МАЛДАН ӨЛДІҢ БЕ

Дүние, мал үшін ардан бездің бе д.м. ~ Қатынға келіп айтты дейді: – Алда, Ораңқы, оңбай қал! Сен — Ораңқы қатын, болмай қал! Сенің өңірің толған пулың бар, долы — ай! Өрісің толған малың бар, долы — ай! Сен малдан өліп кеттің бе, долы — ай?! Пұлдан өліп кеттің бе, долы — ай?! Не жеріңде кемің бар, долы — ай?! Ә.Марғ. («Көкетай хан…»)

МАЛДАН ҚҰРЫҚ, БАСТАН СЫРЫҚ ТҮСПЕДІ

Әбден басынып, қорлады, күн көрсетпеді. ~ — Мынау елдің пәлесі тыйылар түрі жоқ. Тыныш отырып, мақұл кісі болайық десек, малымыздан құрық, басымыздан сырық дегендей арылар емес. Ел істегенді біз де істейтін кезге келдік білем, Бақтығұл. М.Әу. ~ Осы ит не былшылдап отыр? Құдайдың жазғанынан артық не қыламыз, екінші кісіге береміз десең, Байжан болыстармен қосылып, біздің жанымызды қоя ма? Малымыздан құрық, басымыздан сырық түсіре ме? М.Дул. ~ — Мұндай іс, білемісің, жаман атақ, Бармасаң да береді байлап-матап. Малдан құрық, басынан сырық кетпей, Бермесе дау көбейер болып шатақ. С.Тор. ~ Байжан болыстармен қосылып, біздің жанымызды қоя ма? Малымыздан құрық, басымыздан сырық түсіре ме? М.Дул. ~ «Төрелер мені басынды, малыма пышақ жұмсай бастады, егер алғашқы адымында тыйып тастамаса, олар малдан құрық, бастан сырық айырмауға кірісті… С.Мұқ. ~ Атқа мінгеннің жөні осы екен деп, малдан құрық, адамнан сырық түсірмей әбден сілікпесін шығардың. Аузымды қышытпа. О.Бөк.

МАЛҒА САТЫЛДЫ

Пайда үшін арын сатты. ~ — Әке, сізге бақты Құдай берді, осы ел беріп жүр ме? Сізді ел тастағанмен, нашандік уез тастамайтын болған соң, бәрі де амалсыз малға сатылып жүрген жоқ па? Шәк. ~ Мен осы сөзді бастай бергенімде, Айғаным шынтағымен түртіп қалып: — Қойшы әрмен! Мен малға сатыламын деп отырмын ба. Әуелі ағамның алдынан өтейік. Онан өнімді ештеңе шықпаса, қаладан төрт-бес жігіт әкеліп, мені алып кет. Мен дайынмын!— деді. М.Дәу. ~ Байғұс бала-ау, білмеймісің қазақтың ғұрпын?— деп жауап береді әңгімелесуші адамым,— жат жұрттыққа жаралған емес пе, қыз байғұс? Бойжеткесін малға сатылып кетпей ме ол? С.Мұқ.

МАЛҒА ӨШ

Малсақ; малға құмар; дүниеқоңыз. * Қартқожа алақтап, сасайын деді. Сонда да жүрегі артық қорықпайды. Кісі мінген шығар деген ой жеңе берді. Жеңілтек малға өш болушы еді. Кедейдің малына кедей өш болушы еді. Ж.Айм.

МАЛҒА ЖАЙ (ЖАЙЛЫ)

Оты мол, суы мол, мал бағуға ыңғайлы жер. * Алты жыл өтті арада.Сол жылдары Сырлыбай, Жерге көшіп малға жай, Саркөлді келіп жайлаған, Көгіне бие байлаған. «Қыз-Жібек». ~ Алды-арты салт мінген нөкерлер. Ойжайлаудағы  ақ  үйлерді  көзі  шалған  Бөлен:  «Таң  біліне  кеткен  көш  те жетіпті-ау. Ойжайлаудың шалғыны мол, шөбі қалың шыққан екен. Жері де, суы да малға жайлы болатын еді», – деп ойлады. Ә.Шәр.

МАЛҒА БӨКТІ

Байлық-дәулетке кенелді. * Екінші — ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады. Абай. ~ – Бәрекелде! Кешеден бергi кеңесiмiз өзiңе сондай бiр жақсы түйiн түйгiздi- ау. Мынауың бiр мақал болатын сөз ғой. Ақыл – малға бөккен бай-бағланда емес, азаппен сор кешкен жаралы, жарлы ойлыда десеңшi! – дедi. М.Әу. ~ Енді, міне! Бақсам, бір Қаумен емес! Айналада, ойдым-ойдым аралдай боп, байлығына, барлығына мәз болған кей атқамінер пысықты, малға бөккен арамтамақты қайтейін. Ол, өзің білесің, баяғыдан менің туысым да, татуым да емес. М.Әу. ~ Көтеріліп алған иығы мен кеудесі мынау отырған барлық адамнан асып, биік тұрғандай. Малға бөккен, киім-бұйымға бөленген мырзасымақ, байсымақтың бәрінің ажары болымсыз, жүпыны киім ішінде болса да, халықтан шыкқан Базаралы қасиет ұлындай. М.Әу.

МАЛАҚАЙЫН АСПАНҒА АТТЫ

Қатты қуанды, шаттанды. ~ Сол азының өзі «Ойбай, Есберген келді! » деп малақайын аспанға атар деймісің? Бірінші күні «Қытайдан келді» деп қарсы алар, екінші күні «Қытай келді» деп жар салар. Тірі болсақ, оған құлағымыз үйренер әлі. Д.Әш. * — Құдай оңдады, малақайыңды аспанға ата бер. Ауыл секратары шырғаға өзі келіп түсті. Қанат қолына қондырып алды оны. Т.Рыск.

МАЛ ШАШТЫ

Жиған байлығын, малын орынсыз жұмсап, шығынға батты. * Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары — ол да екі талай. Хош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Абай. * – Мал шашып жатыр ма, әлде мал жинап жатыр ма, кiм бiлген. Екеуiмiзге екi-үш күн етке тойсақ болды емес пе?! – дедi қаба сақал өгiз мiнген сарыны жаратпаған қалпы. Қ.Сегізб.

МАЛ ТӨГІЛДІ (ТӨКТІ)

Әлдебір мақсатқа қол жеткізу үшін барын салды, байлығын шашты. ~ …Бір жұма өтті ме, жоқ па, ұлы дүсір той болды. Көкпар тартылды. Балуан жығысты. Мал төгілді. Ақша жиылды. Қасым қажы ақсақалдардан бата, қатын- баладан ырзалық алып, азықтүлігін қамдап, ақ жолға сапар шекті. Ж.Айм. ~ Қыздың құнсыз шағы. Кімнің малы көп болса, кім беделді болса, қалын малды төгіп беріп, қалаған қызын ала беретін шақ. С.Мұқ.

МАЛ ТАПТЫ

Пайдалы іспен айналысты, табыс тапты. ~ Омарды жұрт қалай дегенмен, ол қара күшке, жұмысқа мықты болған соң жүрген бай мұжықтарына жағымды болып, мал тауып, көк көйлек, қызыл көйлектетіп, бешпент, шалбар киіп, белін көк баумен буып, тәуір киініп жүрді, үйіне де жәрдем қылып жүрді. Б.Май. ~ Мен ес білгеннен кейін сол ағаларыммен бірге саудагерге жалданып, мал табуды кәсіп еттім. С.Бег.