Нақты біреуді нұсқады. ~ Біредің қойына қойын қосып аманат еткендей, жандарын мықты біреулердің жанына қосып қойып
отқа да, сотқа да бой бермей қырып-жойып жүрген жігіттердің атын атап, түсін түстейін десем, өзімнің де жаным біреудің
қолында жүр. О. Әуб. ~ Бірақ бұрынғыдай алаяқтардың атын атап, түсін түстеп, ішкені мен жегенін
әшкерелеп, желкесінен тістеп жазған нақты фельетондарды доғардым. К.Әм. ~ Әнші де «Мынау мынадай ән
еді…» деп, атын атап, түсін түстеп жатпай-ақ, бірінен соң бірін аңыратып, ағындатып салып жатыр. Ә.Сал. ~ Қыз бала болған соң,
атын атап, түсін түстемей, жай ғана сынаған болып сипай қамшылап едім, қызару қайда «пішту» дегендей бетіме қарап,
мұрнын шүйірді. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АТЫН АУЫЗҒА АЛДЫ
Атын атады, еске алды. ~ Театр ұжымы көрші облыстарға гастрольдік сапарға шықса да алдымен сол кісінің атын ауызға алады. Себебі алдын көрген, тәлім- тәрбиесін алған шәкірттері ол кісі десе, ішкен астарын жерге қояды. Аруағының алдында тікелерінен тік тұрады. Қысқасы, театрдың жетістігі сол кісінің есімімен тікелей байланысты. Қ.Жиен.
АТЫН БОРБАЙЛАП ШАПТЫ (БОРБАЙЛАДЫ)
Атын үсті-үстіне қамшылады. ~ Сол-ақ екен, Шұбар сәтте құбылып, жаны күйген кісі боп: «Не дейді? Құдай-ау, не дейді. Жібергеніміз бе? Жүрсеңші, Ысқақ аға!» – деп, атын борбайлап, Абайдың соңынан шаба жөнелді. М.Әу. ~ Саудагер өзбек: «Өлесің, қазақ, өлесің, қазақ»,— деп, атын борбайлап, ыржақтап күліп барады. Т.Берд. ~ Ойбай бауырым!.. Бауырым, Қодар — деп Жексен өкіріп жылап, атын борбайлап, Қодар қыстауына қарай шаба жөнелді. М.Әу. ~ Жөн-жосығын ешкім білмейтін, қарақан басы болмаса әлеуметке жасаған тырнақтай еңбегі жоқ, сайлау десе атын борбайлап шаба жөнелетін қазіргі далбаңбайлар осыдан үлгі алса етті. Р.Нұрғ. ~ Бәкизат қайырылмады; ана Жәдігер де мына Жәдігерге жөнін айтпастан атын борбайлап, кәпелімде қарасы көзден үзіліп ғайып болған әйелдің соңынан шаба жөнелді. Ә.Нұрп.
АТЫН ЖАМЫЛДЫ
Біреудің беделін, ықпалын, атақ-дәрежесін меншіктеп алды, пайдалананып кетті. ~ Ол да туған ұлындай өсіріп жеткізді. Сол кісінің атын жамылып институтқа түстім, партия қатарына өттім. Т.Сәу. ~ Олар әр жерде «Милиция» атын жамылып, әскерлік қосын құруға жанталасады, ондағы ойы Совет өкіметіне қарсы құралды күш ұйымдастыру екені өзінен өзі көрініп тұр. С.Мұқ.
.
АТЫН ҚОСТЫ ++
~ Дәмелі екі көзіне ерік берді. Сорғалаған жасты сүрткен де жоқ. Ішін босатып алғысы келді ме, әйтеуір абысынының шеріне атын қосты да жіберді. Бәтима да өзін-өзі ұстай алмапты. Дастарқан жасап жүріп көзі боталап жүр. К.Қаз.
