Ұшы-қиырсыз көгілдір көк әлемі. ~ Бұл бір төмпешіктің үстіне іргелес салынған үш шошақ там күн ыстықта сағыммен көтеріліп бұлдырап, аспан теңізінде қалқып көрінетін еді. С.Сей.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АСПАН АЙНАЛЫП ЖЕРГЕ ТҮССЕ ДЕ
Не болса да (өз әдетінен қайтпайды) д.м. ~ Бір қора қойды кебен арасына қаптатып, балдақпен секеңдеп ақсақ қойшы Уақас жүреді. Аспан айналып жерге түссе де, ауа өзгерісімен мұның жұмысы жоқ секілді: жүні сыртына айналған жарғақ тон, балдақпен секіргенде — етегі жалбаңдап, мұның үстінен өмірге түскен емес. Б.Майл.
АСПАН ШАЙДАЙ АШЫҚ (АШЫЛДЫ)
Көкте бір тұтам бұлт жоқ, күн ашық. ~ Аспан шайдай ашылды. Қапырық ауаны өткінші жел қуып әкетіп, мына әлемнің тынысы кеңіп қалған секілді. Жауыннан соң дүние қандай тамаша! Ғ.Жұм. ~ Мақұлбек орнынан көтеріліп, хош айтысып, сыртқа шықты. Жауын басылған, ауа шайдай ашық. Ай жез қаңылтыр секілді, аспан іргесіне ілініп қалған. Д.Дос. ~ … бір күн Ләпбаев басқа қызметке ауысып кеп кеткені. Сұрамаңыз! Төбедегі бұлт арылып, аспан шайдай ашылғандай болды. Құдай жарылқады дестік! Ж.Алт.
АСПАН АЙНЫДЫ
Оқыстан күн бұлттанып, ауа райы бұзылды. ~ Аспан айнып әп-сәтте, Ауа ауырлап, түн ысып. Т.Жар.
АСПАНҒА (КӨККЕ, ҒАРЫШҚА) ҚҰЛАШ СЕРМЕДІ
Алысқа қол созды; биікке ұмтылды, үлкен мақсатқа талпынды. ~ Мұң мен назы аралас Мұстапаның зарлы әні, жорғадай тайпалып, құйындай екпіндеген Жарылғаптың екілі «Алтыбасары» Дәрменді де қызықтырды, екілендірді, салған сайын оның асқардай асқақ, Арқадай байтақ, тұлпардай желді, алыптай еркін ащы айғайы аспанға құлаш сермеді, тау да, сай да, бұлақ та, тал да Дәрменге үн қосты. Ж.Айм. ~ Ымырт үйірілген шақта ауыл шетінен ақ боз шаң көкке құлаш сермеді. Құлағымның түбінен қой-ешкінің маңырай жамырағаны естілді. А.Өм. ~ Замат лашын құс боп самғаған ол бұл кезде Кенжеғұлдың көзiне әлi де сағымдай бұлдырап қана елес берген ақ кептердi iлiп алды да, қанатының астына қысып, ғарышқа құлаш сермедi. Жеткiзер ме ақ кептер, ұстатар ма арман құс? Р.Рай.
АСПАН АЛАҚАНДАЙ
~ Әуел жасты мен айтам, Менен бұрын кім туған?- Деп сөйлейді Түлен шайтан. —
Мен туғанда, жолдастар, Жер тебінгідей, Аспан алақандай болатын. БС. «Алдар
Көсе». ~ Бар әлемді жауып, бүркеп тұрған бір қалың торғын. Төбеңдегі аспан алақандай- ақ, айнала көкке қол
созған қалың қарағай, жыбырлаған арша, бойлауық қызыл қайың. Х.Ес.
АСПАНҒА КӨТЕРДІ (КӨТЕРІЛДІ)
Даңқын асырды; жерге сидырмай дәріптеді. ~ Көп көрісіп үйренісе алмай сырттан ынтыққан бала қиял Раушанды биікке, аспанға көтерді. Т.Ахт. ~ Сызды бұлттай еңсе басқан жылусыз, сұрқай тiрлiктен жерiп бiткенi қашан. Өз басы Үлкен Кiсiнi өлердей жақсы көредi, мақтаныш санап аспанға көтередi. Көзсiз махаббат. Не үшiн әулие тұтатынын өзi де түсiнбейдi. Т.Сәу. ~ Петрдей патша болсашы, — Матвей Степанович өз төсіндегі салт атты батыр суретіне қарап аз тұрды, — Россияның даңқы аспанға көтеріледі… Ә.Сәр.
АСПАН АСТЫ
Бүкіл әлем, жер беті. ~ Теңі қисайған, бас үзген түйелер, иесі аударылып түскен, ерін мойнына алған аттар, әйелдердің шулаған, балалардың аңыраған, үлкендердің өкірген үні — аспан асты ойран-топалаң болды да кетті. М.Мағ. ~ Аспан асты балапан басқан құс бауырындай түлеп жатыр. Ауада кесек-кесек ақ мамықтар қалықтайды. Д.Әш.
АСПАН АСТЫ ЕЛІ
Қытай елі. ~ Талантты әнші Димаш Құдайбергенов аспан асты елін өзіне қаратты. БАҚ
АСАУҒА ҚҰРЫҚ САЛДЫ
Асқан шеберлікті, қажыр-қайратты талап ететін, машақаты көп істі тындырды. ~ Сөйтіп жүргенде Ордабайдікінде Тұяқ
дейтін етікші жатты. «Кебіске Шегебайдан да бұл өткін екен: өкшені бес-ақ шегемен тұрғызады… Асауға құрық салса, тырп
етер емес, өкше сіріні тастай ғып, əшекейлеп тастайды. Тақаны қылмита мінеуге келгенде, жер жүзінде бұдан етікші
өтпес…» деп, қымызға жиылған құла ауыздардың ауыз суы құрып жүрді. Ж.Айм. ~ О, құдая, шай құйысының өзі сыңсыған
ән! Адамының қыры, қылығы, кездесуіне қарай шәугімнің құлағын ұстау да ту асауға құрық салар қайраттан қылау кемдігі
жоқ мөрлі өнер тәрізі. М.Қаб.
