Ешқашан ымыраға келмейтін, өмірлік дұшпан; ата жау. * Мен Шың Шысаймен өмір-бақи отаса алмаймын.Ол –екі дүниеде де бітіспес жауым. Ж.Шәк. ~ Дүние байлықтың бір пұшпағынан тартсаң, келесі пұшпағы жыртылады. Мұның үстіне шетел жаулары арандатып, алауыздық өртін, тұтатып билік басындағылар мен халықты бір–біріне қайшыластырып, бітіспес жау еткісі келеді. Д.Дос. ~ Іс тоқтағанмен, күл астында қоз қалған, жабулы қазан астында араздықтың, бітіспес жаулықтың шұбар жыланы қалған. Ә.Тар.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІТЕУ КӨҢІЛ
Рухани меңіреулік туралы. * Артық пейілден гөрі тиынды тебендеп жинайтын ол шіркіндерге көрмейтін, естімейтін бітеу көңіл болу көп пайдалы емес пе. Жан ашырдың ауылы алыстап кеткен дейтін сылтауды ту ғып ұстап алғандар басқаның зарын тыңдар ма. С.См. * Замандас жиып көрмеген, заманы бір дос-жаранның әзілі түгілі, жаттың әзәзілінен де жетім қалған Бекеттің бітеу көңіліне Қылаңхан мен беймағұлым жігіттің бейкүнә назы сіңе қойған жоқ. Қ.Ысқ.~ Ол үрей қашан таусылады? Қашан сейіліп бітеді? Әлде шырмаған үстіне шырмап, торлаған үстіне торлап, мүлде езгілеп, ет өлтіріп, көндіктіріп, меңіреулетіп тастар ма? Меңіреу кеуде, бітеу көңілдер кімге керек? С.См.
БІТЕУ КӨКІРЕК
Ойсыз, сезімсіз жүрек. ~ Бірақ бір жақтан келіп қалатындай бір күшке сенетіндей еді. Ол да бітеу-көкіректердің долбар-далбасасы ғана. Б.Қыд.
БІТЕУ КЕУДЕ, МЕҢІРЕУ КӨКІРЕК
Жүрегі сәулесіз, санасы саңылаусыз адам туралы. ~ Бірі тыңдамаса, бірі тыңдар. Шетінен бітеу кеуде, меңіреу көкірек емес шығар ол дөкей азаматтар да. С.См.
БІТЕУ КЕУДЕ
Сезімсіз, ойсыз, құр көкірек. ~ Енді аңдып қарасаң, құр ғана бітеу кеуде, надан емес. Барып тұрған өздері айтатын фитнәи-ғалам – презренные мира, – деп, Абай жаңағы араб сөзін Әбішке әдейі орысшалап жеткізді. М.Әу. ~ Бірі тыңдамаса, бірі тыңдар. Шетінен бітеу кеуде, меңіреу көкірек емес шығар ол дөкей азаматтар да. С.См. ~ Мені өмірге тау тұлға тіреу көрме, Жұрттың бәрі бұл күнде бітеу кеуде. Р.Нияз.
БІТЕУ ЖАРАНЫ ТЫРНАДЫ
Жанын жегідей жейтін ішке бүккен сырына тиді. * Бегайдардың ересек баласы етене шалдуарлығына басып:– Қошақанды бермеймін, – дей бергенде, әкесі жағынан тартып жіберді. Бітеу жараны тырнаған баладан қапылыс өш алған әке тағдырға наразылығын осылайша білдірді. Т.Әл.
БІТЕУ ЖАРАДАЙ СЫЗДАДЫ (СЫЗДАНДЫ)
Жанын қинаған қайғы-дерт іш құса қылды. * Бұл, әсілі, «есің бар болса, қызметтен өзің сұранып кет» дегенді білдіреді. Бүйтіп бітеу жарадай сыздағаннан айқайласып ұрысқан көп жақсы… Қ.Жұм. * Раушан бұған ешуақытта дәл солай таңырқай сүйсіне, беріле қараған емес қой. Енді тағы да сонау күнгі Мұраттың көзқарасынан туған өзін қорсыну сезімі бітеу жарадай сыздап қоя берді. Т.Ахт. * Мүмкін, ол көмекшісіз де күнімді көрем дейтін шығар. Ондай ойы болса, бітеу жарадай сызданбай, «керегің жоқ, кете бер» демей ме? Д.Әш.
БІТЕУ ЖАРАДАЙ
Жүректегі жасырын қайғы, көкіректегі құса туралы. ~ Бірақ шынымды айтсам, інім, мұны сыртыма бүгін ғана шығарып отырмын. Дүниеде сыртыңа шығара алмай бітеу жарадай іштен дүңкіп, тынып жүргеннен жаман не бар. Б.Қыд.
БІТЕУ ЖАРА ЖАРЫЛДЫ
Ішті күйдірген құпия сыр сыртқа шықты. * Опасыз алдамшы өтіріктің қайсысы есте қалмақ. Әйтеуір бір-екі жылдан бергі бітеу жара жарылып, сасық ірің бұрқ ете түскендей, Шыңекеңнің шірік мерез екенін мына сөзі толық паш етті… Қ.Шаб.
БІТЕУ ЖАРА
Жанды жегідей жеген қайғы; жазылмас күйік; іште тынған уайым. * Ақбілегін жақсы көргені, аяғаны, қызғанғаны, өкінгені, жиренгені, қорланғаны бәрі араласып, ақсақалдың жүрегіне зіл қара тастай бір бітеу жара пайда болған еді? Ж.Айм. ~ Не керек, жақын, жаттың ортасында жалғыз болды. Бітеу жара болды, жалғыз өртенді, жалғыз жылады, дүниеден безді, сопы болды. Бала сұрады, қалайда бала болмады. М.Жұм. * Көңіл білдірмеді, бітеу жара болды да қойды. Күнікейдің үндемегенін апасы көнгенге жорыды. Ж.Айм. * Ол жазғанның қайғысы да, қуанышы да сырттай байқалмайтын бітеу жара болғанымен, басқаға сыр бермейін демейді. Т.Рыс. * Қасапқа көгенделгендей ұсталып жатқандардың обал-сауабы кімнің мойнында? Бітеу жара боп, іштен тынғанша, ақтарылып, арылып алайын дедім. Т.Рыс.

