Кеңесті, ақылдасты, пікір алысты. ~ Сол күнi Абай, екi жақтан үш-үштен, алты ғана кiсi шақырып алды. Бiраз әңгiмеде аужай
түйiстi. Абаймен бұл жолы кездескен Найман кiсiлерi Жұмақан, Барақ төре, Тәңiрбердi болатын. Керейден – Тойсары мен
Бегеш, Тышқанбай. Осы аз адамдардың сөзiне Абай Жиренше мен Оразбайды ерте келдi. Керей-найман адамдарына
Абайдың бұл жолғы сөзi бiр жайдан өтiлу. М.Әу. ~ Бұл сөзді Абайдың өзіне айтпаса да, «оның жақсы көрген баласы» деп
және «ендігі жастардың білгірі, есті-бастысы» деп Мағашқа салған. Өзара кісі жіберісіп, хабарласып алып, аужай түйісіп «е»
дескен ел Тобықты ішінде бұл жөнінде аз емес-ті. М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АТЫМЕН ЖОҚ
Мүлде жоқ, шырақ алып іздесең, таппайсың. ~ Кіші ауылдағы Жамалдың апасынан сұрамаса, бұл ауылда атымен қой жоқ. Ж.Айм. ~ Өйткені олар жалған көлгірсуді білмейді, жалпылдап жағымсу да оларда атымен жоқ, жайы келсе ашылып та, ашынып та сайрап береді. Ә.Асқ. ~ Айнала құрғақ болғанмен шатыр мен тесік төбеден аққан жаңбырдан табалдырық алдына шалшық су жиналып қалыпты. Сәкі деген атымен жоқ. Л.Тол. ~ Біріншіден, нарвал дегеніңіз атымен жоқ, тіпті сондай бір жануар болған күнде де, оған ұшыраса аламыз дейтін бізде қандай мүмкіншілік бар? Ж.Верн.
АТЫМНЫҢ СЫРЫ ӨЗІМЕ МӘЛІМ
Әркім өз мінезін, кемшілігін, сырын өзі жақсы біледі д.м. ~ Бұлар қайда кетті деп, азырақ тосып тұрдық. Атымның сыры өзіме мәлім дегендей, ішіме сезікті ойлар кіре бастады. Б.Соқ. ~ Не дейін?! «Жылама, Ештай, ол кісі де жақсы кісі ғой» дегім келеді. Бірақ енді менің жағым шындап қарысты. Үнім шығар емес. Менің шақшадай басымда да мұңның бұлты торлап алды. Өз «қасіретім» өзіме мәлім. К.Сег. ~ Назырхан, баяғы шалымды айтам да, от алып, ораққа түскендей өткір жігіт еді. Қыз– келіншектерге де жолы болғыш серілігі бар болатын. Отағасының сыры өзіме мәлім ғой… Ә.Асқ.
АТЫН АҚТАДЫ
Атына сай іс жасады. ~ «Тоқсаба Торытайұлы өз ныспысына сай боп шықты, атын ақтады. Біз жерлесімізді мақтамаймыз. Біз Тоқсабамен мақтанамыз». Десті. М.Байғ.
АТЫН АТАП, ТҮСІН ТҮСТЕДІ
Нақты біреуді нұсқады. ~ Біредің қойына қойын қосып аманат еткендей, жандарын мықты біреулердің жанына қосып қойып
отқа да, сотқа да бой бермей қырып-жойып жүрген жігіттердің атын атап, түсін түстейін десем, өзімнің де жаным біреудің
қолында жүр. О. Әуб. ~ Бірақ бұрынғыдай алаяқтардың атын атап, түсін түстеп, ішкені мен жегенін
әшкерелеп, желкесінен тістеп жазған нақты фельетондарды доғардым. К.Әм. ~ Әнші де «Мынау мынадай ән
еді…» деп, атын атап, түсін түстеп жатпай-ақ, бірінен соң бірін аңыратып, ағындатып салып жатыр. Ә.Сал. ~ Қыз бала болған соң,
атын атап, түсін түстемей, жай ғана сынаған болып сипай қамшылап едім, қызару қайда «пішту» дегендей бетіме қарап,
мұрнын шүйірді. Т.Сәу.
