Ақыл-ойын билеп алды. ~ Басын шырмаған алуан ой, қанды айқаста қолға түскен мынау Сейтен мен Ожардың аянышты халдары мазалап, Таймас көз ілмей дөңбекшумен болды. І.Ес. ~ Өзін қаумалап өріп кеткен мына ашқарақ ойда шек бар ма? Бел-Аранның үстінде үйірілген суық сүр бұлттай бұл байқұстың басын шырмап, жанын итке талатқандай азаптап, у үстіне уды іше бере ме? Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСЫН ШЫР АЙНАЛДЫРДЫ
Алдап-сулап, есін шығарды, ақылынан айырды. ~ Басшының емеурінін тани қойған, мана шайханашының басын шыр айналдырған қағылез серігі лып етіп, мұнің сөзін іліп әкетті … О.Сәрс. ~ Таяу отырған мырзасымақ мақтауға керемет шебер екен, жанындағы қыздың басын шыр айналдырды. Дж. Сэл.
БАСЫН ШЫБЫНДАҒАН АТША ШҰЛҒЫДЫ
Қайта-қайта басын шұлғып, айтылған уәжге келісетінін білдірді. ~ Әрине, құлыным, әрине!.. — Бұл шыбындаған жылқыдай бас шұлғи берген. Т.Сәу. ~ Бірақ қалпе оны үшкірейін демейді. Ала тақиялы басын шыбындаған аттай шұлғып отырды да қойды. Қ.Ысқ. ~ Мен бойымды тіктеп, сымдай тартыла түстім де, басымды шыбындаған атша шұлғыдым. Ә.Асқ.
БАСЫН ШАТТЫ
Басы бәлеге ілінді, кесір-кесапаты тиді. ~ Елде пара беріп, болыс списігінен құтылып кеткендерді ояздың книгасына барғанда не өшіртіп, не жаздырып, қып-қызыл шатаққа талайдың басын шатып жүрген алғыштарда есеп жоқ. І.Жан. ~ Олардың қарқылдағанын тыңдай отырып, Рябовский өзінің сарқылғаны, талантын жоғалтқаны туралы, бұл өмірдегінің бәрі де тиянақсыз, баянсыз, ақымақтық екені туралы, мынау әйелге басын шатпауы керектігі туралы ойланды… А.Чех.
БАСЫН ШАРҒА САЛДЫ (БАСЫ ШАРҒА ТҮСТІ)
Басы дауға қалды, әуре-сарсаңға түсті, пәлеге ұрынды. ~ Шарға салып басыңды, Бола көрме сен құмар». Қанша айтса да Естеміс, Барғысы келді баланың, «Түсірем,— деп,— атып дәл, Кәміл пірлер болса жар». А.Байт. ~ Бозорыс қайтып көзін ашқан жоқ. Күзетіп отырған Шорабай тұтқын жігіттің қалай жан кешкенін де байқамай қалған. Бәйділданың есі шықты. Енді Толбайдан жылқы даулап алу балай қалып, басы шарға түсті. З.Шүк.
БАСЫН ШАЛДЫ
Тиіп-қашып, әр нәрсені бір бастады. ~ Бастакең шал “Қорқыт атаңнан қалған мұра еді” деп талай күйдің басын шалған болатын. Ғ.Біл. ~ Жидеден шаптырған кішкене домбырамды алып, үйдің көлеңкесінде өзім білетін бір-екі күйдің басын шалып отыр едім, Балжан жаныма келіп үнсіз тыңдады. Б.Тоғ. ~ Сәбит Мұқановтың Қытайға ат басын бұрып қайтқанын айтпағанда, Қазақстандағы мүйізі қарағайдай қаламгерлер «Шетел қазағында не бар, не жоқ» онымен санасқысы келмеді. 1990 жылдардың басында «Әлем» альманағы, «Шалқар» газеті біраз нәрселердің басын шалған болды. Кеңестік тұстағы келеңсіздіктер шетелден жалғасын тапты. Ж.Шәк.
БАСЫН ҰСТАДЫ
Әлдебір кәсіппен, жұмыспен айналысты. ~ Бір күні біздікіне бригадир Жағыпар келді. Менің хал-күйімді көріп отырып, колхоздағы қиыншылық жағдайды әңгімеледі. Ақыр-аяғында жеңіл-желпі бір жұмыстың басын ұстасаң қайтеді деген сөз айтты. Б.Соқ. ~ Tiс дәрігерінің көркем әдебиетті сонша түсінетініне іштей сүйсініп: ― Өзіңіз де бірдеңе жазасыз-ау шамасы! — деп сұрады Бек. ― Ертеректе жазғам… Кейін қойып кеттім. Бірнеше мамандықтың басын ұстау қиын… Б.Тоғ. ~ Шал осы таңқаларлық түзу, жатың сөздерді шынымен өзім айттым ба дегендей аңтарылып қап, аз-кем тоқталыс тапты. — Сиырдан бұзау туғанды керіп ек, ал қауын-қарбыз бағу бұзаудан сиыр туғызудың кері, айналайын. — Бұрын езге кәсіптің басын ұстағансыздар-ау? — Шал изеңдеп қалды. — Қой баққамыз. Қараадыр белінің батыс жағын қапталдата қой жайғамыз, қарағым. М.Қаб.
