Әңгіменің даму бағыты, жалғасуы. ~ Сіз сонда империя қазір құлдырау, ыдырау сатысында тұр деп ойлайсыз ба? — деді ол негізгі әңгіме желісіне қайта оралып. Қ.Жұм. ~ Он алтыншы жылдан бері қарай Қытайға, Германия, Түркия, Иран, сияқты елдерге қоныс аударған Сансызбай қажының ұрпақтарының тіршілігі жайлы әңгіме желісі ұзаққа тартылған. Т.Рыс. ~ Шал ұзақ сөйледі. Алыстан орағытып, әңгіме желісін әріден бастады. С.См.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘҢГІМЕ АЯҒЫН СУҒА ТАСТАДЫ
Сөзін бітірмей, басқаға көшті д.м. ~ Жақан бас жылқышының миға кіретіндей бірдеңені бастап келе жатып, әңгіме аяғын суға тастап, аяқтамай бұрып әкететін әдетін кейінгі кезде байқап жүр. Ә.Кек.
ӘҢГІМЕ (-НІҢ) ТИЕГІН АҒЫТТЫ
Еркін сөйлесті; әңгіме-дүкен құрып, ойындағысымен бөлісті
~ Шың Шысай асыға күткен Абай да зорға жетті. Оны оңаша қабылдап, әңгіме тиегін еркін ағытқан Шың мырза өз қуанышын жасыра алмады. Ж.Шәк. ~ Соңғы кезде көлемі ұлғайып, жеміс ағаштары молайған шағын бақтың ішіндегі отырғышқа досымен қатар жайғасып, әңгіме тиегін ағытты. Ү.Жлк. ~ Дос– жарандары, құрбы– құрдастары сондайда Оралханның, үйіне жиналып, аяулы жары Айман жасаған мол дастарқанның басында отырады. Орекем сондайда шешіліп, көсіліп, түйдек– түйдегімен сан алуан әңгіме тиегін ағытады. Ш.Мұр. Белгілі ақын Сабыр Адаймен кездесе қалған сәттерде өткен- кеткен әңгіменің тиегін ағытатынымыз бар. О.Көш. ~ … төр басында малдас құрып отырған ол небір әдемі әңгіменің тиегін ағытып еді. Д.Әш.
ӘҢГІМЕ-ДҮКЕН ҚҰРДЫ
Шүйіркелесе әңгімелесті; қызу сөйлесті. ~ Желіккен байлар құл айдап, Еріккен байлар хан сайлап, Әңгіме-Дүкен құрмай ма? Иранда сонау құт қонған… М.Жұм. ~ … көрші тайпадан келген қонақтар алаңның ортасында мерекелік тамақтарды алдарына жайып салып, әңгіме-дүкен құруда. Т.Әбд. ~ Көктем шыға көк шөп үстінде жантайысып, ескі шежіре, той-көкпар жайлы әңгіме-дүкен құратын қариялар тобы егіс даласында. Т.Бер.
ӘҢГІ ЕСЕКТЕЙ
Ақыл-ойсыз, парықсыз, миғұла адамға қатысты айтылады ~ Республика басшылығына орыс нәсілді басшы келіп еді. Қазаққа қарсы құтырына іс бастап, әңгі есектей әкіреңдеп шыға келді. Қ.Ерг. ~ Әлібидің Ер Шора найзасын тартып алады. Жылдамырақ Әліби қылышқа оңтайланады. Әңгі есектей ақырып, үш мәртебе шабады. Сол уақытта баяғы Бабай Түкті Шашты Әзіз қылышты жылдам қағады. Н.Рах. ~ Ашуға мінді Қабыршақ. Адамда жаман сол еді Сақалы ұзын ақымақ. Айқайын салып келеді, Бақырауық неме еді, Әңгі есектей аңқылдап: «Қораз, Дараз, Алшыораз, Қайдасың, деді, Қарымсақ? «Қамбар б.»
ӘҢГЕЛЕКТЕЙ ДОМАЛАДЫ (ДӨҢГЕЛЕДІ)
Жүгіріп шықты д.м. ~ Жүгіріп шешесінен бұрын жетіп Үміт келіп құшақтай алды. Қолы қызының әңгелектей домаланған басынан сипап жатыр. Көзі — Хансұлуда. С.Ел. ~ Екеуіңе қызығып алыста Ай да, Дегендей бір қараспен табыспай ма? – Дөңгеленіп барады әңгелектей, Дәл сондайлық қабақты қағыс қайда?! А.Әл.
ӘҢГЕЛЕК ОЙНАТТЫ
Шыр айналдырып, үйіріп әкетті. ~ Тау тасқыны үйдей тастарды әңгелек ойнатты. БАҚ
ӘҢГЕЛЕК БАС
Шағын ғана дөңгелек бас. ~ Анау… Сол… Баяғы өзі жейдесінің жеңін шешкен, ауын ағытқан, носкиін сыпырып алатын әйел құйрық, әңгелек бас, әтеш тұмсық… Бұ, нағып жүр?.. Н.Дәу.
ӘҢГЕЛЕК АТТЫРДЫ
Оп-оңай итере салды, аударып тастады, лақтырып жіберді. ~ Бір салғаннан бәрін алу қайда, қалғанын қамтып алып, өзіне қарай тарта берді. Уақыт текке кетпесін деп Иван Петрович стойканы көтере бастады. Оның әрқайсысының салмағы батпандай, бірден әңгелек аттыра алмайсың. Соның біріншісін қайқаң еткізіп, жоғары шығарып, «үһ» деп бір демалмақшы болып кідіре берген. В.Рас.
ӘНІНЕ БАСТЫ
- Ән шырқады; күй ойнады. ~ Қазақ арбалардың әні іргеге таяп келеді. — Өзі бар, адымы жоқ аяғының, Тимейді ұшы жерге таяғының, Аяғын айуанға арта тастап, Әніне басады екен баяғының… Ғ.Мүс. ~ «Ағажай» әніне бастай жөнеліп, сол күлкімді жылауға айналдырып жібере жаздады. Қ.Шаб.
- Ескі әдетіне көшті. ~ Қазақ-орыстар күшейіп, бұрынғы әніне басыпты. Семейде «алашорда» әскері жасалыпты. Ж.Айм. ~ Сәл саябыр тапқанмен артынша қайтадан лықылдап әдепкі әніне басты. Т.Сәу.

