МАДАҚ СӨЗ

Марапат лебіз, мақтау пікір. * Сізге, сіздің жүзіңізге қызығып, бірер мадақ сөз айтсақ, оған өзіңіздің көріктілігіңіз, күн жүзіндей нұрыңыз айыпты,— деп Ақан сәл ғана езу тартқанда … С.Жүн. * Десе де, құдайшылығын айтыңызшы, біздегі жан- жақтан құлақ тұндыра гүмпілдеген ылғи өтірік, ылғи мадақ сөздер кісіні мезі қылмай ма? Қ.Жиенб. * Мұндай мадақ сөздер Едігенің құлағына, әрине, жағып бара жатыр. Ш.Айт.

МАДАҚ ЖЫРЫ (ӘНІ)

Марапат, қошемет, ода. * Жол жиегіндегі жусанды даладан шаншыла тік ұшып шыққан бозторғайлар аспан төріне ілініп қалған күміс қоңыраудай, жаздың жылы шуағымен өсіп- өнген тіршіліктің жүрекжарды мадақ жырын төгеді. Қ.Жұм. * Бармақтай ғана әнші құс шырқау биікке шығып алып, аспан төсіне ілініп қалған күміс қоныраудай қанатын тынбай қағып, көктемнің мадақ жырын төгеді. Қ.Жұм. * Дала таңы ұзақ баптанып атады. Атқан таңға жұдырықтай бозторғай мадақ әнін айтады. Сол атқан таң, шыққан күн, сайраған ән бұрын да болған, бүгін де бітпейді, ертең де жоғалмайды. С.Смат.

МАДАҚ АЙТТЫ (ЕТТІ)

Қошемет білдірді, мақтады. * — Сәке, сен аузыңды таза ұстадың. Ішкен жоқсың, — деп үй иесіне соңғы рет қарап, мадақ айтты. Қ.Түм. ~ Ақша бұлттай сағына құшқан шыңды, Жүрегім сансыз сазды ұстар сынды. Тоқсан түрлі тараптан ұшып келіп, Аллаға мадақ айтқан құстар сынды. О.Тұрж.

Мақтады, үлгі тұтты. * Оны ізшіл, жолшыл жан деп ел мадақ етеді. С.Жүн. ~ Жаһал кісі мадақ (мадах) етпес. Мекер өзі ұқсас (ұхшаш) жаһалды (жаһылын) мадақ етер. М.Ж.Көп.

МАҒЫНА ЖОҚ

Ісіңде пайда, мән жоқ, бәрі бос тірлік д.м. * Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса, Мал ғұрлы мағына жоқ тұрысыңда. А.Байт. ~ Сайаси жолындағы бізге жылы көрінетін бір негізді пікірі мынау: «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды. Олай болса көп ұлттан құралған Ресейді бір орыстың билеймін дегенінде мағына жоқ. А.Байт.

МАҒЛҰМ ЕТТІ

Жариялады, хабарлады, мәлім қылды. * Пайғамбардың сүнәті ғой, сен де рұқсат бер, ағайыным, сіздер осы жұмысты қолға алыңдар, міне, біраз қанағат бар ғой. Мен енді бел байладым, — деп ақырғы сөзін мағлұм етті. М.Дул. * … Дүйсебек, Жүніс, Hұpмaш үшеуі бір айдың ішінде тауып беруге міндетті болады. Егер тауып бермесе, әр қайсысы екі айдан түрмеге отырады, — деп мағлұм етті. М.Дул.

МАҒЛҰМ БОЛДЫ

Жұртқа аян болды. * Жарты сағат болмай-ақ, сол жайлаудағы елге «ертең ерте осы жерге крестьянский начальник келеді» деп мағлұм болды. М.Дул. * Халқы мол, қатынасы жақсы, яғни, әкімшілік күшінде тұрған аймақта менің аман жүре алмасым мағлұм болған. М.Мағ. * Жамал бұл өлеңнін, мазмұнына түсініп және де өзіне бұл жігіттің ойынан өлең айтарлық өнері жоғы мағлұм болған соң, әуелі бір ауыз өлең айтайын, сонда не дер екендеп айтқаны. М.Дул.

МАҒДЫРЫ ЖОҚ (ҚАЛМАДЫ)

Шамасы жетпейді, әлі жоқ. * Жүкең кенет басын жұлып алды да: – Мен бара алмаймын. Ана жотаға барып келе алатын мағдырым да жоқ. Биыл өзімнің де белім кілтілдеп, екі тізем бастырмай, халым азайып барады, – деді де мұңайып қалды. Ж.Сәмит. ~ Сол қалпында мелшиіп отырып қалды да, сонан соң көтерем малдай орнынан созыла әрең тұрып, қабағын қарыс түйген бойда мағдыры қалмаған дәрменсіз зілдей ауыр аяқтарын зорға қозғап, ауыл сыртындағы қара төбеге таман ақырын ілбіп, аяңдап жүрді де кетті. Ж.Сәм.

МАҒАН САЛСАҢ

Менің пікірімді сұрасаң д.м. * Маған салсаң, шоқынып кет. Бірақ төрінен көрі жақын әке-шешеңнің де қамын ойла, балам… О.Сәрс. ~ Барымташылар құн даулап Әділ төреге жүгінген. Төре Қабанды шақыртып: «Құнын неге қайтармайсың?» — дегенде, ақын ойланбастан: Ұрыға құн жоқ, Ұрыға құн болса, момынға күн жоқ. Өзі ізденіп келіп, өлген немеге, Маған салсаң, дым жоқ! – деген екен. Б.Тоғ.

МАҒАН НЕ ЖОҚ

Менікі не, осы маған жарасатын қылық па деген мағынада. ~ Бикен аңтарылып: ─ Көтек, маған не жоқ! Тіпті жайласып отырып аппын ғой, шығар менен неше түрлі, – деп өзіне–өзі таң қалып, басындағы жаулығын жөндеген күйі үйден асығыс шыға жөнелді.’ Т.Әбд. ~ Мынау қызық екен, – деді Асқар өз ойына өзі елігіп. – Яғни осының бәрі өзімнің ел ісіне араласпай, көкпарды тартатын адамдар бар шығар, маған не жоқ деп, өмірден шеттеп кеткенімнен, айтыса алмағанымнан, күресе алмағанымнан болды ғой… Т.Әбд. ~ Сіз бармасаңыз, маған не жоқ? Мен де бармаймын, — деді Әсем назданып. Қ.Жұм. ~ «Маған не жоқ‚ айдың күні аманда әкесі белгісіз дүбараны өмірге әкеліп…» Қ.Түм.

ЛЫПЫП ТҰР

Дайын тұр; жанығып тұр. * Әрдайым тізгінін созып жіберіп, басын шұлғып тастап көңілді аяңдайтын Аймаңдай, бүгін тіпті жеңіл басып, дәл жел қайықтай лыпып тұр екен. М.Әу. * Жігіт деген әрқашан әмбебап, әрқашан лыпып тұрмаушы ма еді… Қ.Найм. * Ендеше, ендігі сенделісі не? Әлде су төгілмес жорғадай лыпып тұрған алғашқы әсер сейіліп, боямасыз жұп өмір басталды ма? М.Қаб. * — Обкаткадан өткізіп жүрміз. Қайда салсаң, сонда лыпып тұр. Жарыса қалса «Волгаңнан» қалыспайды. М.Қаб. * Мұрынын тескен тайлақтай жетелеген жаққа лыпып тұрды. Т.Сәу.