Жер бетінде. ~ Сөйтсе, Хансұлу, ешбір ет бауыр жақындығы жоқ, өзі сұлу, өзі кербез, кезінде Пахраддин деген көсем кісінің қызы болған, ізіне қанша жігіттер шам алып түссе де, ешқайсысын көзге ілмеген әйгілі Хансұлу Едігенің келгеніне мәз болды. Ал, керек болса! Осы аз ба? Осының өзі жетеді Едігеге. Керек десе, осы аспан астында бұдан, бақытты адам жоқ. С.Ел. ~ Бір-екі сағат уақыт артта қалған шақта тып-тымық түнде, түп-тұнық аспан астында Тамғабай өзін күллі тегіс дүниенің иесіндей сезініп, жол жағасын жекешелендіріп алғандай-ақ тайраңдап, әйнек жаққа тағы қатынап қайтты. М.Бай. ~ Осы сәт мына ызы-шу, қым-қуыт дүние оқыс қаңтарылып жоқтыққа айналып, осы сәт мына қара түнек аспан астында екеуі ғана оңаша қалғандай! С.Ел.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АСПАН АШЫЛДЫ
Көкті торлаған бұлттар ыдырады. ~ Түн ортасы жақындай аспан ашылды. Ол түні он төрт жаңасын жасаған ай суға қалқытқан алтын табақтай, жұлдызды мақбал қара түнді белуарлап жүзе бастады. Бұл — шала -шарпы күндізге беріспейтін түн. С.Мұқ. ~ Бір мезетте аспан ашылып, торлаған бұлттар ысырылып, күн көзі көрінді. Ш.Айт.
АСПАН ӘЛЕМІ
Әуе кеңістігі; ғарыш. ~ Адамдардың көбі аспан әлемінің әлегінде менің нем бар деп ойлады. Ш.Айт. ~ Бұл әңгімені жазу үшін алдымен Санжар Асфандияровпен сөйлесу керек. Ал оны табу қиын. Тағдыр оны қай жұлдызға апарып қоныстандырғанын оның өзінен басқа кім біледі? Аспан әлеміндегі рухтар ішінде Сталиннің оғынан о дүниеге аттанғандардың санын біліп болмайсың. Ш.Мұр.
АСПАН ҚАБАҒЫ ЖАДЫРАДЫ
Күн ашылды. ~ Табиғат заңының тәжрибелік «мектебін» өткен «теңіз арыстаны» шындықты айтып отыр. Кешеден бері аспан қабағы жадырап, күн көзі көріне бастаған еді. Көктемнің алғашқы шуағы бізге қуаныш әкеле қоймапты. Ә.Сәр.
АСПАН ҚАБАҒЫ ТҰНЖЫРАДЫ
Күн бұлтанды. ~ Атрау үстін реңсіз қара бұлттар жауып алған екен. Жұлдызсыз, айсыз тас түнек. Ақысы аз да, азабы көп ауыр жұмыстан шыққан жұмысшының ашулы түріндей аспан қабағы да тұнжырай қалыпты. Ә.Сәр,
АСПАН СЕРІСІ
Қыран құс. ~ Адам айбарына үйірлеспеген аспан серісі үркініп, төбелерінен жанап өте шықты да қайқая тартты. Ғ.Біл.
АСПАН ТАҒЫСЫ
Бүркіт; қыран құс. ~ … түлкi қартаң тартқан, сырқынды ақшулан екен. Тұрғанбай айғай салып үркiте шауып, қия тастан тайдырып түсiрем десе де, адамнан гөрi найзалы аспан тағысынан көп жаулық тосқан ақшулан қашпай тұрып алды. М.Әу. ~ Талай заман ашығып, үрпиіп, құзды қуалай жоғары — төмен шүйіп сорғалап жүріп, аяғында жүгірген бір жемін екпіндеп келіп соғып жығып, тұяғына бүктеп басып сығымдап отырып, қораздана сілкінетін Алатаудың қарлы басын мекендеген аспан тағысы бар емес пе? М.Әу. ~ Аспан тағысы жер бетінде жүретін хайуанаттардай аса сақтықты қажет етпейді. Көмескі, жымысқы қатерге аңқау, албырт келеді. Ғ.Біл.
АСПАН АЙНАЛЫП (ТӨҢКЕРІЛІП), ЖЕРГЕ (ТӨБЕГЕ) ТҮСТІ (ТҮСКЕНДЕЙ)
Жаздың аптап ыстығының сипаты. ~ Жаздың күні. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Ал Сәлімнің шешесі басына
кимешек киіп, оның сыртынан қарағайдай күндік орап алыпты. Б.Қыд. ~ Аспан айналып жерге түсіп тұрғанмен Бергеннің мол салынған еңселі тас үйінде қоңыр салқын үзілмейтін. Ә.Тар. ~ Аспан айналып жерге түскендей. Шақырайған шарболат күн балқып барады. Бұйрат-бұйрат құмның іші қайнап түр. Құс ұшпайды, тышқан жүгірмейді — аптап! М.Қаб. ~ Дүние әлем жалын боп қайнап, түтін боп қирап, аспан төңкеріліп төбеге түскендей болды… Ш.Айт. ~ Дауыл болса адамды әне-мiне жұта салардай ысқырынады келiп, жер болса дүңк те дүңк. Аспан айналып жерге түскендей. М.Қан.
АСПАН ТЕҢІЗІ
Ұшы-қиырсыз көгілдір көк әлемі. ~ Бұл бір төмпешіктің үстіне іргелес салынған үш шошақ там күн ыстықта сағыммен көтеріліп бұлдырап, аспан теңізінде қалқып көрінетін еді. С.Сей.
АСПАН АЙНАЛЫП ЖЕРГЕ ТҮССЕ ДЕ
Не болса да (өз әдетінен қайтпайды) д.м. ~ Бір қора қойды кебен арасына қаптатып, балдақпен секеңдеп ақсақ қойшы Уақас жүреді. Аспан айналып жерге түссе де, ауа өзгерісімен мұның жұмысы жоқ секілді: жүні сыртына айналған жарғақ тон, балдақпен секіргенде — етегі жалбаңдап, мұның үстінен өмірге түскен емес. Б.Майл.