АТЫН ӨШІРДІ
Атын тарих бетінен сызып тастады. ~ Уақыт деген шіркін қаламға да еркіндік берген жоқ. Соған қарамастан, өкімет қазақтың тарихынан атын өшіріп тастаған аяулы азаматтардың бейнесін көркем әдебиетте қайта жаңғыртқан қаламгерлердің бірі Ахан болды. Қ.Ыс. ~ Ал сол «кекті империяның» қыздары мен жесірлерінен туған жиендері – «қалмақтан жылқы қайырған, қатын-баласын айырған» қазақтар – көшпенділердің соңғы ұлы империясының тоз-тозаласын шығарып, жер бетінен атын өшіріп тынды. Т.Жұр. ~ Әйтеуір бейтарап қалған ешкім жоқ. Біреулері Раймалы-ағаның қылығын жақтырмай кіржиеді, оның атын өшірмек болады… Ш.Ай.
АТЫН ӨШІРМЕДІ
1. Есімін ел есінде сақтады. ~ Ана жылы мен үшін түрмеде жынданып өлген қыздың аты Самал еді, мұны сүйгендіктен сол байғұстың да атын өшіргім келмеді. Ә.Әб. ~ Жатқанның өзінде сырттан терезеден қарағанда мүйізі көрініп тұрады. Әкім қыста шөптің бар жылы-жұмсағын да осы бөртеге береді. Бұрынғыдай емес, бөртелігі бұзылып, ақшылданып бара жатқан секілді. Дәнекердің атын өшірмей тұрған осы ғана. «Дәнекердің бөртесі», «Дәнекердің серкесі!». К.Қаз.
2. Ұрпағын жалғастырды. ~ Қаламынан туған төрт роман тарихта не қалар, не қалмас, ал өз кіндігінен тараған төрт ұл мұның атын өшірмейтініне сенімі кәміл. Қ.Жұм. ~ Туған шешеден бала ешқайда қашпайды. Мұқатайдың атын өшірме! Сен екеуің тұрғанда Мұқан шалдың аты өшпейді. К.Қаз. ~ Оттама, Әубәкір шалдан не жамандық көрдің? Аштықтан да, қастықтан да аман сақтап, асырады, жеткізді. Енді ел-жұрттан ұят болады. Атын өшірмеймін десең балаларыңның бірін
АТЫ ҚҰРЫДЫ
Біржола келмеске кетті, із-түссіз ғайып болды; аты өшті.
~ Енді орман қоры ретінде бүл өңірден Жындысайдың да аты өшті деген сөз: адам аяғы, ат тұяғы болмаса ит арқасы қиянға техника дәрменсіз, ағаш егіп, егін себе алмайсың, шаруаға септігі жоқ таз төбенің бірі болып қала береді. Қ.Ысқ. ~ Ол тұста ереуілдің берекесі әбден кете бастаған–ды. Көгеш бойындағы шайқастан соң Қылмақ Абыздың аты құрыды. Біреулер сол шайқаста мерт бопты, бірақ ереуілшілер сүйегін тастамай, өздерімен бірге ала кетіпті деп соқты. Ә.Кек.
АТЫН ТЕРГЕДІ
Есімін жанамалап, тұспалдап атады. ~ Әкемнің молдалығы бар, құран біледі деп қорқады екен. Тіптен жас кезінде «оқыған бала» деп атын тергейтін болыпты. Б.Мом. ~ » Туыстық жағы жақын шығар Такеңнің?– Таңжайық сады ұюынан, біз баян боямыз… – Жөн– жөн. Сады, баян аталас рулар. – Әкеңіздің аты кім болады?– Атам аттас… Маңияма… – Е, аталарының атын тергейтін қазақ әйелдері: Қойды «маңырама» деп жатушы еді. Т.Рыс.
АТЫ ӨШКІР
Құрып кеткір, оңбағыр. ~ Ойбай-ау, о не дегенің! Бір емес он ажал қатар келсе, сені қолымнан берер ме екем… Өлме! Қой, қой-ақ қой. Атама ол өлім дейтін аты өшкірді. С.См. ~ Сөз емес – Фуку – қате естір, Сөз емес – Фуку – бата естір, Әдет сөз – Зауал зұлматты Атамайтұғын, Аты өшкір! К.Мыр.

