БЕТІНЕ ЗӘРІ ШАПТЫ

Өрекпіді, елірді, ашу шақырды. ~ Крейгельдің ойынша, мен тәрізді, бетіне зәрі шапқан, ә десе мә деп тұратын бота тірсек бозбалалардың беріден қайтқанда ошағы, арыдан қайтқанда еліне пайдасынан гөрі зияны көп болмақ екен. А.Сүл.

БЕТІНЕ ЗӘРІ ШАПТЫ Read More

БЕТІНЕ ЖІБЕРДІ

Тым еркінсітті. ~ Аң деген ауруы бар емес пе… — Қаңғыбастанып үйде тұрушы ма еді? — Әбден еркеленіп бітті өзі. — Бетіне жіберген соң, бет алды лағып жүре береді де. С.См. ~ Өкімет адамынан жандалбаса қорқатын байғұстар артынан іле шығып, бұйрық күтетін. «Албаты бетіне жіберіп, түрмеден бірақ шығармаңыздар! Молда-қожа, бақсы-балгердің күні кеткелі қашан». А.Кеңш.

БЕТІНЕ ЖІБЕРДІ Read More

БЕТІНЕ ЖЕЛ БОП ТИМЕДІ

Қарсы сөйлеп, көңіл қалдырып көрмеген д.м. ~ Өлейін деп жатса да, тәкаппар шалынын басын кішірейтпейін дегені ме, сақалынан жас сорғалап, жылап тұрған Ізбастан бұрын: «кештім» деді де, ғұмыры бетіне жел боп тимеген жібектей аяулы жары бір-екі ықылық атып, жан тәсілім қылды. Өзінің кішіпейіл мінезінен ақтық сәтте де айныған жоқ, марқұм. Ү.Жлк. ~ Кәрілер өмірден өтіп кеткен, ешқашан кісінің бетіне жел боп тимеген ата– анасын айтып, аһ ұрып тұрып, артта қалған перзентіне бар жақсы пейілін арнаса, қатарлары үшін бұл қыз Мона Лизадай сұлулық періштесі әрі жаны мен тәні таза, құстардың ішіндегі ақ көгершіндей айтып тіл жеткізгісіз бір бейне еді. Қ.Түм.

БЕТІНЕ ЖЕЛ БОП ТИМЕДІ Read More

БЕТІНЕ ЖАН ҚАРАТПАДЫ (ШЫДАТПАДЫ)

Мейманасы асқан, айбарлы, сұсты адам туралы. ~ Осы үстелге уақытша емес, түпкілікті жайғасқан адамнан жаман кәрленіп, бетіне жан қаратпауға айналды. О.Сәрс. ~ Құлым атам бетіне жан қаратпайтын тәкаппар кісі, жүрегі қабынып кеткен. З.Шүк. ~ Куәлік иесі аспандағы жұлдызға қол созғандай бетіне жан қаратпайтын қаһарлы алпауыт шығар деп жорамалдапты… Д.Дос. ~ I қатын (қашып, ұрысқан боп). Ойбай-ау, мынау әлгі батыры ғой! II қатын. Бетіне жан шыдатпас кәпірі ғой. М.Әу.

БЕТІНЕ ЖАН ҚАРАТПАДЫ (ШЫДАТПАДЫ) Read More

БЕТІНЕ ЖАН КЕЛМЕДІ

Ешкім қарсы сөйлемейтін, абыройлы, беделі биік адам туралы. ~ Біреулер «текті тұқым» дейді, келесілер «байпатша» дейді, біреулер «мырза» дейді, әйтеуір жарық дүниеге келгелі бетіне жан келмеген, жел тимеген жақсының өзі болды. Д.Дос. ~ Бір кезде бетіне жан келтірмес атақты батырдың бұл күнде қой аузынан шөп алмас, бірадар сопыға айналуы көп жұртты қайран қалдыратын. Қ.Жұм.

БЕТІНЕ ЖАН КЕЛМЕДІ Read More

БЕТІНЕ БЫЛШ ЕТКІЗДІ

Бетің бар, жүзің бар демей, ойын бүкпелемей, тура айтып салды, ~ Арудың аппақ тәнінің уылжыған жұмсақ еттері жан-тәнін балқытып, уақытына жетпей бойынан жіберіп қойды. Тікбақай қаланың қызы оның сезімін түсінбей, «импотент!» деп бетіне былш еткізді. Онсыз да күдікті жетегінде жүрген жігіттің құштары сап тыйылып, жігері құм болды. АҚ. «Дара сезім». . ~ Арудың аппақ тәнінің уылжыған жұмсақ еттері жан-тәнін балқытып, уақытына жетпей бойынан жіберіп қойды. Тікбақай қаланың қызы оның сезімін түсінбей, «импотент!» деп бетіне былш еткізді. АҚ («Дара сезім»).