БАСЫН ТӨМЕН САЛДЫ
а) Уайымдады, қайғырды, қапа болды; қалың ойға берілді. ~ Әрі ойлап, бері ойлап, он алтыншы жылдың жазында елге оралдым… — Сәмет осы араға жеткенде басын төмен салып, терең ойланып қалды. С.Ом. ~ Баукең менің бұл сөздерімді тыңдаған жоқ, әлде не ойына түсіп кеткендей, басын төмен салып, үнсіз отырды. Ә.Нұрш. ~ Сарыауыз үні шыққаннан бір оймен басын төмен салып, Талпақты көз астымен үндемей бағып отырған Көлбай, енді анау есікке таман келіп қалғанда, екеуіне де естірте: — Пай, екеуі бүгін қырбай боп қалды деп еді, қақтығып қалмаса игі еді, — деді. М.Әу.
ә) Бетіне қарай алмады, жерге қарап қалды; ұялды; мінін мойындады. ~ Тағы да салып ұрып ат басын көзi үйренiп қалған үйге тiредi. Абырой болғанда iздеген кiсiсiнiң үстiнен басты. Ол бұл күткендей басын төмен салып, мiңгiрлей қарсы алған жоқ. Ежiрейiп, айбат шеге қарады. Жапар iштей «бедiреюiн, өткенде есек құрты мұрнынан түсiп, жылбырап отыр едi» деп ойлады. Ә.Ыб. ~ Отырғандар ду күлісті. Тұрар басын төмен салып қызарып кеткен күйі ыңғайсызданып отырды. К.Өт. ~ Оған қарағанда Ғазиза сұлық амандасты. Өз аяғымен іздеп келгенінен қысылды ма, әлде бейтаныс орыс жігітінен ұялды ма, басын төмен салып, көзін уқалағансып бетін баса берді. Б.Тоғ.
БАСЫН ҚАТЕРГЕ ТІКТІ (БАЙЛАДЫ)
Қауіпке барды; тәуекелге бел байлады. ~ Кеше келелі кеңес, ордалы отырыс күні заман бұлай шырқ айналар деп кім ойлаған. Ойлаған. Білген. Білгендіктен басын қатерге тіккен. Ақыры қан жұтып қазаға ұшыраған. Енді міне… Үлығың — майыр, ұлың — жандайшап… М.Мағ. ~ Сармолла жалғыз болса да, ауыр дерт үстінде, көп үшін өз басын күшті топтың жаулығына қарамай қатерге тіккен кісі тәрізденіп тұр. М.Әу. ~ Шіркін, Ағабек! Дос болса осындай болсыншы! Бұлар үшін өз басын қатерге де тікті-ау… О.Сәрс. ~ Махамбет шындық үшін күресті. Шындық үшін басын қатерге тікті. Егер біз осындай мінез қолданбасақ ұлттан айырыламыз, қазірдің өзінде айырылып тұрмыз. М.Шах. ~ Баласы қасында жүргенде де кәрі досының көңіл-күйі онша емес-ті, Бүгінгі күні жалғыз бала басын қатерге тігіп, көз көрмес, құлақ естімес жерге аттанып кеткеннен кейін сол сорлының көңілі тіпті кұлазып кетті ғой. Ә.Нұрп. ~ Ең ауыры — өткен заман емес, бүгінгі күн екен. Жеткен жерің, ақырғы нәтиже. Соншама мехнат пен азаптың төлемі осындай болса… кім үшін, не үшін басыңды қатерге байладың? М.Мағ.
БАСЫН ҚАРАЙТТЫ
а) Қайтыс болған адамның басына тас қойды, ескерткіш орнатты. ~ Балаларым хош көрсе, соның ақшасына марқұмның басын қарайтып, бейітіне бір белгі қойсам деймін. Д.Әш. ~ «Ананы бұзып, екі-үш күн ішінде Төремұрат батырдың басын қарайтыңдар» деп бұйрық береді. Қ.Тоқм.
ә) Бас қосты, бірікті. ~ Ал, біздің қазақта он қараның басын түзесе бай, он баланың басын қарайтса би болып шалқайып алады да, ортақтасып қам жасайтын шаруада ешкімге дес бермей қасарысып отырғаны. Ә.Кек. ~ Бөгенбайдың бес ұлына, немереден Саданбайдың Қожақметі, Шалқардың Алашы ерді. Жеті жігіт басын қарайтып ауылдан шыққан. З.Шүк.

