Бір бөлек, бірсыпыра, бір топ. ~ Әрқайсының бір пара қазынасы – өзімен тектес аталық, аналық жүз құмырсқаны ай бойы асырауға жетеді екен. М.Мағ. ~ «Шешінген судан тайынбайды» демей ме? Айтайын. Сіз бұл хикаяңызда біздің үйдің бір пара өмір шежіресін суреттеп берсеңіз керек… С.Ом. ~ Енді бір пара ел мал жайылымының ыңғайымен Жөншіліктің бергі жағындағы Қайнарбұлақ саласында қалып қойған. С.Ом.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ӨКПЕГЕ ТҰРАДЫ
Абыройлы, сыйлы адам. * Сенімдерің қалар болып мұратым, Жігіт болсам бір өкпеге тұратын, Алыстама, бермен кел, Көк теңізде көтерілген желкендер. Т.Айб.
БІР ӨЗІҢ ДЕП
Сені ғана ойлаймын д.м. ғашықтық сөзі. ~ «Бір өзің деп өтемін мәңгі-бақи…» «Сен тұрғанда, сәулем-ай, басқаны сүю мүмкін бе!..» деп жырлап жатқандары, жылап жатқандары. Т.Сәу. ~ Құдай болмай-ақ, Олжас болып бір өзің деп жанған өзегімдегі өртті өшірсең, мен үшін «бақыт жоқ одан асқан!» С.Досан.
БІР ОШАРЛЫ ЖАН
Бірталай адам.~ Бірнеше күн жоқ болып кеткен әкесі бір ошарлы жанды көшіріп келді, шешесінің айтуынша әр жерге шашырап кеткен туыстары екен, неге екені әкесі өздері зорға жан бағып жүрсе де, басқа жақтағы туыстарын жинап, солардың жағдайын жасауға әуес еді. Ә.Ыб. ~ Афанасийдің семьясы да ошарлы жан екен. Алдымен көзіме түскені балалары болды. Байқауымша он шақты бар–ау деймін. Өпел–жөпел өскен өңкей ұлдардың алды он жасар шамасы да, арты әлі қаратабан, жалаң бұт, жығылып–тұрып күресінде шапқылап жүрді. Қ.Ысқ.
БІР ОРЫНДА ТҰРЫП ҚАЛДЫ
Сілейіп қалды. * Тракторшылар тырақайлап тұра жөнелгенде, Едіге әлі не істерін білмей, сол орында тұрып қалған. Ш.Айт. * Ал, сау болыңыз, — дедім мен тез кеткім келіп. — Жолың болсын, — деп міңгірледі Бүркітбай. Біз кете бардық. Бүркітбай сол орнында тұрып қалды. Ә.Нұрш.
БІР ОРАЙДА
Реті келгенде. ~ Жаңағы кім? – деп сұрадық жол жазыққа тартқан бір орайда шалға қатарласа беріп. Ж.Сәм. ~ . Сәкеннің онымен жұмысы жоқ. Бала жастан бері ел ішінен естіген өлең– жырды төпеп жатыр. Шайпауына келгенде де тартынбай тура айтады. Осындай бір орайда Әріп: – Қап! Сені жаптас отырған Сүгірдің шайпау қатынымен айтыстыру керек екен– ау! – деп өкінді. Т.Әл.
БІР ОҚПЕН ЕКІ ҚОЯНДЫ АТЫП АЛДЫ
Шағын шығынмен екі шаруаны қатар тындырды. * Жоқ, бала, сен мені олай алдаймын деме. Менің бүгінгі ішетін дәмім – жеңгемнен жылда жейтін сыбағам. Ал, сенін, тойын, өзіне басқа. Бір оқпен екі қоянды түсірем деп ойлама, бала. Ол алдауыңа көнбеймін. С. Мұқ. ~ «Сейтек сарыны», «Сары жайлау», «Көк қаршыға» секілді өнерпаздар өмірінен шығарма жазғанда өз жанына жақын драмасын нысанаға алғанын байқаймыз. Солай етудің нәтижесінде бір оқпен екі қоян атқан деп білемін. Біріншіден, ақын, сал, сері тағдырынан өзін іздеді. С.Шай. * Екеуі де бар. Кейде біз бір оқпен екі қоянды атып ала береміз, — деді Жұмаш күліп. — Айтпақшы, апам қалай, тың ба? Сені қайтем?.. Апама амандасайын деп келдім. Қ.Жұм. * Әйтпесе жүр, бірге барайық. Ауылды көрерсің, аралатайын демеймін бе? Ол «ойбай, құдайы құлдық» дейді ғой оған. Бір оқпен сонда екі қоянды атам. М.Сүн. * Сыйлы кісілерге бір- бір ат мінгізіп, қажы бұл жолы тауып кетті. Бір оқпен екі қоянды атып алды деген осы. Қ.Жұм.
БІР ОҚ ЖАЛЫНАДЫ
Өміріңді қиюға жалғыз ғана оқ жетеді д.м. ~ Кім бұл уәдеге қайшылық жасап, кереғар қылық байқатса ысқырып атқан киіктің обалы жоқ, жазасын өзіміз береміз. Бір оқ жалынады. Еркек тоқты құрбандық. Ғ.Біл. ~ Екінші, бұдан былай менің көзіме түсуші болма. Онда бір оқ жалынсын. Бол! Соза берме! Айт сертіңді! С.См. ~ Естеріңде болсын, қатындар, — деді ол қайтып келіп. – Егер жасырған біреулерің бар болса, әрқайсына бір-бір оқ жалынады! Б.Тоғ. ~ Екінші, бұдан былай менің көзіме түсуші болма. Онда бір оқ жалынсын. Бол! Соза берме! Айт сертіңді! С.См. ~ Бірақ дәл қазір мынадай теп-тегіс жерде оған да бір оқ жалынатынын сезіп біраз тоса тұруды жөн көрді. Б.Тоғ.
БІР ОЙЛАҒАНЫ БАР
Әлдебір ниеті, жоспары, ойы бар. ~ Сол жақтан өзіне тең біреуді ала келер деп ойлаған. Олай болмады. Сөйтсе де баланы қыстамады. Ақылы бар бала ғой, бір ойлағаны бар шығар деген. Одан жоғарылап қызметі өсті. Т.Әб. ~ Өзімді-өзім қашанғы шектей беремін осы? Жоқ, тоқтай тұр! Бұл қыздың бір ойлағаны бар ма әлде? Е.Жең.
БІР ОЙДЫҢ ЕКІ ҰШЫН ҰСТАДЫ
Бір мәселені екі тұрғыдан ойластырды. ~ Əуезов ойда. Терең ойда. Мен де ойда отырмын. Əуезов не ойлайды? Мен не ойлап отырмын? Асылы, екеуміздің ойымыз бір маңнан өрбиді– ау деймін. Екеуміз бір ойдың екі ұшын ұстап отырған шығармыз– ау, сірə…З.Қаб.