АТЫН АУЫЗҒА АЛДЫ
Атын атады, еске алды. ~ Театр ұжымы көрші облыстарға гастрольдік сапарға шықса да алдымен сол кісінің атын ауызға алады. Себебі алдын көрген, тәлім- тәрбиесін алған шәкірттері ол кісі десе, ішкен астарын жерге қояды. Аруағының алдында тікелерінен тік тұрады. Қысқасы, театрдың жетістігі сол кісінің есімімен тікелей байланысты. Қ.Жиен.
АТЫН БОРБАЙЛАП ШАПТЫ (БОРБАЙЛАДЫ)
Атын үсті-үстіне қамшылады. ~ Сол-ақ екен, Шұбар сәтте құбылып, жаны күйген кісі боп: «Не дейді? Құдай-ау, не дейді. Жібергеніміз бе? Жүрсеңші, Ысқақ аға!» – деп, атын борбайлап, Абайдың соңынан шаба жөнелді. М.Әу. ~ Саудагер өзбек: «Өлесің, қазақ, өлесің, қазақ»,— деп, атын борбайлап, ыржақтап күліп барады. Т.Берд. ~ Ойбай бауырым!.. Бауырым, Қодар — деп Жексен өкіріп жылап, атын борбайлап, Қодар қыстауына қарай шаба жөнелді. М.Әу. ~ Жөн-жосығын ешкім білмейтін, қарақан басы болмаса әлеуметке жасаған тырнақтай еңбегі жоқ, сайлау десе атын борбайлап шаба жөнелетін қазіргі далбаңбайлар осыдан үлгі алса етті. Р.Нұрғ. ~ Бәкизат қайырылмады; ана Жәдігер де мына Жәдігерге жөнін айтпастан атын борбайлап, кәпелімде қарасы көзден үзіліп ғайып болған әйелдің соңынан шаба жөнелді. Ә.Нұрп.
АТЫН ЖАМЫЛДЫ
Біреудің беделін, ықпалын, атақ-дәрежесін меншіктеп алды, пайдалананып кетті. ~ Ол да туған ұлындай өсіріп жеткізді. Сол кісінің атын жамылып институтқа түстім, партия қатарына өттім. Т.Сәу. ~ Олар әр жерде «Милиция» атын жамылып, әскерлік қосын құруға жанталасады, ондағы ойы Совет өкіметіне қарсы құралды күш ұйымдастыру екені өзінен өзі көрініп тұр. С.Мұқ.
.
АТЫН ҚОСТЫ ++
~ Дәмелі екі көзіне ерік берді. Сорғалаған жасты сүрткен де жоқ. Ішін босатып алғысы келді ме, әйтеуір абысынының шеріне атын қосты да жіберді. Бәтима да өзін-өзі ұстай алмапты. Дастарқан жасап жүріп көзі боталап жүр. К.Қаз.
АТЫН ӨШІРДІ
Атын тарих бетінен сызып тастады. ~ Уақыт деген шіркін қаламға да еркіндік берген жоқ. Соған қарамастан, өкімет қазақтың тарихынан атын өшіріп тастаған аяулы азаматтардың бейнесін көркем әдебиетте қайта жаңғыртқан қаламгерлердің бірі Ахан болды. Қ.Ыс. ~ Ал сол «кекті империяның» қыздары мен жесірлерінен туған жиендері – «қалмақтан жылқы қайырған, қатын-баласын айырған» қазақтар – көшпенділердің соңғы ұлы империясының тоз-тозаласын шығарып, жер бетінен атын өшіріп тынды. Т.Жұр. ~ Әйтеуір бейтарап қалған ешкім жоқ. Біреулері Раймалы-ағаның қылығын жақтырмай кіржиеді, оның атын өшірмек болады… Ш.Ай.

