ӘУКЕСІ САЛБЫРАП, ЕМЕШЕГІ ҮЗІЛДІ

Көңілі түсті. ~ Сол кісінің бізге не ғып әукесі салбырап, емешегі үзіле қалғанына таңым бар. «Сый-лайды» дегенге сенгім келмейді. «Қорықты» деудің тағы қисыны жоқ. Жіп таға алмай әрі-сәрімін. Артымыздан қуып келіп, екі атын аударып алатын сияқты болады да тұрады. К.Сег.

ӘУКЕСІ САЛБЫРАП, ЕМЕШЕГІ ҮЗІЛДІ Read More

ӘУКЕСІ САЛБЫРАДЫ

  1. Әлденені уайым қылып, ұнжырғасы түсіп кетті. ~ Жиылыс соңынан күн үзын қалғып отырған кілбік көз Бүқабай мелиса әукесі салбырап, орнынан тұрып мылтығы бар үйлердің тізімін оқыды. С.Ел. ~ Әй қатың ананы қара!..— деп Жанишаны қасына шақырды.— Құдай берді, ана қайныңның әукесі салбырап құлап тұр! Өзін шайға шақыршы. Ғ.Мүс. ~ Сабырлы жігіт қой. Бірден «күйдім, жандым» дей ме. Әп дегеннен әукесі салбырағандар тұрлаусыз болады. Айтатынын кейінге сақтаған ғой. Т.Ахт.
  2. Көңілі кетіп, бейіл білдірді. ~ Манадан әукесі салбырап, көзін алмай қарап тұрып, енді бәлденуін қарашы мұның! Ғ.Мүс. ~ Шын айтам. Бұзық шал ол. Кемпірі жоқ екен. Жас иіс керек деп әукесі салбырап жүр. Байқа! Т.Сәу.
ӘУКЕСІ САЛБЫРАДЫ Read More

ӘУЖАЙ ТҮЙДІ

Біреудің ойын, жоспарын, ниетін білді. ~ Өзі қоныс аударуға бекіп алған Әнбияның жұмсауымен Боранқұл кеше ғана әужай түйіп қайту үшін қайын жұртына барып қайтқан. Ғ.Біл.

ӘУЖАЙ ТҮЙДІ Read More

ӘУЕС КӨРДІ (ЕТТІ)

Әлдебір іске қызығып, құмартты. ~ Аңшылар келіп ауылға, Әуес көріп аң етін Желіктеп үйге таратқан. (Талайлы құл…» ~ Толассыз соққан самал салқын леппен, Өзеурей өліп-өшіп сүйді беттен. Тамаша түннің тыныш табиғаты, Еріксіз жүруіңе әуес еткен. М.Мақ.

ӘУЕС КӨРДІ (ЕТТІ) Read More

ӘУЕНІНЕН ЖАҢЫЛДЫ

Үйреншікті әдетінен, ежелгі дағдысынан айрылды. ~ Ерні шүршигенмен ысқырығы жоқ, иыққа мінген төрткөз тажалдың әбітерінен, жан -алқымнан алған жанашырлығынан әуенінен жаңылып қалған Асекең, мына пәлені қайтсем екен дегендей кесеге үңіліп отырып қалды. Қ.Ысқ. ~ Сәлден соң күтір етіп көк қаусағандай қаһарлы дабыл денесін дір еткізді. Бұл От әуенінен жаңылып қалған-тұғын. Дір-дір етіп, тісі-тісіне тимей үрейленіп отырғанда, Отты шыбық қара бұлтты және бір осып өтті тура көз алдында. С.Сағ.

ӘУЕНІНЕН ЖАҢЫЛДЫ Read More

ӘУЕНІНЕ КІРДІ

Біреулерге ұқсап, тірлік жасады; ықпалында кетті. ~ Сүлеймен ақсақал жас кезінде елдегі көп құрбыларының әуеніне кіріп, ұрлық қылған еді. Ол кезде алысқа топтанып аттанып, бейнетті қиын жол көріп, соғыста болу ескі батырлықтың сарқытындай көрініп, ел ішінде қолы бос жүріп желік іздеген бозбалаға ең қызықты істің біріндей болыпты, тіпті жауынгерлік, өнерлілік саналыпты. М.Әу.

ӘУЕНІНЕ КІРДІ Read More

ӘУЕЛЕТЕ ШЫРҚАДЫ

Аспанға шарықтатты. ~ … байқау финалында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетіп, «Ұмытылмас күн» атты қазақша әнді әуелете шырқады. БАҚ. ~ Бұған дейін де талай жұртты тамсандырған «Дударай» әнін енді өрімдей жас қыз әуелете шырқап, көпшілікті тәнті етті. БАҚ

ӘУЕЛЕТЕ ШЫРҚАДЫ Read More

ӘУЕЛ (О) БАСТАН

Ежелден, бұрыннан, атам заманнан. ~ Ет таусылған жерге май қайдан келмек. Нан мен тоқаш әуел бастан жоқ. М.Мағ. ~ Қазанғаптың тілегін орындап оны бабалардың зираты – Ана-Бейітке апарып ақырғы мекеніне жайғастырады. Солай деп түйген уәделері бар о бастан. Ш.Айт.

ӘУЕЛ (О) БАСТАН Read More