Оғаш мінез көрсеткен емес, ілтипат көрсетуден танбады. ~ Әкесіне тартқан әупірім біреу
боп шыға ма деп еді, келіні әдепті бала екен. Алдынан көлденең өтпейді. Ә.Кек. ~
Махамбетше қарсыласпады. Алдаберген ағасы. Ағаға әкеге үлкенге қарсыласу былай
тұрсын, алдынан көлденең өтуді қазақ дәстүрі көтермейді. Арашалағаны үшін таяқ жеген
Мұстапаның бір қолын қамшы осып кетіпті. Ғ.Мұс. ~ Ол кісі саған риза шығар. Көзі
жұмылғанша алдынан көлдене өткен жоқсың. Т.Сәук.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛДЫНАН ҚИЯ ӨТПЕДІ
Сыйлады, құрметтеді, бетіне қарсы келмеді. ~ Тек уақытысында қайтар, уақытысында қайтарып, ертесіне тағы келсең, тағы аласың. Жұрт Өрікайдарды осысы үшін қадірлейді, алдынан қия баспайды. Н.Дәу. ~ Ағасының мына сөзі шымбайына батып кетті, білем, Сапарбек тоңқ ете қалды. Өмірінде алдынан қия өтпеген ағасына зілдей ғып сен деп сөйледі. Қ.Най.
АЛДЫНАН ӨТТІ
1. Әлдебір іске кіріспестен бұрын рұқсат сұрап алды, ниетін айтты. ~ Қарсы уәж айта алмай тауы шағылып шыққан. Бірақ мойындағы міндет жүгі жеңілдегендей. Алдынан өттім. Кейін бірдеңе десе, анада ескерттім емес пе деп айтуға жақсы. Т.Сәу.
~ 2. Ақылдасты, кеңес құрды, дәріс алды. ~ Ел боламыз десе бір елең етпес дейсіз бе. Солардың алдынан өтелік. Содан кейін Адай ағайынға хабар салармыз. М.Әбд. ~ Бір қызығы, алдынан өтіп, дәріске жетіккендер келе-келе дәреже салғастырып, мұның өзін елемей кетті. Т.Шап.
3. Құда түсті, қыздың әке-шешесінің рұқсатын сұрады.
~ Тойы – қарашаның басында. Оған дейін құдалардың алдынан өту, кит кигізу дегендей біраз шаруасы бар, шығыны бар. Д.Әш. ~ Екеуі қосыларда… иә, сол қосыларда қыздың ата-анасының алдынан өтер адам табылмай бас қатқан. Н.Дәу.
АЛДЫН АЛА
Күні бүрын. ~ Ертеңгі күні күліп қайтарын алдын ала жоспарлаған. Ғ.Қаб. ~ Ай арқылы біздің қазақ халқы ауа райын алдын ала болжап білген. Ж.Баб. ~ Бекіністі алатындарына енді алдын ала көздері жеткендей, иықтары көтеріліп, жүздеріне жігер енді. І.Ес.
АЛДЫНА ҚОРАЛЫ ҚОЙ, ҮЙІРЛІ ЖЫЛҚЫ САЛДЫ
Ауқаттанды, мол байлыққа ие болды. ~ Кешегі табанының астында тапталып жүрген Мәдияр сияқтылардың ауқаттана бастап, алдына қоралы қой, үйірлі жылқы салғанына іші удай ашып жүрген. Т.Рыс.
АЛДЫН АЛДЫ
Күні бұрын қарсы әрекет етіп, қауіптен сақтанды. ~ Ондайда іштей: «О, тоба, тек жақсылығына, тек тыныштығына көрінгей»,– деп кесапаттың алдын алып, тәубаңа келіп қойғаның дұрыс. Кейде соның қайыры тиетіні бар. Ш.Айт. ~ Жамбасына бір басып алса, құл– құтан мүлде иемденіп кетер деген қауіппен бай қар суымен үдере көшіп, осы бүгін Сұртай көшінің алдын алып қойған еді. С.См.
