Сыйлады, көңіліне келетін сөз айтпады, құрмет көрсетті. ~ «Шалқар» мен «Қазақ елі» бірге шығады екен. «Қазақ елінің» бас редакторы Бақыт Сарбала, «Шалқардың» бас редакторы Әділғазы еді. Екеуі де бетіме қарамады. Шеттен келді деді ме жылы, мүләйім бейнеде бауырына тартты. Ж.Шәк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТІНЕ ҚАРАЙ АЛМАДЫ
а). Ұялғаннан жерге кіре жаздады. ~ Әліқұлдың жесірін қарақалпақ тартып әкетті деген атағы жаман ғой. — Айбастың арқасы қызып отыр. — Онан соң жұрттың бетіне қарай алмаспыз… З.Шүк. ~ Осы жұлып шыққан құлғанадай қуалаған пәлелердің қылығынан көпке дейін ел бетіне қарай алмай, бетім күйіп жүрдім. Б.Қыд. ~ Асқар екі сөзге келе алмады, бір жаққа жұмсалған балаша қалбалақтап орнынан тұрып, ешкімнің бетіне қарай алмай, бұрынғы кербез жүрісіне ұқсамайтын басқа бір жүріспен есікке қарай жорғалай жөнелді. Т.Әбд. ~ Сонан қашан әкесі көз жұмғанша, бұл оның бетіне қарай алмай, ұяттан беті күйіп жүрген-ді. Ә.Нұрп.
ә) Тайсалды, жасқанды, батылы жетпеді. ~ Осы ауданнан адам келсе бетіне қарай алмаушы ек, мынауың бір кішіпейіл ғажап адам ғой, — деді Сағидолла риза болып. Т.Әбд. ~ Ұры-қары түнде жатар алдында «А, құдай, Есенейдің қолына түсіре көрме!» деп дұға қылады екен деген аңыз да құлағында болатын. Сондықтан ол манадан бері Есенейдің бетіне қарай алмай отырған. Ғ.Мүс. ~ Мана күндіз көген қасына барып еді, Ерғазының бетіне қарай алмады, бәтшағардың көзі не деген сұсты еді, ызбарланғаны сонша, тіпті жеп жібере жаздады ғой. К.Қаз.
БЕТІНЕ ҚАН ҚАПТАДЫ
Ұялып қалды, қызарып кетті. ~ Батыл басып келiп, Ғұмырдың қарсысына отырды. Ғұмыр қысылып қалды. Өзінің бірінші отырып алғанын түсініп, бетіне қан қаптады. Е.Жең.
БЕТІНЕ ҚАН ЖҮГІРДІ
Өңі кірді, көңілі көтерілді. ~ Менің жүйелі сөздеріме иланған ол — сабасына түсті. Зайыбымның ажары кіріп, бетіне қан жүгірді. Бір ретте «диванды қаншаға алдың?» — деп те сұрап қойды. Т.Берд. ~ Ас болса, тәбетімде мін жоқ. Көз жанарым тіріліп, бетіме кәдімгідей қан жүгіріп, адам қатарына қосылайын деп қалдым. Б.Соқ. ~ Әдетінше, бүгін де ерте тұрған соң, өзен жағасын серуенде- ген Әсеттің бойы сергек, жүрегіне жұбаныш ұялаған. Бетіне қан жүгіріп, әрі кірген. Ажары ашылған. Қ.Тол.
БЕТІНЕ КҮН ТИГІЗБЕДІ
Барынша күтіп, бақты. ~ Және ойнап күлді де: — Ондай қатынымыз болса, өзіміз сылап-сипап отырар едік. Сылап-сипап отырар едік… Бетіне күн тигізбес едік! — деді. С.Сей.
бетіне күл сепкендей
Өңі сұрғылт тартқан, жүдеу-жадау. ~ О, құдыреті күшті құдай, жаратушы жалғыз ием, мына аспан тап бағана бұндай емес еді. Бағана бетіне күл сепкендей сұрғылт еді. Ә.Нұрп.
БЕТІНЕ КҮЙЕ (КІР) ЖАҚТЫ
Масқара қылды, қорлады, намысын аяққа басты. ~ Қазақтың бұрынғы күнде нашар іс істеген адамдарға істеген жазаларының көбі ұялту болған. Мысалы, қазақтар әйелді қара өгізге теріс мінгізіп, бетіне күйе жағып, үстіне құрым жауып ауылды айналдырады екен. Қ.Шаб. ~ Бақтияр әкемнің алаңдайтын бір-ақ қаупі бар, ол — Хиуа ханының қарақшысы Жабы деген батыр. Жылда келіп, осы төңіректегі елді шауып, малын, қыздарын қосып айдап кетеді… Соған тыю салатын, бетіне күйе жағатын бір ер табылмай-ақ қойды… Б.Тоғ. ~ Дәнекер болғалы келдім. Менің әкем Қотыраш, Жұныстың әкесі Батыраш, екеуміз немере. Өздеріңе белгілі, Қотыраштың қызын Жұныстың алып қашқаны — бүкіл Сиқымбайдың, бетіне күйе жаққаны ғой. Ғ.Мұст.
БЕТІНЕ КӨН ЖАМАҒАН
Түрінен кісі қорыққандай сұрықсыз. ~ Бір баукесер суға қарап тұрып: — Апа деймін, мүнда келші, бетіне көн жамаған біреу маған мелшиіп қарап тұр! – депті. И.Сап.
БЕТІНЕ КЕЛМЕЙДІ
Қарсы сөз айта алмайды, алдында құрдай жорғалайды; жүздесуге тайсалады. ~ Байбақтыдан өрбіген ел қашан мені ұры қылып көріп еді? Мал көрмек түгілі, бір болыс «Қурайлыда» бетіме жан келуші ме еді? Ж.Айм. ~ Көрген халық оның бетіне келе алмай, қақпалардың астына жасырынып қалды. М.Жұм. ~ Бала күннен бірге өскен мына Қозбағардың мелиса болса да мінезі өзгермепті. Сол, баяғы Шегенің бетіне келмей жасқанып өскен қалпы. С.Елу. ~ Жұрт іштей жек көргенімен, олардың бетіне келе бермейтін, пәледен аулақ. К.Қаз.
БЕТІНЕ ИМАНЫ ШЫҚҚАН
Ибалы, инабатты, ізетті. ~ «Менiң Назеркемнен асып бара жатқан үлкен де емес, иманы бетiне үйiрiлген қандай ибалы жан едi өзi» – деп ойлады. Ж.Шаш. ~ Қажығұмар Шабданұлы ортадан сәл ғана жоғары бойы бар, денесiнде қырып алар артық ет жоқ, бар иманы бетiне шыққан, ақ сұр өңдi, тез сөйлейтiн, қағылез адам екен. А.Сағ. ~ Сонда мені оның жан дүниесінің тазалығы, бетіне иманы шығып тұратын пәктігі және көркем әдебиет шығармаларын көп оқып қана қоймай, содан үлкен адамгершілік тәлім алғандығы риза ететін. С.Ас.

