ӘРІ ОЙЛАНЫП, БЕРІ ОЙЛАНЫП

Ұзақ ойланып, толғанып, сараға салып д.м. ~ Енді ауыл шаруашылығы жайында қалам сілтеймін десең, ұңғыл-шұңғылына дейін түсініп жазасың… Ал мен… әрі ойланып, бері ойланып… Саған аудандық газетті ұсынғалы отырмын. Қалай қарайсың? Өз мамандығың… Б.Тоғ. ~ Ол Күржікті орағыта бір қарап шықты. Алдыңғы аяғын көтеріп көрді де: – Ау, бұл жарыста аяғын шауып алған ат қой! – деді. Қисықмойын әрі ойланып, бері ойланып томсырайып отырды да, оқыстан: – Япырай, – деп қалды. Бұл жолаушы Рахматулла деген шала таныс кісі еді. Т.Әл.

ӘРІ ОЙЛАНЫП, БЕРІ ОЙЛАНЫП Read More

ӘРІ ҚАРАП, БЕРІ ҚАРАП (ЖҮРДІ)

Жан-жағын барлай қарай берді, алақ-жұлақ етті.~ Содан кейін айналып баздың екінші кішкене терезесіне келді. Көп сығалады… Әрі қарап, бері қарап жүріп, ақыры баз ішінде төменгі шұңқырды тімтініп, тіміскеленіп топырақ атып бұлқан–талқан боп жатқан екі долы қасқырды көрді… М.Әу.

ӘРІ ҚАРАП, БЕРІ ҚАРАП (ЖҮРДІ) Read More

ӘРІ ИТЕРІП, БЕРІ ЖЫҚТЫ

Әрі-сәрі күйге түсірді, тәлкек қылды. ~ Рәуіш осылай деп сөзінің соңын әлденеге шаптырып сиқырлана күліп жіберді. Осы күлкіде әрі итеріп, бері жыққандай ерекше тартымдылық бар екен, Қанат соған еліткендей үнсіз отырды. Ғ.Сл. ~ Ары итеріп, бері жығып, сөзбен біраз қаржасып алған соң, мұндай «шайқастарда» қашанда омақасатын әдеттіммен тағы да әйелдің уәжіне жығылдым. Т.Сәу.~ Жақын тұтқан адамыңнан көңілсіз жағдайға ұшырай қалсаң, сен оны қимай, ол сені қимай, әрі итеріп, бері жыққан бір мезетке душар келсең қайтер едің? Ғ.Сл. ~ Айбарымнан айрылсам тұлдырсыз өмір, ит тіршілік, әрі итеріп, бері жыққан баянсыз қызмет опа болар деймісің. Д.Дос. ~ Сол Алаш азаматтары дегенде неге бас-аяғы 4-5 адамның атын атап, басқаларын «ұмыт қалдыра» береміз? Тіпті, С. Қожанов, Т. Рысқұлов, С. Сейфуллиндер төңірегіндегі әрі итеріп, бері жығудан тарихымызға келер пайда мен зиянның қайсысы басым екенін де таразылай алмауымыз неліктен? М.Кенж.

ӘРІ ИТЕРІП, БЕРІ ЖЫҚТЫ Read More

ӘРІ ИТЕРІП, БЕРІ ЖЫҒЫП (ЖЫҚ)

Қақпақылдап, бір-біріне сілтеп, берекесін кетіріп әрекет ету туралы. ~ … омырауы жыртылған, бетіне құм жұққан, шашына шөңге жабысқан… әрі итеріп, бері жығып дегендей шофер бала екеуі қолдасып бетіне опа жаққан әнші маймылды, сосын қорбаңдаған бастық маймылды әрең дегенде кабина ішіне кептеп тықты. Д.Дос. ~ Қолынан келген жақсылықты осылай кісіні ары итеріп, бері жығып, қылжақтап отырып та істейтін қойқаңдаған көңілді біреулер болатын сияқты еді. Ә.Нұрп. ~ Оныдағы «шырағым… қарағым…» деп епке келтіру оңай емес. Өйстіп әрі итеріп, бері жығып, местегі қымызша шайқалып шытынап отырғанда түс ауып, күн екіндіге ойысады. Д.Дос. ~ Ел болып, ауқымдасамыз деген тілек үстінде әрі итеріп, бері жықты қойыңдар. С.Ом.

ӘРІ ИТЕРІП, БЕРІ ЖЫҒЫП (ЖЫҚ) Read More

ӘРІ АЙТТЫ, БЕРІ АЙТТЫ

Ұзақ сөйлесті, әлдебір жәйтті ұзақ талқылады. . ~ Бүкпесіз сырласты. Әрі айтып, бері айтып келгенде, «Алаш ордасының» арманы бәрінің де көкейіне ұялаған екен. Т.Рыск. ~ Әрі айтты, бері айтты, шұбар таяқ шын талақ қағазы боп шықса Бәйтекең қайтпек? Ғ.Сл.

