Қылдай ғана, жұп-жұқа, бір жұлым. * Денесінде бір жапырақ арам ет жоқ, тамырлары білем-білем боп шодыраюын қарашы. С.Жүн. * Көйлек етегін шалбардың ішіне жіберген. Шекесіне тартқан бір жапырақ қызыл шаршысы болмаса, сұңғақ бойлы, үлкен қоңыр қой көзді әдемі боз жігіттің өзі. С.Елу. ~ — Уа, тақсыр, біз енді бір жапырақ қағазымызды жаздыру үшін, көз алдымызда бұл құсаған хат білер туысқанымыз тұрып, басқа қайда шаппақпыз?! Ж.Ахм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ЖАНЫП (ЫСЫП), БІР СУЫНДЫ
Қатты қобалжып, жүрегі алып ұшты. ~ Ол да түрегеліп, тізерлеп отырды. Тұла бойы қалтырап бір жанып, бір суынады. Дірілдеген саусақтары икемге келер емес. М.Қаб. ~ Мына бала жігіттің сөзі Еламанның өзін де үйіріп әкетті. Кеше жиырма алты жігіттің жау кескілеген қан–қан денесін көргенде де бұның тұла бойы дәл осылай бір ысып, бір суынып еді. Ә.Нұрп.
БІР ЖАМБАСТАДЫ
Бір жағына аударылып отырды, жатты, қисайды. * Бөліп-бөліп алған мал көшкен бұлттай, жыртыла айырылып ұзай бергенде, алдыңғы аяғын соза тастап, басын тізесіне салып шірене тұрған торы айғырдың үстінде бір жамбастаған Нұртаза да тебініп қалып, қасындағы екі-үш шонжарымен жөнеле берді. С.Жүн. * Самалдап, бір жамбастап жатарсың тек, Ырысқа орап қойып төңіректі. М.Мақ. * Ұзақ отырысқа белі ұйи бастаған денесі ауыр Батыраш бір жамбастай қисая түскен. С.Жүн.
БІР ЖАҚТЫ ҚЫЛДЫ
Әлдебір істі тындырды. ~ «Сен дайындал. Әуелі тездетіп ЖШС-ы құр, есепшот аш. Құрылысты салатын мердігерлерді ізде, тап, келісе бер. Соларды бір жақты қылған күні кел, маған. Н.Дәу. ~ Бұл кезде оның да өтетін күні әне-міне-леп қалған. Айтылған нұсқауды табанынан тозып жүріп, бір жақты қылған соң, өкпесін қолына алып, көршіге қайта келген. Н.Дәу.
БІР ЖАҚТЫ
Бірыңғай, бір сипатты, сыңар жақты. ~ «Мысль изреченная есть ложь» деп Тютчев айтпақшы, бір жақты ой айтуға ұмтылу, не бір жақты сезім әуезіне салынып кету де жалғандыққа жетелері ләзім. Ш.Сари. ~ Ал «Құмырсқа- қырғын» мен «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез», «Оралу», «Бір нәзік сәуле», «Ең үздік оқушы» әңгімелерінің тұспалы мен емеуріні қатпар- қатпар. Бір жақты, бір сезімді, бір түйсікті кейіпкер жоқ. Т.Жұрт. ~ Мәлике еркектердің көпшілігінің басында дәл қәзір өтіп жатқан тек бір жақты процестерді байқап, ұрлана Сәргелге қарады.Оның кеңірдегіндегі поршень жайлап өңешіне барып қайтты. Д.Ис.
БІР ЖАҚСЫ ЖЕРІ (БІР ЖАҚСЫСЫ)
Оңды жағы; көңілге медеу болатын тұсы. * Қай ауылға келсе де, аттарын милиция, агент, инструктор мініп кетеді. Не жаңа апарып тастап келіп тұрады. Бір жақсы жері — Қызыл шырпыдан Баянға қарай қайтып бара жатқан «Трамоттың» көлігі кездесті. Ж.Айм. * Ең жақын үйге кіргізіп бар киімін шешіп, үстін тегіс спиртпен ысқыладық. Ауызы дорбадай ісік. Сөздің нобайын ғана айтады. Бір жақсы жері оң қолы сау екен. Б.Қыд. * … зәресі ұшқан бейшаралар көзі адырайып, өкірген күйі басы ауған жаққа безе жөнеледі. Көк бұқа, бір жақсысы, жеңілген жауын қумайды. Т.Сәу.
БІР ЖАЙЛЫ БОЛДЫ (ЕТТІ )
Жағдай шешімін тапты; әрі-сәрі болмай, бір жағына шықты, әлдебір жұмысты тындырды, көңілі жайланды. * Бірақ ол кезде Ақбілек етжей-тегжейін сұрағандай болған жоқ, жатса, тұрса, әкесінің өзгеруіне уайымдады ғой. Енді көңілі бір жайлы болды. Ж.Айм. * Көктемге жетер ме, жаз шықса, күн жылынса, «тым құрса туған жеріме қайтып жетіп, бір жайлы болсам!» деген арманды да бүгін Әбіш анықтап айтқан. М.Әу. * Онша асығып не қыласың?-деді Әлжан,- қазір немістер кейін шегінуде ғой. Сен майданға барғанша соғыс та бір жайлы болып қалар. І.Есен. * Міне осындаймын, бірдеңені шындап ниет етсем, қашан соны бір жайлы етіп тындырмай, еш тыншымаймын. Б.Соқп.
БІР ЕСЕПТЕН
Бір жағынан, бір реттен. ~ Тіпті, көлденең жұрт құрлы: «Көктемде аман-есен көрісейік!» деген жоқ. Қарасы өшерде ғана артына бір-екі рет жалтақтап қарады… Бір есептен Борайқұлдікі дұрыс. «Бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың, Бәрің бірдей тойшы болсаң тұл боларсың» деген рас. Т.Әлімқ. ~ Бір есептен бұл сөзіңнің де жаны бар,- деді Сәрсенбай ат өтті ыңғай көрсетіп, — бірақ иемденіп отырған жерін Нұртай өліспей бере ме бізге? C.Ом. ~ Қалада қалам деген сөзің бір есептен жөн сияқты, бірақ көңіліңе келмесін, сен аттың құлағында ойнайтын ер азамат емессің, төмен етекті әйелсің, мына заманның ыңғайы белгісіз, жел оңынан тұра ма, солынан тұра ма? С.Мұқ.
БІР ЕСЕБІН ТАПТЫ
Айла қылып, бір қиындықтың шешуін, амалын тапты. ~ Содан кейін Жұматай олай шарлап͕ бұлай шарлап кеп͕, ақыры бір есебін тапты͘. М.Әу. ~ Нұреке, кімнің айран ішері, кімнің шелек жалары белгісіз? Әрине малды тоғытқанда оны жайып салып отыру емес, бір есебін тауып сіңіріп жіберу қолыңыздан келер деп отырмыз. Барымтаны қазақ бүгін көріп пе. Қай ұры пайданы жанына басқан?! С.Жүн.
БІР ЕРНІМЕН ЖЕР ТІРЕП, БІР ЕРНІМЕН КӨК ТІРЕП
Жыр-дастандарда жиі кздесетін, аттың не ердің ерекше үлкендігін, күшін, адуын мінезін сипаттайтын теңеу. ~ Бір сарғыш ат келеді Жауған күндей сіркіреп, Жарылған жердей күркіреп, Бір ернімен жер тіреп, Бір ернімен көк тіреп. Үркер, қорқар мал емес, Бұлаққа басын салады. «Ер Қосай».