АЛДЫН БУДЫ
Жолына тосқауыл қойды. ~ Жауын жауған жылдары қолаттар мен қомсулардың жағалауы болмаса, күні-түні жер тырналап қызыл ескен қылтанақсыз жалпақ қыр төрт түлікке жайылым болып жарытпайды. Ондайда жем-шөпті өзен-тоғандардың алдын буып, жерлерін көк шалғын ғып жайқалтып отырған шүршүттерден тасиды керуен-керуенімен. Т.Сәу.
АЛДЫН КЕС-КЕСТЕДІ
Қарсы алдынан шығып, жолын бөгеді. ~ Қала әкімінің орынбасарының пәрмені зеңбірек атқаннан асып түсті, дүмпуі зор шықты. «Ә, сені ме, үлкен кісілердің алдын кес-кестеген, көзге түскен қалай екен!.. көріп алайық!.. Д.Дос. ~ Бұ жолы ол екпіндете жеткенмен асып кетпей, тізгінді тежей тартып, алдын кес-кестей берді. М.Сүн. ~ … шығып бара жатыр еді, қызыл жағалы екі адам есік алдында тұр екен. — Дәуіт Борамбаевич сіз боласыз ба?—деп Қанаттың алдын кес-кестей берді. Ғ.Сл. ~ Есіктің аузында тұрған бағанағы қызыл жағалы сарауыз балаң жігіт алдын кес-кестей кеткені. М.Қан.
АЛДЫН КЕСТІ
1. Бөгет қылды; кедергі жасады. ~ Бірақ әкесінің табан асты ашу шақырып, оның алдын кесіп тастағаны көңіліне кірбің түсіріп өткендей болды. Д.Ис. ~ … сөйтіп, бір жапырақ қағазды онымен кездесудің дәнекері етіп сыртқа өзі алып шығарын осы машинада отырып-ақ күн ілгері топшылап қойып еді, бірақ жігіт сыныққа сылтау қалдырмай бір-ақ сөзбен оның алдын кесіп, амалын құртып кетті. Д.Ис.
2. Қарсы алдынан өтті, жолын қиды. ~ «Балам әуелі алдымнан өтіп, пұрсат сұрап, ауылдың үлкенінің алдын кесіп өтпейтін майлық-сулығы бірдей ауыл қызына үйленбеді, недәрә айтқанымды істемеді» деп қитықты да қалды. Д.Дос. ~ «Мына ауылдың төңірегіндей құладүз дала жоқ. Ох, туған жер…» Остаптың алдын кесе үш бала жүгіріп өтті. М.Сүн.
АЛДЫН КӨРДІ
Әлдебір мұқтажбен біреудің алдына барды; қабылдауында болды; тәлім-тәрбиесін көрді. ~ «Ұлтшылдықпен уланғансың»
деп сүйрелемеген мекемесі қалмады. Тіпті КГБның да алдын көрдім…О.Бөк. ~ Менің әңгімемді тыңдағанда райком қатты
ренжіп еді. Жоқ қылды, әйтеуір… Асылжанның намысын қорғаймын деп бұл әпкелерің сөйтіп райкомнің де алдын көрген…
Ойнамаңдар менімен… К.Қаз. ~ Өз басым Одақта 24 жыл үздіксіз қызмет істегенде Ғабеңнің, Ғабекеңнің, Әнекеңнің,
Жұбахаңның, Олжастың, Қалдарбектің алдын көрдім. Солардың ішінде ешуақытта дауыс көтермейтін, бірде-бір қызметкерге
ауыр сөз айтып, сыртынан болса да ғайбат жасамайтын Әнекең болатын. Қ.Ысқ. ~ Жағрапия, есеп сабақтарынан хабары
бар, орысша да тіл сындырған ол Сыр бойынан, Арыс жағасынан, Мырзашөл жақтан келген, ауыл молдаларының ғана
алдын көрген жастарға қарағанда білімі оқ бойы ілгері-тұғын. Б.Тоғ. ~ Ағалардан алған сол несие күні
