МАЛ КӨЗДЕДІ (ҚАРАДЫ)

Жоғалған малын іздестірді. ~ «Шынында да пәле- жалам ұрпақтарыма тиіп жүрмесін» деген ойға келіп, енді мылтық ұстамауға өзіне өзі серт бергендей болған. Мал көздеген болып, біраз жүріп үйіне оралған. К.Сег. ~ Белгі қазығын қаққаннан кейінгі бесінші күні Кеңес қарт мал көздей шығып, «о дүниелік тұрағына» екінші рет қадам басты. Ж.Шәк. ~ Соның алдында ғана есік алдына керіле шыққан мен де, мал қарап келіп аттан аударыла түскен Алмұқан аға да, оның бие сауып жатқан салпыетек сары бәйбішесі де, барлығымыз бірдей аңтарыла мойын бұра қалдық. Ж.Қор.

МАЛ ЖИНАДЫ

Байыды, ауқаттанды, мал-дүниесін көбейтті. ~ Бұл маңайда оның туған-туысқан, жақын-рулас ешкімі жоқ, әкесінен қалған мал-мүлік және жоқ. Неге оралды? Түсініксіз. Етек-жеңі кең елі жиналып, мүмкін, мал жинап, байиын деген шығар. Ә.Тар. ~ Қасқырбай тобы тамақ жеп, қымыз ішіп, төменгі жаққа аттанып кеткен соң: ― Е-е, бұлардың бәріне мал, астық, тамақ керек! – деп күрсінді әлгі шал. – Біреу тер төгіп мал жинайды, біреу мұқтаж айтып жан қинайды… Б.Тоғ.

МАЛ ЖАНДЫ

Малын көбейтуді ғана мақсат тұтқан адам туралы. ~ Keп былай: Мұсабай жаңадан байыған, мал жанды, қалтырауық адам болатын; (бұрын қаланың жатағы ғой, қатыны да жатақтың қызы ғой). Ж.Айм. ~ — Бәрекелді! Мүйізді неге кесем? Неге мал жанды адам бұлай етеді? Менің де мал жанды болғаным ба?— деймін. Х.Есен. ~ «Жақсылардың» бұл қаңқулап отырған Мүсірәлісі, құдасы келінін бермейтін болған соң, байдан жәрдем сұрай кеп отырған кісі еді. Партияда бес түндікті артынан ерте алмайтын, ағайынға сүйкімсіз, мал жанды, қарау адам еді. Ж.Айм.

МАЛ ЕМШЕГІН ЕМДІ (САУДЫ)

Малмен күн көрді. ~ Өкінішім, – деді Абылай күрсініп. – Өз басымның өкініші… Үш жүздің басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. І.Ес. ~ Мал емшегін еміп, ата кәсібінен қол үзбегенімен шаңырағымызда әжептеуір егістік жер болды. Ы.Дәб. ~ Сарысудан көк суға Көтеріле ауған ел, Баяғыда шөп шыға Мал емшегін сауған жер. Ғ.Қай.

МАЛ ДЕСЕ ІШКЕН АСЫН ЖЕРГЕ ҚОЯДЫ

Бар ойы малда д.м. ~ Мынау тегін үріп тұрған жоқ. Сенің «дәулетім… маңдай терім» деп мал десе ішкен асыңды жерге қоятыныңды сезеді. Малыңа бірдеңе болмасын, әлгінде соның соңынан кеткен. М.Сүн.

МАЛ ДЕСЕ ЖАНЫ ҚАЛА МА

Мал үшін жанын беруге дайын д.м. ~ Нұржан өжет еді. Ауылдағы бар азаматты жинап алып, атты казактардан бізге қайыр жоқ, елдің қанын ағызып келе жатқан жауыздардың ретін тауып, көзін құрту керек дегенді айтты. Мал десе жаны қала ма, жылқының жауы екен дегенді естіген соң, Естөре де бізге қосылды. Т.Әбд.