ӘРІ АЙТТЫ, БЕРІ АЙТТЫ Read More

ӘРІ-СӘРІ ХАЛ

Не әрі емес, не бері емес, дүбара жағдай. ~ Әйтеуір, әрі-сәрі халде; мұрнын қайта-қайта тыжырына бергесін бұл да көкірегін қымтап ала қойды. Ә.Нұрп. ~ … өне бойын білдіртпей кеміріп жатқан қырық сезімнің басы қырық жаққа тартқылаған әрі-сәрі хәлдің –соқталаңына түсіп әбден қалжырап қайтады … Ә.Кек.

ӘРІ-СӘРІ ХАЛ Read More

ӘРІ-СӘРІ КҮЙ КЕШТІ

Не істерін білмей, екі ойлы, дел-сал күйге түсті. ~ Бек сол жолы еш нәрсенің ұштығына жете алмай, әрі-сәрі күй кешкен… Б.Тоғ. ~ Сол ортада қалып қойсаңыз да араласа алмай әрі-сәрі күй кешесіз. Ә.Тар.

ӘРІ-СӘРІ КҮЙ КЕШТІ Read More

ӘРІ-СӘРІ КЕЗЕҢ

Аласапыран, күні ертең не болары дүдамал уақыт. ~ Өзі біртүрлі жігіт. Ауылдастары түсіне алмады. Осындай әрі- сәрі кезеңде өлмелі әке- шешесін Алматыға көшіріп әкетпекші. Қ.Түм.

ӘРІ-СӘРІ КЕЗЕҢ Read More

ӘРІ-СӘРІ (БОЛДЫ)

Екі ұдай, дел-сал күй. Не істерін білмей дағдарып, басы қатты. ~ Қамкөңіл Гүлнаш бір ауық аяп кеткендей де еді. Бірақ ол әрі-сәрі боп, толқып, дағдара бастағанда, сыртта Құтжол шәу ете қалды. Т.Әл. ~ Батылдығың қайда? Әрі-сәрі боп жүре бермекпісің? Іштен желініп, құрисың ғой. М.Сүн. ~ Зағипа шығып кеткеннен кейін де Әсет көңілі әрі-сәрі боп тұнжыраған бейжай күйде қалды. С.Мұр. ~ Өстіп әрі-сәрі боп жүргенімде бір күні әкем жетіп келді. Н.Сер. ~ Екеуі абыржып қалды. Дәурен ып-ыстық қолымен білегімнен ұстай алды. Салондағылар әрі-сәрі. М.Қаб. ~ Шақалақ ақынның: «Тазы емес, төбет емес дүрегейім, Айрандай жаңа ұйыған кілегейім» деген елеңін естуің жоқ па еді? — деп сұрайды. — Естуім жоқ. — Естімесең, дүрегей деген сол. О да емес, бұ да емес, әрі-сәрі деген сөз. Т.Әл.

ӘРІ-СӘРІ (БОЛДЫ) Read More

ӘРІ-БЕРІДЕН СОҢ

  1. Керек болса, тіпті д.м. ~ « Расында менің де әрі-беріден соң, адам боп жаралғалы арыла алмай келе жатқан жауым осылар.» Р.Рай. ~ Жайлауға шыққан соң үйленсе көңілдері елегзитіндей, зерігетіндей болып жүргені де әншейін ғана нәрсе екен… Әрі-беріден соң кейде апасы да артық болып көрінеді. Т.Нұрм.
    ~ « Өсти берсек, балам, қазақ болмай қаламыз, әрі-беріден соң. Қарғысына ұшыраймыз ата-бабаның». Н.Дәут.
  2. Бірер уақыттан кейін. ~ Отты сөндірмейді, көміп қояды, сөніп қалса қайта тұтандыра алмаймыз деп қорқып, күндіз ересектері аңға, жеміс тере кеткенде, балаға отты күзеттіріп кетеді. Әрі-беріден соң жабайылар отқа тамақ пісіріп жейтін болды. А.Байт. ~ Пристав бізді Кравченковқа жіберді. Келдік. Келісімен мені екі солдат бағынға алды. Әрі-беріден соң Кравченков шақырып, жауапқа алды. І.Жан. ~ Нағашы апасының атын өрнектеп жазып сыйлаған естелік сыйлықтарды шаң басып тұр, бір шетте үйілген кітаптар мен ескі журналдарды ақтаруға жүрегі дауаламады, әрі тас үй әжептәуір суық екен, әрі-беріден соң бойы тоңази бастады. Ж.Шам.
ӘРІ-БЕРІДЕН СОҢ Read More