Бір реткі, осы орайдағы. ~ Кәдендер аттан түсер емес. Осы арада қадау– қадау әңгіме болды. Кәден Күржіктің бас бәйге алғанын, әлі теріскей аспағанын айтып өтті. Сөзінің соңында: – Ноғайқұл, саған Күржіктің бір жолғы терін кештім. Түсірген олжасын қидым. Ал енді атымды өзіме қайтар. Қандасып қайтеміз?! – деген Соппек жорта қыр көрсетті. Т.Әл. ~ Сауға, көке! – деді Ноян ағасына жалына қарап. – Бір жолғы олжаңды маған қи!.. – Баянның жүрегіне біреу қанжар сұғып алғандай болды. І.Ес.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ЖОЛҒА (ЖОЛҒЫ) АШУЫҢДЫ БЕР (ҚИ)
Ашуыңды бас, сабаңа түс, қызбаланба. ~ Қой енді, көкесі! Бір жолға ашуыңды маған бер. Машина деген темір емес пе? Сол темір үшін бауырыңның көңілін қарайтпа. Соқталдай жігітті төмен етек әйелдердің алдында сабап, сағын сындырма! Біз көрмесек етті! Ә.Тар. ~ Қасында таяу тұрған Тыныбай да солай ойласа керек. – Үкірдай, есіңізді жиыңыз! Осы пәленің қанына ортақ болып қайтесіз… Маған қишы бір жолғы ашуыңды! — деп араша тілегендей көлденеңдей берді. Қ.Жұм.
БІР ЖОЛАТА (ЖОЛА)
Құлан таза, бүтіндей, ада-гүде, басыбайлы. ~ Тағы жұт қарыныңды томпайтпасам, Болмассың бір жолата шоңқайтпасам. Қыл көпір, тас таразы құрылғанда, Аузым жоқ әзір менің, сонда айтпасам! Шәк. ~ Мапуфаңның соңғы сөзінен, Елісхан қатты іш жиды. Қияс мінезі оны дағдарта бастады: «Өлсем де ол жағына беттемей өлем! Бір жолата құрықты қолына алса, қайырылып өзіме салмай ма?» – деп мойынды қашыққа салғысы келді. Т.Рыс. ~ Қызметкерлер қызды зынданға тастады. Сонан кейін Қытай өлкесі Ұжданнан бір жола босады… Шәк.
БІР ЖЕРДЕН ШЫҚТЫ
Сөздерінде алалық болмады. ~ Кеңесте қолайлы сәтті қолдан бермей, таяу арада аттаныс жариялауды жақтаған пікірлер де аз болған жоқ. Бұл жөнде қашанда желдің өті, жаудың бетінде жүретін Керей, Найман батырлары мен Төле бастатқан Ұлы жүз билерінің сөзі бір жерден шықты. Қ.Жұм. ~ «Жаудың күш–қуатын білу керек»,– деп ойлады Дьяков. Атын борбайлап штабқа шауып келді. Құрама командирлерімен ақылдасты да бәрінің ойы бір жерден шыққан соң, сол бойда дереу Еламанды шақырып алды. Ә.Нұрп.
БІР ЖЕРДЕН ШЫҒАДЫ
Болашағы бар. ~ Арыстанның бостекі мақтанбайтын сыпайы, сері мінезі алабөтен. «Жұлдызы жанып тұрса – тегін адам еместігі шығар, үш тілде еркін сөйлейді, компьютердің құлағында ойнайды, тіфә, тіфә, тіл–көзден аман болса бір жерден шығады деп ойлаймын». Д.Дос.
БІР ЖЕҢНЕН ҚОЛ, БІР ЖАҒАДАН БАС ШЫҒАРДЫ
Ауыз бірлік танытты, бір адамдай жұмылды. ~ Адымыңды алысқа салудың орнына сен тізгініңді қысқа ұстайсың. Ең болмаса төңірегіңдегі тобырдың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанын көре алмай отырып хан болмақсың. Б.Қыд. ~ Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ қана ел болып, ірге көтеріп кете аламыз. Ә.Кек. ~ Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел болуға бәріде қарсы емес, бірақ кімнің қолы… Билер сол даудың ұшығына шыға алмай, түннің бір уағына шейін ырғасты… З.Шүк.
БІР ЖЕҢІ БОС ЖАТЫР
Еркін, алаңсыз. * Оның үстiне жаңа қожайынның тiлiн тез тауып, айналасына үйiрiле қалған аталастары да жауға оңай бере қоймас. Ендеше, Шықаңның бiр жеңi бос жатпай қайтсiн. Т.Сәу.
БІР ЖАСАП, ЕКІ ЖАСАП
Біртіндеп, ақырындап. ~ Пұл құрап, киім түзеп, қарны тойған, Қағазға өрнек жасап, сурет ойған. Құдайым кешіктірмей бір ұл беріп, Молдалар оның атын Әзім қойған. Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті, Сонан соң медресеге барып түсті. Абай.
БІР ЖАСАДЫ (ЖАСАП ҚАЛДЫ)
Қуанып, көңіл көтеріп, рахатқа батқандай сергіп қалды. ~ Қолдарына әдемі қарындаш, дәптер тиген соң балалар жайнаңдап, бір жасап қалды. Бірі артық, бірі кем емес. С.Ом. ~ Көңілі жарымжан боп, өзін далаға тастаған шіріген жұмыртқаға балап, қайғы жұтып жүрген Ақбөпе бүкіл үй іші көшіп келгендей қуанып, бір жасады. С.Жүн. ~ Охо, Әсел бәріміз «Ақ серек, көк серек», «төрт тас», «қуаласпақ», «қашпа доп» секілді неше түрлі ойын ойнап, бір жасап қалдық. Қ.Әбілх. ~ – Бәсе деймін– ау, мен ойлаған, менің қиялымдағы Демежан осындай болса керек еді! Ақын қиялы алдамаған екен… Арыстан сынды ағамызға құшағым толып, бір жасап қалдым– ау! — деп алғашқы әсерін ірікпей айтып салды. Қ.Жұм.
БІР ЖАПЫРАҚ НАН
Кішкентай ғана, жұғым болмайтындай. ~ Шай деген аты, әйтпесе түсі өзгерген жылы су. Жанында бір жапырақ қара наны бар. Оны тез алдым. Б.Қыд. ~ Көрші үйдің алдында, неге екені белгісіз, жұрт топталып тұр. Біз жылдамдатып өте шықтық. Жолай әжемнен ұққаным: «көрші үйде бір жапырақ нан үшін адамды тамақтап өлтіріп кетіпті». Б.Мом. ~ Бұл «әйтеуір өлмей отырмыз ғой, бір жапырақ нанды талғажау қылып, өлмей отырмыз. Бір жапырақ етке анда-санда аузымыз тиіп…» дейді. Ж.Баб.

