Ширақ қимылдады; құрақ ұшты. * Мырзаның арғы жағын аңғара алмай дал болғанда ел ішінде «алып кел», «жұлып келінде» жүретін епті жігіттер көбіне-көп, бет ажарын бағып, қасы-қабағының ыңғайымен айналып лыпыл қағып тұратын. Ә.Нұрп. * Дастархан жасап, шай құю – жаңа түскен келiн үшiн үлкен сын, ата-енемнiң көңiлiнен шықпай қалам ба деп қобалжу да жоқ емес. Бетiнiң ұшы албырап, жаудыраған жанарында үркек ұшқын лыпыл қағады. Т.Сәу. * Енді сол ауыз жеткізбегенді лүпілдеген жүрек, дірілдеген дене, денедегі лыпыл каққан сансыз тамырлар қосыла айтып, Меңтайға асыға баяндап жатқандай болады. Ә.Нұрш. * Сара – әкел дегенін әкеліп, апар дегенін апарып, лыпыл қағып жүгіріп жүреді. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ЛЫПА ЖОҚ
Түгі жоқ; тыр жалаңаш дерлік. * Қойшы да тұтқыштай қара, жарғақтай ысқаяқ, кір тон, дамбалдан басқа лыпа жоқ. Күп-күрең қара қайыс арқасы күнге шағылысып, желінді шеңгелдей ұстап, анда-санда құлаштап бір қойып қалады. Ж.Айм. * Шоқан көл жиегіне келгенде қараса, қаптап кеткен адам және кілең әр жастағы еркектер, әйел көрінбейді, бәрінің де киімдері жыртық-жамаулар, бері де жалаң аяқтар, көбінің басында лыпа жоқ… С.Мұқ. * Бір жаппаның алдында тақыр жерде қол-аяғы шидей жас сәби манадан бақырып жылап отыр. Үстінде ит көйлектен өзге лыпа жоқ. Б.Соқ. * Екіншіден, үстімде тоқыған жүн шалбар, жүн шекпеннен басқа лыпа жоқ. Соғыс біткен жылғы керемет таршылықты кім ұмытты дейсің. Т.Әбд.
ЛЫПА БОЛМАДЫ
Жалаңаш денесін жаппады; пана бола алмады; жылытпады; қорғамады; қамзау болмады. * Айтқанындай — ақ, Қарымсақ басымен, осы үйде бір қабат жамылшы — төсеншіден өзге атқа тоқым, адамға лыпа боларлық нәрсе жоқ қой. Ж.Ахм. * Қай қамауға түспеген Дәркембай еді. Бірақ адам темір емес қой. Көңіл қайратты болғанмен, көне шекпен етке лыпа бола ма? М.Әу. * Үстіне кигені ағасы Сейдештен ауысқан ескі пальто еді. Өзі ескі, өзі кең киімде қайбір лыпа болсын, етектен үрген жел қойын-қолтығын қуалап, жонарқасы бір жылынбай, мұздайтын да тұратын. Д.Әш.
ЛЫП ЕТТІ
Көз ілеспестей шапшаң қимылдады. * Сасқалақтап қалды. Санжар бозбала тұсына іздеу салып, лып етіп жетіп келген тілмаш қыздың соңынан ілесті. Д.Дос. * Ойлап-ойлап кешегі Протокол хатшысының езуіне лып етіп шыға қалған арам күлкінің астарлы сырын жаңа тапты. Д.Дос. * Нәті жуас ат, көзі ойнақшып тырп етпей тұрып қалды. Аттың омырауы астынан екінші қапталына лып етіп өтіп, үстіндегі кісіні итеріп жіберді. М.Әбдіх. * Сәлден соң Бектас орнынан жылдам көтеріліп, бетін Айжанға көрсетпестен, лып етіп бөлмеден шығып кетті. С.Дос.
