түйткілді ол іркіп қалған. Тіпті айтуға арланған. «Мал құлағы саңырау» деп аузын тиған. Ж.Сам. ~ Оның үстіне кешірілмес күнә – баласының өлімінен кейін мүлде жіби қоймас. Жібитін жөні де жоқ-ау. Мал құлағы саңырау, сұмдық іс. Ү.Жәл.

МАЛ ҚУДЫ

Дүниенің соңына түсті. ~ Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Абай.

  1. Мал ұрлады. * Адамды да, жылқыны да тоғанақты да қайтарамыз, шарт:аяққа жығылып бұдан кейін мал қумайтын болып ант берсін, бұдан бұрынғы әкеткен малдың бәрінің озын-көзі жоғының санын толтырып қайтарсын ـــ дейді деді. Б.Жұм. * … сенімді деген төрт азаматты жақындағы ауылдан мал қуып әкелуге бір орыс әскері бастап кетті де басқалар оралғанша мынау қызғалдағы құлпырып, даласы түрленіп жатқан тау жынысындағы бастау басында аттарын жайылта аялдап қалды.. Б.Жұм.

МАЛ ҚОЛДА, ЖАН ҰЯДА

Уайым-қайғысыз, төрт құбыласы түгел. ~ Мал қолда, жан — ұяда тұрған шақта, Тұрады айтқан сөзің жарасып-ай. Немене айтып-айтпай, тәңір деген, Дүние бастан өтіп барасың-ай. Шернияз.

МАЛ ҚОЛҒА ҚАРАДЫ

Ауа райының ыңғайсыздығынан мал далаға жайылмай, қорада ұсталды. ~ Иә, сонымен қыс қатты болды. Жерден қайран болмады. Қара мал қолға қарады. Аз ғана пішенді аз күнде-ақ бітіріп алды. Бір уыс шөп бір ділдаға да жоқ. Ж.Айм. ~ Әбдінің айтуынша, жол бойы Балта-Орақ, Мұқыр, Арқалық, Күшікбай, Қанай – бәрінің тұсында қар орасан қалың, мал қолға қарап қапты. М.Әу. ~ – Ендігі жалғыз шара – қорадағы пішенге қарату ма? Мал қолға қараған соң не шыдайды? Ондай пішен қоры мол ауыл бұл өңірде жоққа тән. М.Әу.