Тозығы жеткен, көне. ~ Белекеңнің лекциясы – лекция емес, диктант. Атам заманғы ескі дəптерінің екі сағатта төрт бетін ежіктеп-айтып жаздырады да жөніне кетеді. Жазбасаң, ұрсады. З.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АТА ЖОЛЫНА БЕРІК
Ата-бабаларының өсиетімен өмір сүрді; солардың жолын жалғастырды. ~ Бірақ солай болған күннің өзінде қытай жұртының ата жолына берік екені, дәстүрді сақтау үшін, керек болса өлімге де бара алатыны осы ғақлия әңгімеден айна-қатесіз көрініп тұр. Т.Әс.
АТАҒЫ БАР
Даңқы шыққан, белгілі болған, мақтаулы. ~ Маралбай ою- өрнек салып, бұлғарыдан тебінгі тоқым қайып, мүйіздеп торсық тігетін. Оның өрген өмілдірік, жүген — құйысқаны, қырғыз өрім қамшысы Күнес ауданына ғана емес, көршілес Нылқы, Текес, Мұңғұлкүре аудандарында да атағы бар. Т.Рыс. ~ Концерт басқарушы шықты да, бұрыннан аты белгілі атағы бар орта әншінің бірін атады. Сахнаға таныс адам шықты. С.Бақ. ~ Досов қулыққа салды. Өз пайдасына қарай бұрды. Қаладан келген, атағы бар адам алдында Нұрмолданы сөйлетіп, жазып жүрген очеркіне керек материал алып С.Бақ.
АТА ЖОЛЫНА ЖҮГІНДІ
Ата-бабалардың өсиеттерін алға тартты, дәстүр-салтқа сай әрекет етті. ~ Бір-бірімізден теріс қарап томыраймай, алдымызға келген асты жадырай ішіп, мәслихатымыз жарасты болсын десек, ата жолына жүгінейік. Т.Сәу.
АТАҒЫ ДАРДАЙ (ТАУДАЙ)
Жәй адам емес, дүйім елге танымал, абырой-атағы әжептәуір. ~ Қаракесектің бір кезде өзіңізбен тізе қосып, сүбелі сөзге араласқан Қали дейтін жүйрігі бар екен. Мағаштан жасы үлкен, өзінің атағы да дардай көрінеді. Соны Семейдің төрт биінің бірі деп атайды екен. М.Әу. ~ Жібі түзу кім бар ішінде, кім бастап келген сендерді?! – деп Нұртаза өңкей сайтанның сапалағындай боп көрінген мына ұсқынсыз сотқарларды місе тұтпай, бұлармен сөйлесу өзінің дардай атағына, болыс атына кір келтіретіндей менсінбей қарады. С.Жүн. ~ Қара қауым арасында атағымыз таудай болса да, ер басына күн туып арашаға түсер кезде, біздей серіңізден гөрі әлгі өзіңіз айтқандай қарны қампиған перілеріңіз артық екен. С.Жүн.
АТА ЖОЛЫНА ТҮСТІ
Ата-бабасының өсиеттеріне, салт-дәстүріне сай өмір сүре бастады. ~ Соңынан кешікпей қызуы басылып, өзінің ата жолына түсіп, қайтадан «Алаш азаматтары» Колчактың түрмесінен қашқан екі қазақты іздеп қуып, ұстап әкеп, Колчактың қолына беріпті. С.Сей. ~ Ол дәл бүгіннен бастап ата жолына түскенін мойындап, атадан қалған жалғыз тұяқ екенін сезініп, белді бекем буғандай еді. Ш.Айт.
АТА КӘСІП
Бұрынғылардан қалған, атадан мұра болып келген өнер, жұмыс, кәсіп. ~ Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің — Құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың. Ә.Кек.
АТА ҚАЗДАЙ
1.Үлкен, денесі ірі, балпанақтай. ~ Өзі ата қаздай тіпті ірі көрінді. «Мынау өтсе өзгелері де өтеді!» деген ой тұла бойын қарып өтті. Т.Ахт. ~ Өздерінің ендігі ақылшылары да, ата қаздай жол бастаушы да сол мұртты азаматқа қарап ‹‹енді недер екен›› дегендей жапақтап келеді. Б.Жұм.
2. Жол бастаушы, көсем д.м. ~ Өздерінің ендігі ақылшылары да, ата қаздай жол бастаушы да сол мұртты азаматқа қарап ‹‹енді недер екен›› дегендей жапақтап келеді. Б.Жұм.
АТА ҚАЗДАЙ ҚАЗДАҢДАДЫ (АЛШАҢ БАСТЫ)
Аяғын нығыз басып, маңғаздана жүрді. ~ Атасында көрмегенді ботасында көрген Оспан аз күндік семіздікті көтере алмағандай ырғалып, ата қаздай қаздаңдай басады. О.Бөк. ~ Кенет олардың бәрінен де үлкен, жалтырата аптап тастаған айлапат есікке жете бере алдыңғы үшеудің екі шеткісі екі босағаға ығысты да, қақ ортадағысы ата қаздай алшаң басқан қалпы самаладай жарқыраған кең жайға қойып кетті. Ә.Кек.
АТА ҚАЗДАЙ ҚОҚИДЫ (ҚОҚЫРАЙДЫ, КЕКІРЕЙДІ)
Маңғаздану, күпіну, лепірудің сипаты. ~ Бір жағынан анау қанаты сынған ата қаздай қоқиып, қарадай лепіріп, жынданып отырған нақұрыс Әлиге қаны қайнап, пұшайман. С.Омар. ~ Өкшелеп келе жатқан ешкім байқалмаған соң, саябырлап дем басқандай болған. Бірақ, «енді құтылдық па» дегенде жаңағы пәле ата қаздай қоқиып және көрінсін. Тасырлатып тағы қашты. М.Алмасб. ~ «Мұндайда қай еркек ығыстап, не күмілжіп, тіпті іштей асығып тұрса да сыр беріп шынын айтқан; қайта ата қаздай қоқырайып: «қатынымнан қорыққандай мені кім дейсің- ей?! » —деп шыға келмеп қашаннан бесенеден белгілі. М.Сүн. ~ ─Ата қаздай кекірейіп өмірі бір менсінбей кетіп ең, – деді тілі күрмеле. – Дүние кезек деген осы ғой. Ақыры алдыма келдің бе?.. Т.Әбд.

