Сөйткенше болмай; ілезде; көзді-ашып жұмғанша. ~ Әне-міне дегенше көктем өтіп, жаз да келді. Ш.Айт. ~ Тік құлақ‚ сөлпең құйрық овчарка жетектеген үшеу әне-міне дегенше жетіп келді. А.Алт. ~ Тиіп-қашты әңгімемен әне-міне дегенше станцияға жеткен. Т.Сәу. ~ Әне-міне дегенше жүз он жетінші келіп, екінші запас жолға тұрды да, қарама-қарсыдан мұнай тартқан кілең цистерналы состав та жетті. Ш.Айт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘНГЕ ҚОСТЫ
- Өлеңді әуенге салып, ән қылып айтты. ~ Ақын мен жыршының арасындағы айырмашылық ақын өлеңді өз жанынан сол сәтінде шығарады (импровизация), ал жыршы көбінесе даяр өлеңдерді әнге қосып айтады. С.Мұқ. ~ Жас ақын ел ішіне әлі тарай қоймаған «Іле сипаты» деген толғауын әнге қосып, шырқай жөнеліп еді. Т.Рыск.
- Сезімін, сүйгенін, туған жерін т.с.с. ән қылып жырлады, әнін арнады. ~ Сүйіктісінің зейінділігіне, тапқырлығына ырза болған Қайып: Ақбөбек артық еді-ау ақыл-айлаң, Тар жерде тиюші еді-ау талай пайдаң — деп тамсана әнге қосты. Ү.Жәл. ~ Түн рақатын жаман даусымен өзінше әнге қосқан бір құрбақа қарсы алдымыздан бақылдады. К.Сег.
ӘН КЕРНЕДІ
Әнге бөленді; ән шарықтады. ~ Диктордың сөзі бітер-бітпестен салон ішін ән керней жөнелді: Ән-жүрегім – Астанам,
Жан-жүрегім – астанам, Әлемде жоқ Бас қалам!.. Т.Сәу.
~ Мерей Матьенің тамылжыған тәтті үні жүрек суыра шалықтап шарықтай түсті. Ән кернеп, жалын шарпыған қып-қызыл әлем. Т.Сәу.
ӘМПЕЙЛЕСЕ ҚАЛДЫ
Шүйіркелесті; жақын сырласты; көңілдес болды. ~ Кейбір бозбалалар ауыздары жабысып, әмпейлесе қалыпты. С.Ом.
~ Сенің солармен қалай әмпейлесе қалғаныңа қайранмын! Ғ.Мұст.
ӘМПЕЙ БОЛДЫ
Жақындасты, жарамсақтанды. ~ Осы ертең өседi-ау, күнiм түсуi мүмкiн-ау деген адамдармен ерте бастан жақындасып, әмпей болып алу Айтуаровтың ежелден бергi әдетi болатын. Бұл – оның әбден меңгерген ғылымы. Т.Сәук.
ӘМПЕЙ-ЖӘМПЕЙ БОЛДЫ
Етене жақындасты; ауыз жаласты; көңіл жарастырды. ~ Байқайсың ба, биылғы моңғол жағына көшіп барғандарды олар кейін қумай отыр. Жин Шурын үкіметінің Кеңес Одағымен сауда келісімі бар. Моңғол елі де кеңестіктермен әмпей-жәмпей болса керек. Ж.Шәк. ~ Бағланның еті піскенше, секратар мен Қанат әмпей-жәмпей болып, балдырласып жатты. Т.Рыс.
ӘМІРКЕН ЕТІК
Әдемі, жылтыр етік. ~ Отряд бастығы қатулана тұрып, әміркен етіктің біз өкшесімен Боқбасарды нақ төстен теуіп жібергенде Боқаң шал қалай құлады. Б.Майл.
ӘМІРІН ЕКІ ЕТПЕДІ
Бұйрықты бұлжытпай орындады. ~ Ыбырайым пайғамбар Алланың әмірін екі етпей, Ысмайылды құрбандыққа шалмақшы болып жатқанда, Алладан тағы хабар келді: – Ей, Ыбырайым баланы босат. Оның орнына мына қошқарды шал! – деп аспаннан көк қошқар түсірді. Ш.Мұр. ~ Жоқ, шал. Алла әділ. Ол таққа отырғызу үшін ерік-жігерімді матап, ұзақ сынады, — деді Махмұтдин. Бар азабына төзіп, әмірін екі етпейтінге ғана билік беруге болатынын Жаратқан анық біледі. Г.Бел.
ӘМІРІ (СУДАЙ) ЖҮРДІ
Билігі өтті; айтқаны болды. ~ Сылдыр-сылдыр ағып жатқан мөлдір бұлаққа да, жасыл-желек арасында мігірсіз шықылықтаған сансыз құстарға да, су үстінен шыр айналып шықпай қойған көк қанат инелікке де оның ешқандай әмірі жүрмейді.Ә.Кек. ~ Одан кейінгі күндер де татар көсемі қатыным бар екен- ау деп елеген де жоқ. Бике оның аяқ басқанын аңдыды. Халқына оның əмірі судай жүретінін аңдады. Ж.Айм.
ӘМІР ҚАТТЫ, ЖАН ТӘТТІ
Өлім қаупінен қорқып әлдебір бұйрықты орындауға мәжбүр болу туралы. ~ Тынышы кеткен солдаттар тыпыршып, қаша жөнелуге шақ тұрады. Бірақ, әмір қатты, жан тәтті, аюды алмай қайтса ұлықтан көретін көресілері де жеңіл соққалы тұрмаса керек. Ғ.Біл.