МАЛ ДЕСЕ

Біреулдің малға, дұниеге, байлыққа деген ықыласы туралы. ~ Өздері екі-үш әйел екен, өңдері жүдеу, киімдері тозған, ас-ауқаттары да бітіпті. Бірақ мал десе, жаңа туған төл десе астындағы ас-ауқатын аямауға бар. Мұндай адамдарға қалай жаның ашымасын! Б.Тоғ. ~ Анау Байбаланың қоғам малы үшін өмірін қиғаны, мынау Асылханның мал десе жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретіні — сондай тәрбиенің нәтижесі. К.Қаз. ~ Мал десе тісіне дейін тексеретін қазақ емес пе, ұрғашы ма, еркек пе деп артына саусағын жүгіртсе: «ойбай, ұят болды – ау» деп секіріп кетіп жоқ болыпты. Қ.Ысқ.

МАЛ БОЛМАЙДЫ

Жазылып кетуі, оңалуы дүдамал; үмітсіз. ~ Бесатардың оғы — шыққан жерін алақандай қып үңірейтіп, жұлып әкетеді. Емдеуі келіспей, асқынып кетсе, ол оқ тиген адам жуырда мал болмайды. Ж.Айм. ~ Жақан оны ырғай сапты
найзасымен қолма-қол аттан түсіріп кетеді. Найза қата тиіп, қуғыншы батырдың сүбесін айырады. Жақан оның мал болмайтындығын біледі. Р.Кар. ~ Күндіз- түні зар қақтырған ауыр азаптан өлер болған Қыдырман, мұнан әрі аяғының мал болмасына көзі жеткен соң, саусақтарын жаңғырыққа салыпты да, өткір балтамен тегіс қырқып шауып тастапты. С.Мұр.

  1. Жөнге келуі, іске жарауы екіұдай. ~ Сонымен қатар Көксерек жайында ауыл-үйдің қатындары әр алуан өсек те таратып жүрді. — Ұры. Асырасаң да, мал болмайды. Тұқымы жау емес пе! — десті. М.Әу. ~ — Анау бір топ қара шырша үйездеген малдай бір — біріне бұйығып өсіпті, бірақ түбі мал болмайды, өйткені тым тығыз, қорегі аз. Қ.Ысқ.
  2. Адам болмайды, түзелмейді, осы кеткені кеткен д.м. ~ Мұны көрген Періште: «мыналарың мал болмайтын жұрт екен, жүдә!» деп қолын сілтеп теріс айналады. Т.Сәу.

МАЛ БІТТІ

Дәулет қонды. * Бейнет, күйігі, ызасы — сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Абай. * Әкем жарықтық өмірінің ақырына дейін ел арасында «Тура Момыш» атанып кетті. Қанша жыл аз ауылдың кішігірім әкімі болса да, бүйірі томпайып, мал біткен емес. Б.Мом.

МАЛ БАСЫНДА (ОТЫР)

Мал бақты д.м. ~ «Бижамалдың озат сауыншы екені рас, бірақ еңбек көрсеткіші жағынан Жаңабек те кем түспейді. Әйелі де, өзі де мал басында. Б.Тоғ. ~ Бұрнағы жыл. Мезгіл, дәл осындай қыркүйектің басы — балалардың оқуы басталатын кез. Енесі Жайбасқан дәл осы Қара түйемен Түгелбек, Үмітті ауылға алып кетті де Хансұлу мал басында жалғыз қалды. С.Ел. ~ Жылда интернатта жатып оқитын Ханзаданы Сыр бойынан үш жүз шақырым Қызылдың қиясында мал басында отырған әке шешесі биыл қоярда қоймай күзге салым совхоз орталығына көрші ауылдан көшіп келген немере ағасының үйіне шығарған-ды. Н.Сер. ~ Ел құлағы елу, Күміске істеген Қоңырқұлжаның жауыздығын Есіркеген де естіген. Туған қарындасын қорлағандай, іштей өте қынжылған. Өйткені ол былтыр оқуға бара жатып, мал басында отырған әбдіуақиттың үйінен сусын ішкен. І.Ес.