Ыңғай танытпады, пейіл көрсетпеді. ~ Әнеу немелер қылқыңдап қыдыңдап, қырындап жүргенің қайтерсің, әдіра қалғыр. Бірінің де бетіне қарағысы келмегендей, бет бермегенсиді. Әй қайдам, жас неме ғой, жас неме, арғы жағы белгілі, бірде болмаса бірде жүрегіне шайтан кіріп кетпесіне кім кепіл… Ш.Рах.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТ БЕРДІ
а) Ниет танытты, ынта қойды. ~ Арыстан. Сөйлеме олай, сірә да. Қай қазақ ұлы теңім еді? Тайталаста кім жеңіп еді Шектіні!.. Білесің ғой бет берсем, ниет қылсам, ойып түсем ортасын! Қайтады оның, мен келгесін шегінеді былай!.. М.Әу. ~ Өңшең пысық, елгезек, сергек жігіттер екен. Бәрі де Бөжей ісіне бұл ауылдардың бет бергенін іштей шынымен мақұлдаған жастар сияқты. Тегіс көңілденіп аттанысты. М.Әу.
ә) Бағыт алды, бұрылды. ~ Дәт жаңа айтты: бұлар бүгін әдейі арнап Әбіштің көңілін сұрағалы келген екен. Бірақ Мағаштар Торжорғаның жарысына кетті дегенді естіген соң, өздері де солай бет беріп, күн барда келе алмапты. Енді Әбіштің үстіне кеш қараңғысы түскен соң бару жол емес. М.Әу.
БЕТ БАР МА
Ұяттан жер болды д.м. ~ М е р у е р т. Өзің болмасаң, саған кім айқайлаушы еді?! . М ұ р а т. Апамның дауысын естіп едім ғой? М е р у е р т. Апамды көретін енді сенде бет бар ма?!. Қ.Ысқ. ~ Енді міне, Сəуле сұлудың сүйген жар туралы ақ арманы мен пəк қиялына шылау түсірместей тап– таза көріп жүрген жігіті оның көзімен қарағандағы ақ бетіне қайдағы бір қара ниетті қарғыс атқанның ғайбат сөзімен қара күйе жағып алып, өз– өзінен шұбартып қайтып келе жатыр. Қызға қарар бет бар ма бұл шұбарда?! Өкінішім – осы. З.Қаб.
БЕТ БАҚТЫРМАДЫ
Жөн сөзді құлаққа ілмеді, дауласып, өз айтқанынан қайтпады. ~ Молдалардың бәрі де дүр ете қалды. Жыландай жиырылды. «Құдайдан безгендерге сеніп…» – деп бет бақтырмайды. Ә.Шәр. ~ «Бүйтіп ойда жоқта табылған жылы-жұмсақты жасырғанша, жұртпен бірге бөлісіп жесек қайтеді?» – деп ед, Бөрібай бұл жолы бет бақтырмай, шалды тиып тастады. ~ … айтқанынан қайтпайтын әке: «Көзім тіріде Еламанның шаңырағын құлатпаймын » – деп, бет бақтырмады. Ә.Нұрп. ~ Шөпті өртеген сол екенін бәріміз білеміз, араға ақсақалдарды салып, ақыл да айтып көрдік, полиция жіберіп қорқытып- үркіттік те. Болмады… Оқыған қаратаяқ қой, бет бақтырмайды, ештеңені мойнына алмайды. Ә.Асқ.
БЕТ АШЫСТЫ
Сыйластықтан кетіп, ашық дауласты, жүз шайысты. ~ Кешегі студенттік шақта «айнымас, адал дос» деп жүрген Бектің өзіне бір-екі жиналыста ауыр-ауыр сөздер айтты. «Өз досын аямаған бастық, басқаны да оңдырмайды» деген лақап тарату үшін істеді ме? Ондайы болса артынан оңаша қалып бет ашысып алмай ма? Б.Тоғ.