БЕТІНЕ БЫЛШ ЕТКІЗДІ Read More

БЕТІНЕ АДАМ ҚАРАҒЫСЫЗ (қылды, етті)

Бет-әлпеті жан түршігерлік күйге түскен. ~ Бет-аузы көкпеңбек ісік, киімі далба-дұлба. Пенжагының әр жерінде баттаса жабысқан қан. Бетіне адам қарағысыз аянышты. Аяғын әзер-әзер басады. Жел үрсе құлап кетердей. Солдаттар айдаған беті алаңның ортасына алып келді. І.Ес. ~ Ал еденде, кеудесіне пышақ сұғылған, фрактағы адам сұлап жатыр. Бет-жүзі әжім-әжім, солған, адам қарағысыз. Қызметшілер ол адамның кім екенін саусақтарындағы жүзіктерінен ғана білді. О.Уай. ~ Қатар ойнап- күліп өскен соң бірін- бірі қимай, іздей ме … Әйтеуір жаны бәйек таппайды. Көз алдында өлгенге қиналады- ау дейім, ондайда бетіне адам қарағысыз, бұзылып кетеді- ау, бұзылып кетеді. Қ.Ысқ.
Бет-жүзін адам шошырлықтай күйге келтірді, масқарасын шығарды. ~ Бұл Күлпаштың бүгінгі әдеті емес, көптен бергі әдеті. Жағын суалдырып, жүзін сарғайтып адам қарағысыз қылып барып, ақырында ісікке айналдырған осы әдет, осы шыдамдылық. Б.Май. ~ Малға жығып алдым. Жүздеп жылқы, бестеп жамбы, тай-тұяқ бердім. Не көрдім алғанда? Оң жақтан-ақ жанымды жылытып пейілін бір шешкен жоқ. Әкесінің үйіндегі қылжағы — еркелігі, асаулығы болсын. Ал ендігісі не? Жоқ, мен мұны еркінсіте алмаймын. Не жеңіп қатын: қылам, не бетіне адам қарағысыз етіп абиырын төгем… І.Жан.

БЕТІНЕ АДАМ ҚАРАҒЫСЫЗ (қылды, етті) Read More

БЕТІНЕ (БЕТКЕ) СОҚТЫ

Айыбын бетіне басып айтты, табалады, әшкереледі, бетін қайтарды. ~ Ақын мен жазушы, шынайы қаламгер елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналады екен. Ақынның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындар молаяды екен. Кірушілер де, көрушілер де тергеушіге әлгі бір ауыз өлеңді бетіне соғып, маңдайына ұратын болды. С.См. ~ Тауда жатқан өзіңе Қараман келер — құрдасың. Қатын деп кеткен сөзіне, Бетіне сонда соғарсың. «Қара Қыпшақ Қобыланды». ~ Содыр-сотқарды тыю жолында қатуланып бекінген Оспан өз ішінде дәл өзінің ағасы болса да, Тәкежанды да осындай қырына алмақшы. Кімге болсын тура сөзін таймастан бетке соғып, қатты айтатын Оспан осылардың өздеріне болыс болмай тұрған күнінде де қатты соқтығатын. М.Әу.

БЕТІНЕ (БЕТКЕ) СОҚТЫ Read More

БЕТІНЕ (БЕТКЕ) БАСТЫ

Әлдебір жөнсіз ісін айтып, ұялтты, күнәсін бетіне басып, әшкере қылды. ~ Дүйім елге әйгілі боп, абиұры кеткен қызды қалай алады. Екі сөздің бірінде құрбы-құрдас бетіне басады ғой. О бір сүйегіне басылған, кетпес таңба ғой. Бірақ құдайшылыққа келгенде, Ақбілек сорлыда не жазық бар? Ж.Айм. ~ «Көке-ау, құдай жоқ деп оқытқан өзіңіз емес пе едіңіз, кеше», дейді. Қырық жыл мұғалім болғанымды бетіме басып тұр. Н.Дәу. ~ Екі жақ бұндай теке-тірестен ештеңе өнбесін біліп, енді бопсаға көшті. Түрікмендер қазақтың жерді алғанымен қоймай, қайда көшсе де өкшелеп, малын малша, жанын жанша қиып, елді тоздырып бара жатқанын бетке басты. Ә.Кек.

БЕТІНЕ (БЕТКЕ) БАСТЫ Read More

БЕТІНЕ (БЕТ ҰШЫНА) ҚАНЫ ТЕПТІ

Әлдебір ерекше сезімнен (ұяттан, қуаныштан) жүзіне қан жүгіріп, беті нарттай жанды; әлдебір сезім жүрегін тебірентіп, бетіне қан жүгірді. ~ Халел не дерін білмей бетіне қаны теуіп, көзіне жас кеп қалды. Сандық дегенде үйдегі сары жез белбеулі сандықша есіне түсіп, шалдар тап сол сандық туралы айтып отырғандай өне бойы шымырлап қоя берді. С.Жүн.~ Халел не дерін білмей бетіне қаны теуіп, көзіне жас кеп қалды. С.Жүн. ~ Монтаны пішін, бидай өңді Сырға бәйбішенің түндей тұнық қара көзі жарқ етіп, ақ тісі ашылып күлгенде бет ұшына қаны тепті. Күйеуіне еңкейіп сыңғырлап күлді. С.Ел. ~ Ал, сүйінші! — деді көкесі. — Келін босанды. Түгелхан деген бір жаман немелі болдық! Лып етіп бетіне қаны тепті Шегенің. Екі езуі екі құлағына жетті. С.Ел.

БЕТІНЕ (БЕТ ҰШЫНА) ҚАНЫ ТЕПТІ Read More