Үйленді, үй болды. ~ Ж а ң ы л т а й. Басы ауырып жатыр. Ш е р н и я з. Басы ауырса, басына бас қосылар. Ж а ң ы л т а й. Сіздер де ырым етеді екенсіз. Ж.Айм. ~ Кешегі 32-інің ақсүйек аштығында жұрт үй орманымен қырылып жатқанда, осы Құлатай тағы да дін аман қалды. Аман ғана қалған жоқ, басына бас қосылып жас тоқал алып төсек жаңғыртты. С.Ел.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСЫНА БАҚЫТ ҚҰСЫ ҚОНДЫ
Өмірдегі жолы ашылды, бағы жанды. ~ Осылайша ұзақ жырлап келді де, енді Демежанға қарап өз ойын қорытқандай болып еді. – Ер жігіттің басына бақыт құсы әртүрлі жолмен келіп қонады. Қ.Жұм. ~ Шыңжан халқының басына бақыт құсын қондырып бермек болып жүрген есіл боздақ атқораның діңгегіне таңылып, еті тістеуікпен жұлынып, көзі ойылып қорлықпен өлді. Ғ.Біл.
БАСЫНА БАҚСЫ ОЙНАДЫ
Есінен адасты, басы әңкі-тәңкі болды. ~ Алжиын дегенсің- ау, тегі, басыңа бақсы ойнағандай болғаның не соншалық? Со бір қара жұртқа жабысып қалғаныңа таңым бар. Біреу кіндігіңнен байлап кеткен жоқ қой сені… Ә.Асқ. ~ Айтқалидың кім екенін әлі білмей жүр екен, сұмырай! – деді атына мініп жатып. – Басыңа бақсыны ойнатып, кім екенімді бір танытайын саған! Ә.Асқ.
БАСЫНА БАҚ ҮЙІРІЛДІ
Жолы болып, тасы өрге домалады, бағы ашылды. ~ Қара мылтық қолда тұрғанда керегі не? Тіпті, болмаса шарға да соны салайық. Оның басына бақ үйріле бастады. Нәшәндіктің «ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс» дегенін дәл осы құлағыммен естідім. Ғ.Мұс.
БАСЫНА БАҚ ҚОНДЫ
Бағы ашылды, қыдыр қонды. ~ Сен жиырма беске келген соң, Бақ қонды да басыңа, Алтын тақтың үстінде Ак сұңқардай түледің. Бұқар ж. ~ Түйіншегін пенжегінің қалтасына салып, сыртынан түйреуішпен бекітіп қойды. Сонда қауіпсіз болады. «Сақтана — сақтана сақ болады, сақтанғанның басына бақ қонады» деуші еді анасы Анастасия. Марқұм тек өз басын сақтай алмады. М.Кәр.
БАСЫНА БАҚ-ДӘУЛЕТ ҚОНДЫ
Жолы ашылып, бақуатты, дәулетті болды. ~ Көз тігіп тұрып: “Әй, Найзабай, Найзабай, әсте бұл ғұмырыңда көрген азабың көп еді. Енді қартайғанда басыңа бақ-дәулет қонған екен, оған да шүкіршілік. Тек, ұзағынан сүйіндіргей…” — деген. Қ.Най.
БАСЫНА БАЙЛАУ, АЯҒЫНА ТҰСАУ
Өзіне тәуелді қылды д.м. ~ Жамал есебінде: бұл өзіме тең жас жігіт. Мен тегі ерге тимей отыра алмаймын, бар қызығым алдымда. Мен мұның басына байлау, аяғына тұсау болып, екеуміз бірге өмір сүреміз. Егер бұл ондай болып шықса-біз тіпті байымасақ та бақытты адам болармыз-деген. І.Жанс.
БАСЫНА АҚЫР ЗАМАН ОРНАТТЫ
Зорлық-зомбылық жасап, азапқа салды. ~ Сендер ақ патшаның офицерлерісіңдер. Бұйрықты орындау — борыштарың. Әрқайсың жүз сыпайдан алып, ереуіл көтерген елдерге жүріңдер. Айтқандарыңа көнсе көшкен жұртты кейін қайтарыңдар, көнбесе бастарына ақыр заман орнатыңдар,— деді. І.Ес.
БАСЫНА (ҚАРА) БҰЛТ ҮЙІРДІ (ҮЙІРІЛДІ)
Қиын-қыстау жағдайға кезікті; қауіп-қатер төнді, өміріне қауіп төнді. ~ Осылайша қайшалысқан қалың телеграмма қазақтардың басына қара бұлт үйірді. Ж.Шәк. ~ Қадірлі аға! Сен дүниеге келгенде ел басына бұлт үйіріліп, сұрқай көңілдің кенересі сөгілген екен. Ол соғыстың басталуы болатын. Ә.Ысқ. ~ …осыдан екі жыл бұрын Іле-Балқаш жаққа астыртын барып қайтқан Әбиболланың да басына бұлт үйіріле бастады. Б.Тоғ. ~ Қара тартып келген жалғыз бас жігітті бауырларына тартып, бәрін бергісі келіп, исініп тұрғандай болған олар. Ұзаққа бармай, қашқын жігіттің басына тағы да қатерлі қара бұлт үйірілді. Т.Рыск.
БАСҚА (БАСЫНА) СЕКІРДІ
Еркінсіді, бетімен кетті, әбден басынды, шектен шықты. ~ Мейлі, ит те болса сол төртеуі ғой, Биахметтің арғы- бергі жол шығынын көтеріп жүрген. Шегебай бүйтіп басқа секіре берсе, бір күні… Қ.Жиен. ~ Басын оқ жыланша қайқайтып, көтеріп тастады. — О жазушым, басқа секірме! Артық он сом шамыңа тиді ме? Шаңыраққа қара! М.Қаб. ~ Сапар. Әй, осы сенің мені көрсең жының бар ма? Жолдас, сен сыйлаған сайын басқа секіріп барасың. Қ.Мұх.~ Әйтеуір момындық жақсы еді ғой деп, бәрің бірдей тоқалға бағынып кете жүрмеңдер! Т ө л еш. Бағынғанмен де, не зиян болар дейсің, кімнің басына секіреді беталды. М.Әу. ~ Мына хабар Әбілқайырды көптен толғандырып жүрген сұр сауалға жақсы жауап тауып бергендей. Бақса, патша қонтайшыны бекерден-бекер басына секіртіп жүрмепті. Ә.Кек. ~ Осал мінезін, олқы қылығын көрсе, онсыз да басынан секіріп кеткілері кеп тұратын өзге бауырларының алдында ылғи нық, шегедей нық көрінуші еді ғой. Ә.Кек.

