Итін шығарды; ойран-топыр қылды; берекесін алды. ~ Олардың қолдарында қиқылдақ-шиқылдақтар жеткілікті екен, ойын басталмай жатып-ақ басымызды әңкі-тәңкі етті.
Е.Жең. ~ … бұрын-соң от басында істемеген әдетін істеп, жолда тұрған ыдыс-аяқтарды теyiп, үйдің ішін әңкі-тәңкі қылды. Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘҢКІ-ТӘҢКІ БОЛДЫ
Басы қатты, миы ашыды, не істерін білмей дал болды.
~ Шөке жол бойы түнде ауылға тиген жаудың әлгіндегі тұрышқа беріп беті қайтқан топтың кім екенінің байыбына бара алмай әңкі-тәңкі болды. Б.Жұм. ~ О, тоба! Қозбағар сөйтіп әңкі-тәңкі болып отырғанда сырттан бір топ бала шулап өтті. Шегенің «алжасқан» себебін сонда түсініп, лажсыз езу тартты Қозбағар. С.Елу. ~ Шұбар таяқ пайда болғаннан бері, Айкүміс талай-талай қиялдың басын шалып, кейде ауыр-ауыр ойларға сүңги шомып, әңкі-тәңкі боп жүрді. Ғ.Сл.
ӘҢГІР ТАЯҚ ОЙНАТТЫ
Қорлық көрсетті, қоқан-лоққы жасады, біреудің басына зобалаң тудырды. ~ Әлсіздерге ойнатқан әңгір таяқ, Саған да бір зауал шақ — туар заман. Тағылардың тағысы бөлексің де, Сенің қаңқаң итіме керексің бе. М.Мақ. ~ Осы тамақты «чахохбили» деп бір грузиннің алдына қойса бар ғой, аспаздың басына сөзсіз әңгір таяқ ойнататын еді. Т.Бер. ~ Ши көшенің басында тұратын Қатипаның басына көршісі Кәмалия әңгір таяқ ойнатқан екен, оның да амалы табылыпты… А.Сәб. ~ Бір кездері сойқан-сойқан солақай саясат төбемізден әңгір таяқ ойнатты ғой. Шетелде туыс-туғанымыз, жұрат-жегжатымыз болса да «қос жүрек», «іште тұрып, шетке байланған» болдық. Хат алып, хат жолдасақ та от ұстағандай болдық. Құдай көрсетті ғой оған да. Кезекті дүние деген сол. Т.Рыс.
ӘҢГІМЕНІҢ ЖІБІН САБАҚТАДЫ (ШИРАТЫП ЖІБЕРДІ)
Әңгіменің үзіліп қалмауына, жалғасуына себін тигізді. ~ Сәмет осы араға жеткенде басын төмен салып, терең ойланып қалды. − Елге қайта оралуыңызға не себеп болды? — деп әңгіменің жібін сабақтап жібердім. С.Ом. ~ Бұлардың біріне-бірі жалтақтап, бір шешімге келе алмай қипақтап қанша уақыт отырарын бір құдай білер еді. Сөйтіп отырғанда, Оливер бұрын көрген екі жас ледидің ойда жоқта келе қалуы әңгіменің жібін ширатып жіберді. Ч.Дик.
ӘҢГІМЕЛІ БОЛДЫ
Өсекке қалды, артынан сөз ерді; басына іс түсті. ~ Қап, не қыласың… Бұның өзінен де болды. Тым құрыса, қазіргідей басына бұлт үйіріліп әңгімелі болып тұрғанда қиқарланбай, шақырған уақытқа дәл барғанда әлде қайтер еді? Ал бұл жатты да қитықты. Ә.Нұрп. ~ Иә, сенің басыңнан сондай да күн өтті; кейін әңгімелі болғанда сол күндерді аңсап есіне алатын; институт бітіргесін де сыралғы жігіттің жолы болып, желі оңынан тұрды. Ә.Нұрп.
ӘҢГІМЕЛЕРІ ЖАРАСТЫ
Ортақ тіл табысты; шүйіркелесті, ойлары бір жерден шықты ~ Екеуінің әңгімелері жарасып, арасында қалжыңдасып күліп қояды. – Ал енді келген бұйымтайыңды айт, маған маңызды шаруамен келген боларсың… БАҚ ~ Екеуінің тез тіл табысып кеткендігі соншалық, әңгімелері жарасып, өткен-кеткен тарихтан бастап, болашақтың бедерлі белестеріне дейін барып қайтты. БАҚ ~ Екеуінің әңгімесі жарасып, өзара ортақ бір дүбәра тілмен түсінісетін. Ү.Жәл.
ӘҢГІМЕ ТИЕГІ АҒЫТЫЛДЫ
Бара-бара әңгіме қызды. ~ Келе- келе өн бойын езілген тер басып, моншадан жаңа шыққандай- ақ қып- қызыл боп бөртіп алады. Осыдан кейін- ақ әңгіме тиегі ағытылады. С.Мұр. ~ Алдымда бара жатқан көршімді қуып жеттім. Жағдай сұрасып, жол қысқартпақ ниетпен әңгіме тиегі ағытылды. З.Жан. ~ Жылы жерден қапелімде шыға қояр жұмысшылар да жоқ. Әңгіме тиегі ағытылып, бойы жылынғасын, қайдан шыға қойсын. Ү.Жлк. ~ Ауылға жеткенше әңгіме тиегі ағытыла берген. Т.Рыс.
ӘҢГІМЕ СОҚТЫ
Ұзыннан-ұзақ әңгіме айтып, жағы тынбады. ~ Елизаров Борандыға келген сайын Қазанғап, Едіге үшеуі түні бойы әңгіме соғып отырар еді…Ш.Айт. ~ Енді ол алысқа ұзап шықпайды, той-думанға бармайды, жападан-жалғыз отырып жырлар шығарады, өткен-кеткен өмірді ойлайды, опасыз дүние туралы әңгіме соққан кәрі-құртаң, шал- шауқанның ортасында отырады… Ш.Айт.
ӘҢГІМЕ ОТЫН МАЗДАТТЫ
Әңгіме-дүкен құрды; әңгімені қыздырды. ~ Тағы да әр жақтан атқамінерлер келе бастады. Жөгінің, Алшынның, Қыпшақтың бетке шығарлары, тарақты арғынның қулары еді. Әкімдерді қаумалап, әңгіменің отын маздатысты. Т.Әл.
ӘҢГІМЕ ҚАШЫРДЫ
Сөзге тартып, әңгіме бастады. ~ Үнсіздік ауырлап бара жатқасын, сен әңгіме қашырып: – Бұл жаққа суық ерте түскен бе, қалай? Кәдімгідей күзгі қара суықтың ызғары сезіледі,– деп едің, көңілсіз кісілер қостамады. Ə.Нұрп. ~ Тоқмырза дастарқанның жиегіне жайғасып əңгіме қашырды. М. Қан.