ЛЫП (ЛҮП, ҮП) ЕТКЕН ЛЕП ЖОҚ
Желсіз, тып-тымық күн райы туралы. * Бұзаулар жайылатын жаққа қарай жайлап басып келе жатырмын. Лып еткен леп жоқ, қапырық. Б.Соқп. * Көзі жасаурап кетеді. Білегімен сүрте сап, қайта тесіледі. Сол жып-жылмағай тұп-тұлдыр кеңістік. Лүп етер леп те жоқ. Ә.Кек. * – Жел соққанда ғана дыбыс шығарады, – деді. Жел түгілі шөп басын қозғар үп еткен леп жоқ, тымырсық. Т.Сәу.
ЛЫҚА (ЛЫҚ) ТОЙДЫ
Құныға, аузы-мұрнынан шыққанша жеді. * Мен аштық туралы оқығаным, естігенім бар, әліме қарап, сыпайы-лап ішсем де, лықа тойып отырғам, жаңа бір жазаға бұйыратындай қобалжып едім, ешкім зорламады. М.Мағ. * Көз алдым күңгірт тартты, далада жауын жауған секілді. Тұрдым да сыртқа беттедім, витамині көп бірдеме жеуім керек, шығыс орамдар жақта арзан дәмханалар көп болатын, қазір барамын да лықа тойып алам. Дж. Сэл. (ауд.) * Жаңа ғана ішімнің құртын қоздырып, ес-ақылымды алған ыстық нан енді тамағымнан өтер емес. Кейуананың кейісі жоқ сөзінен ұялғаннан ба, өз-өзімнен лықа тойып қалдым. * Дәм үстінде ұзын тұра шарапқа лық тойып алып ұзақ сөйлеген … А.Смай.
ЛЫҚ ТОЛДЫ (ТОЛЫ)
Кемерінен аса толды, сыймай кетті; ине шаншар жер жоқ. ~ Жаңа шешесін Ақбілектің қасына таман әкеліп отырғызған еді. Сара Ақбілектің алдында, әкесі еркектермен төрде отыр еді. Қатындар қамалап, балалар анталап, үй-іші кісіге лық толды. Ж.Айм. ~ Абай сәлем беріп үйге кіргенде кең үйдің іші лық толған кісі екен. Биік төсектің алдында бар жиыннан иығы асып, ақ көйлегінің омырауын ашып тастап, төс жүнін көрсетіңкіреп әкесі отыр. М.Әу. ~ Үй лық толы қонақтардың ішінде Асылбай да бар. Ә.Шәр. * Айыл күндегіден көңілді. Тұс-тұстан аттылы, жаяулы шұбырған кісілермен ауыл лық толған. Ж.Айм. * Гүлжан кітапқа лық толы қызыл күрең шкафтың оң жақ шеткі жәшігінен қол басындай әдемі күміс қобдиды алды. C.Ом.
ЛЫҚ ЕТТІ
Арнасынан асып, төгіліп кетті. * – Былай етсек қайтеді, батыр аға, Ана арда күреңді сіз-ақ ат қып мініңіз,- дей бергенімде ерік бермей көзіме жас лық ете түскен еді. Ж.Сәм. * Алпыс екі тамырдан атойлап шыққан бір ағын лық етіп төбесіне келіп тізгін тартқан Алтынай басын ұстаған күйі отырып қалды. Қ.Түм.
ЛҮП ЕТКЕН ЖЕЛ ЖОҚ
Тымық, желсіз, маужыраған сәт. * Енді сақа ешкілерге тап бергелі тұрып, жан-жағына тағы бір рет көз жүгіртіп еді ― сол баяғы лүп еткен жел жоқ, тылсым дүние. Ә.Кек. * Танауына әлдеқайдан бір тәтті иістің келе қалғаны. Жел алып келді дейін десе, лүп еткен леп жоқ. Ә.Кек. * Күнгей бетін тау қоршаған қалада лүп еткен жел де жоқ. С.Досан. * Май айының соңғы күндері еді. Қала ішінде лүп еткен жел жоқ, маужыраған тымық кеш. Д.Исаб.
ЛӘМ ТАҚЫР
Түгі жоқ. * Қатынекең қайтып келсе бөкеннің мүйізі орнында жоқ. Мүйіз ғана емес-ау, сыртындағы торғын көйлек, Жібек дамбал дегендердің барлығы ләм тақыр… Ғ.Біл.