БЕТ АШЫСТЫ
Сыйластықтан кетіп, ашық дауласты, ойын жасырмай айтты. ~ Кешегі студенттік шақта «айнымас, адал дос» деп жүрген Бектің өзіне бір-екі жиналыста ауыр-ауыр сөздер айтты. «Өз досын аямаған бастық, басқаны да оңдырмайды» деген лақап тарату үшін істеді ме? Ондайы болса артынан оңаша қалып бет ашысып алмай ма? Б.Тоғ.
БЕТ АУЗЫН (ЖҮЗІН) ӘЖІМ БАСТЫ
Қартайды; бетіне қатпар-қатпар сызық түсті. ~ Шай үстінде үйге сеңсең бөркі көзіне түскен, үстінде жыртық шапан, бет–аузын әжім басқан, сирек сақалды, жалаң аяқ, қайыршы пішіндес бір адам кірді. Т.Әбд. ~ Кемпірі өзінен тым кәрі, әжім басқан жүзінен қарттық пен науқастың табы қатар білінеді. Т.Әбд.
БЕТ АЛЫСЫ
а) Бара жатқан жолы, бағыты. ~ Сол Алтайдың бөктерінде жам жолменен жандамайлап, ала ат мінген жалғыз адам келе жатыр бейсауат. Көтегейті Күршім жақ, бет алысы — Қара-екем шаты. Ж.Айм. ~ Ұзаған сайын Тоқтардың көз алды бұлдырап, айнала бөрікше дөңгеледі. Бет алысы — Топар өзеніне құятын Жанпейістің қалың қамысы екенін шамалап келеді. Б.Тоғ.
ә) Әлдебір құбылыстың, үдерістің даму барысы, арнасы. ~ Бұл әңгіменің бет алысын жақтырмаса да Қатипа «баланың» көзінше байғұстығын көрсетпеуге тырысып отыр. Б.Тоғ. ~ Бертінгі бірер күннің бет алысы ұнамайды-ау, ұнамайды. М.Қаб. ~ Жана тәртіп, әрбір іс заңдылық, жолымен жүргізілмек деген бет алыс ел ішіне ұнамды болып таралып жатты. С.Бег.
БЕТ АЛДЫ
а) Бір жаққа қарай аяқ басты, жүріп кетті. ~ Қатындар кеткенде, Күнікей Тұяқтың қойнына қарай емес, есікке қарай бет алды. Ж.Айм. ~ Қасқырды Сәдірдің артына бөктеріп беріп, Мүсіреп қосқа қарай бет алды. Ғ.Мүс.
ә) Уақиға белгілі бір бағытта өрбіді, дамыды. ~ Жорық үлкен болуға бет алды. Ғ.Мүс. ~ Мұның бұрынғы «жорықтарынан» хабардар қауым оның тағы бір төтен іске бет алғанын көріп, қошеметін аяған жоқ. О.Сәрс. ~ … қысқа тарихи мерзімде жаңа көркемөнер мектебі қалыптасып, даму жолына бет алды. БАҚ
3.Қалай болса солай; жөн-жосықсыз. ~ Ештеңеге түсінбесе де есі шыққан кісілер бет алды құла түзге тарсылдатып атып жатты. Ә.Нұрп.
БЕТ АЛБАТЫ
Жөн-жосықсыз, беталды. ~ Жаңа ғана бәрі жиылып, сөз алған адамның аузын бағып отырған жұрт бет албаты әңгірлеп, екі-үш адамдық автономиялық топтарға бөлініп, айдарынан жел есе бастапты. М.Қаб. ~ Және әр күлкісінің сапасы әр түрлі. Онда да күлуге тұратын бірдеңеге күлсе бір жөн. Бет албаты күледі. М.Қаб. ~ Пәленің бәрін ыстық, шу мен шаңға жауып кетпекші еді. Үй салушыларға, кешке жүздесер өз достарына тиісіп, әбден бет албаты лақты. Сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері, қысқасы. Пәленің бәрін ыстық, шу мен шаңға жауып кетпекші еді. Үй салушыларға, кешке жүздесер өз достарына тиісіп, әбден бет албаты лақты. Сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері, қысқасы. М.Қаб.

