1. Қаскүнем, пиғылы теріс адам туралы. ~ Ол тоя ішіп, қызара бөртіп алған күні мына Алатауды Шұбардың үстіне, жөні келсе нақ Алдабергеновтің төрт бөлмелі, аласа баспанасының нақ үстіне құлатпақ та болады. Арақ ішіп алған соң арам сирақ қулардың қармағына ілініп, өтірік арызға қол қояды. С.Бақ. ~ Сағат өзін туған қазақтың сонау бұлдыр күндерін ойлады. Өзінің бүгінгі жетік, бұла боп өскен шағын көз алдына келтірді. Соның бәрін ойласа, елінің күндей күлген ертеңгі күні тағы да елес береді. Арам сирақ сұм дұшпан «күніңді батырам» дегендей өрепкіп, жыланша жалап келеді. Ғ.Сл.
2. Ұрлықпен, теріс жолмен келген. ~ Енді мынау ағаларының ортасыңда ауылына келе жатқанына таң қалды; таң қалып қана қойған жоқ, өзін бейне бір арам сирақ ұрлық малындай, әкесіне арам жегізетіндей көрінді. Ж.Айм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АРАМ СҮТ ЕМГЕН
Теріс тәрбие алған, қаны бұзылған; шіріген жұмыртқа. ~ Бірақ енді істі түзетуге бола ма? Болмайды: шынымды айтсам да, басымнан асып кетті; елдің менен жауыз дұшпаны, арам сүт емген арамза ұлы болуы мүмкін емес… Ж.Айм.
АРАМ ТЕР БОЛДЫ
Босқа әуреленді; еңбегі зая кетті. ~ Бірақ Шекер шеше болам деп бекер арам тер болды. Ж.Айм. ~ Әй-әй, жұбатпай-ақ қой, маған тек характерный образды сомдау лайық, қол жетпеске арам тер боп неғылам… Ш.Құм.
АРА ЖІГІ АЖЫРАДЫ
Бір-бірінен бөлінді. ~ Мына келген меймандардың айтысына қарағанда, ел іші бай-кедей, қожа-молда болып ара жігі ажырап, бүлініп
жатса керек. Әйел теңдігі дейтін ұшпаққа шығаратын сөз тараған. «Қалың мал жойылсын!» деген дүрбелең белең алған. Ш.Бей. ~
Осы мақалдың түп тегінде тектілік пен тексіздіктің, арлылық пен арсыздықтың аражігі ашылады, анық көрінеді.
Б.Боп.
АРАЛАРЫНА ТҮСТІ
Сөз тасып, араздастырды. ~ Әңгімеден әңгіме шығып, әлгі өзінің бел құдасы – Жалғасты жатып кеп жамандай жөнелді. «Апырай! Екеуің баяғыдан көңіл сыйлас едіңдер, араларыңа кім түсті?» – дедім сыр тартып. «Мәселе сонда, ешкім де түскен жоқ, – деді ол әңгімесін сабақтап, – Жалғасты білмейді екенбіз, оңбаған екен. Ж.Аяз.
АРА ЖІГІН АЖЫРАТТЫ (АЙЫРДЫ)
Айырмашылығын біле білді, таныды, нұсқады. ~ Баққұмарлықты құртудың жолы — өнерлі мен өнерсіздің, білікті мен біліксіздің, парықты мен парықсыздың ара-жігін айыра білу. Ә.Кек. ~ Ал осы екеуінің ара жігін ажырата алушылар, адамзат ізгілігі үшін адал тер төгушлер Хақтың нағыз сүйген құлы болмақ. Ж.Шәк. ~ Селк етіп шошып қалғанмен, сәлден соң жүрек тоқтаттым. Сонда да шын мен елестің ара-жігін ажырата алар емеспін. Т.Сәу.
АРАЛАРЫНАН ҚЫЛ ӨТПЕЙДІ
~ Әуелде қажасу қайтадан ұшықты ма деп секем алған Елтай мына кеңкілден кейін Сүкең мен шофер жігіттің әкесі — Сәрсенбінің төс қағысқан дос екенін ұқты. Тонның ішкі бауындай достар, араларынан қыл етпейтін шын достар аяусыз қалжыңдасады. М.Қаб.
АРА КІДІК
~ Төңірегіне көз тастап еді — сол баяғы құлазыған құмақ жон. Әр жер– әр жерден ара кідік қарауытқан селдір итсигек. Ә.Кек. ~ Ара кідік сыриып сары қалпақты күнбағыс өскен картоп егісін сатырлата жапырып, бурыл алып қашып келеді. Б.Соқ.
АРАЛАСЫ БАР
Аралас-құралас, қарым-қатынасы бар; қатысы бар. ~ Оязбен араласы бар қаланың саудагер байлары, молда, қазіреттер, даланың жуан аулынан шыққан жуан кісілері; жуан ауылдан тұрған болыстар — бұлар оязбен ауыз жаласады. І.Жанс. ~ Некелері қиылған жастарға сол флигель оңаша тиді. Күту жабдықтарына араласы бар әйелден басқа адам үйге аяғын аттаған жоқ. С.Мұқ. ~ Вера ойда жоқ жерден сілесі құрып, сансырап, ештеңеге зауқы соқпай енжар тартып қалғанын сезді. — Иә, — деді ол тұнжырап. — Бұл іске еркектің араласы бар. А.Крис.
АРА ҚОНДЫ
Жетер жерге жолшыбай орта жолда бір түнеп бару. ~ «Содан ары ертең Бұғылыны аралап, Машанға еркiн жетiп, ерте, түсте
барамыз. Күн ашықта жайласамыз. Бүгiн жетемiз деп өктемейiк. Асықпай, ара қонып-ақ барайық» дескен-дi. М.Әу. ~
Сыпатай мырза саспады, қайта, ризашылық білдірген. Ол — Найзатас деді. Етегі толы бұлақ. Аттыға — күндік, көшке ара қонып
жетер жер. М.Мағ. ~ Арбаға жегілген арық ат бір күнде алып бара алмайды. Ара қонып, ертең жетеміз деген жоспармен
шығып келеміз. Б.Соқ.
