Біреудің кейпін қабылдап, өзінің шын жүзін жасырды; басқаның атынан сөйледі, әрекет етті. * Амал не, Әупіштерді билік-ке жолатпайды ғой. Еңбекшілердің атынан солардың то-нын жамылған делдалдар сөйлейді. Қ.Жұмад.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІРЕУДІҢ ОТЫНА КҮЙДІ
Біреудің күнәсін арқалады; біреу үшін запа шекті. ~ Алдымен жан күйер қыз ағасы ұмтылмаған соң, біреудің отына күйеміз бе? Біздікі не деген оймен өзгелері де бой тежей берді. Ж.Айм. ~ Қашу бекер ғой. Қашып жүріп күн көре ала ма? — Әркімге жан керек. Біреудің отына біреу күйе ме? Имақандікі ақымақтық. Оның кесірінен ауылына да зиян салып отыр, — деді біреу. Ж.Айм. ~ Өзі бір қанды көз, томырық еді. Мұқаметқали шырағым, саған айтар ағалығым, мен сияқты біреудің отына күйіп жүрме, дегенім ғой. С.Бег.
БІРЕУДІҢ ҚОЛЫНА ҚАРАДЫ
Біреуге, жатқа тәуелді болды. * Тебісіп өткен тентектері де ел шетіне жау тигенде, аттан салып, бірге шабатын халықпыз. Әйтеуір билік өз қолында екен ғой. Дүниеде біреудің қолына қарағаннан сұмдық қорлық бар ма? — дейді. Т.Рыс.
БІРЕУДІҢ ҚОЛЫМЕН ОТ КӨСЕУ
Өзінің арам ойын біреу арқылы жүзеге асыру. * «Мүмкін, – деді әкей ойланып барып, – әлгі өкіметті басып алған балшабектер сол тегі бөлек дию-перінің қолымен от көсеп отыр ма… Жаманатқа шығарып, бар шаруасын түгендейді, содан соң кешегі Мекалай сияқты тақтан құлатып, өздерінің біреуін қояды. Тек… әбден күшейтіп алып, тізгіндеуге шамалары жетпей жүрмесе…» М.Мағ. * – Қайдам, апайдың қолымен от көсеп жүрмесе… — деді мына әңгіме өрби бастаған кезде кетіп қалған Жапарды еске алып. М.Қаб. * Қазақ болса, бармағы iшке бүгiлер, орыс болса, тiс батырды деген дауға қалармыз, одан да ара ағайынның қолымен от көсейiк деген есеп пе, тергеушiсi Аллахвердиев деген әзербайжан жiгiтi екен. Т.Сәук. ~ Көбен Ақкөлді басып алған алашапқынға қатысқан жоқ. Жігіттерін жіберіп, өзі жар астында бұғып қалды. Біреудің қолымен от көсеп, өзін өрттен аман сақтаудың айласын бұ да біліп алған. Б.Тоғ.
БІРЕУДІҢ ҚАҢСЫҒЫ БІРЕУГЕ ТАҢСЫҚ
Өзінікін місе тұтпай, жаман болса да, өзгеге қызығу, біреудікіне көз аларту туралы. ~ Әй, құдай-ай! Біреудің қаңсығы біреуге таңсық емес пе. Еркек шіркіннің қай оңғаны бар. Әйтпесе, сақалы тер сасыған кәрі софы жайлаған жұртта не қасиет қалды дейсің… Ә.Нұрп. ~ Сол сәттен бастап Сабыр бошалауды кілт тиды, Кәмәлияға жиіркене қарады, сөйлесуге сөзін қимады: «Мынандай жалпақ бас, мынандай жайылып жатқан іркілдек дене кімге керек болды екен, ә? Апырай, біреудің қаңсығы біреуге таңсық деген рас! Ә.Тар.
БІРЕУДІҢ ЖОҒЫН БІРЕУ ӘНДЕТІП ЖҮРІП (ТҮЙЕ МІНІП) ІЗДЕЙДІ
Біреудің қайғысы біреуге мұң емес д.м. * Бала біткенге тіршіліктегінің бәрі ермек қой, «біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейдінің» керін келтіре біз тай жарыс пен өзімізше тақым тартысқа қанған шамада арғы-бергіні шамалауға көңіл аударамыз. Т.Берд. * Бәлкім, сахнада сапасыз қойылымдардың қаптап кеткенінің бір ұшы осы да шығар. Авторлар мен режиссерлердің әңгімелерінен екі жақ та бір-бірімен ортақ мәмілеге келуге мүдделі емес. Бұл – «Біреудің жоғын біреу ән салып жүріп іздейдінің» нақ өзі. Е.Шайх. ~ «Біреудің жоғын біреу түйе мініп іздейді » деген осыдан шығады. Бұл топ дәл мына үйдей жатақхананы іші-сыртына дейін қаптап беруді талап етеді. БАҚ.
БІРЕУДІҢ ГҮЛІ БІРЕУГЕ ТІКЕНЕК
Әркімге өзінікі қымбат. * Әркім үйренген нәрсесін артық санайды, Біреудің гүлі біреуге тікенек. Біреу бергенін көпсінсе, біреу алғанын азсынады. Дау-дамай сондайдан туады. Т.Әл.
БІРЕУДІҢ АЛА ЖІБІН АТТАМАДЫ
Ешкімге жамандық жасамады, ұрлық қылмады; қиянат көрсетпеді. * Бұл екі үйдегі ағайынды екеуі осы күнге шейін біреудің ала жібін аттаған жандар емес. Бірде басшы болсаң, бірде кішік боларсың. Қ.Найм. * Әйтеуір, саған айтар ақылым, — тыныш жүр, балам, тыныш жүр. Біреудің ала жібін аттаушы болма. Мешкей деген жақсы ат емес. Б.Соқп. * Әнбия жыршы-күйші әрі аса беделді би атанған қайын атасы Бастаубайға да, саяткер, түз серісі Молдашқа да ұқсамайтын, діндәр, біреудің ала жібін аттамайтын сопы кісі еді. Ғ.Біл. * Ағынды судың алдын бөгеме; жарлы болсаң да арлы бол; біреудің ала жібін аттама; ешкімді алдама… деп өсиет қылған өзің емессің бе? Т.Сәу.
БІРЕУДІҢ (КІСІ) СЫРТЫНАН ТОН ПІШТІ
Сынап-мінеді; біреу жайында ұшқары пікір айтты. ~ Кім де болса көрер ме еді? Менен қай жері артық екен, а?.. Түу, қай-қайдағаны ойлағаным не? Анық-қанығына көзім жетпей тұрып, біреудің сыртынан тон пішкенім қай оңған іс дейсің!» Б.Тоғ.~ Сақтаған сияқты өзінше пысық, жеңіл, әрдайым өзгелерден озып жүргенді дұрыс көретін адамдар түбінде опа шектірмей кетуі мүмкін деп ойлайтын. Енді аңғарса, кісінің сыртынан тон пішуге болмайды екен. Б.Тоғ. ~ Ол қашан ауылға жеткенше үйге отыра алмай бір шығып, бір кіріп, сыртынан тон пішіп әбден мазасы кетеді. Ә.Кекілб.
БІРЕУДІКІ БІРЕУГЕ ҚЫЗ КӨРІНЕДІ
Өзгенікі қашанда өзіңдікінен артық көрінеді. * Шамаң жетпейді, — ойнақы, отты көздерін күлімдетіп келіншек күйеуіне тағы қарады. — Біреудікі біреуге қыз көрінеді, я?… Т.Рыск.

