Қолынан бәрі келетін, не нәрсені заматта тындырып тастайтын іскер, қолы епті д.м. ~ Ас даярлығының үстінде Шыңғыстың байқағаны, «ағама жеңгем сай» дегендей, Тілемістің қызыл шырайлы әдемі кескінді, семізше жинақты денелі әйелі Қырмызы, жүрісті байталдай қимылдары шапшаң, алдынан іс үркіп жататын адам екен. С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛДЫНА ТҮСТІ
1.Озып кетті. ~ Бiрақ аброй-беделi классиктен зор. Іскерлiк жағынан әдебиетте оның алдына түсе қоятын жан кем де кем шығар. Т. Сәу.
2.Үлкеннің жолын алу, дәстүрді бұзып, ағаның алдына шығу мағынасында. ~ Әкелердің алдына түсіп ақыл айту бала үшін ұят шығар,– дедім мен. Қ.Шаб.
3. Айтқанына көніп, айдауына жүрді. ~ … бұйыра сөйлесе, тұяқ серпуге шамасы келмей әлгінің алдына түсіп мөнтеңдеп жүре беретін. О.Сәр.
4. Жұртты бастады, соңынан ертті. ~ Ал жүріңіздер! Өздеріңізге арнап мына Пахраддин мырза дастарқан жайып қонақасы дайындап отыр! — деп Шәріп жортақтап қонактардың алдына түсті. С.Ел.
АЛДЫНДА БІР ТҰЯҒЫ ЖОҚ
Тақыр кедей. ~ Су Құсайын — әлі үйленбеген адам. Алдында бір тұяғы жоқ жетімге кім қызын беруші еді. С.Жүн.
АЛДЫНА ТІРІ ТҰЯҚ САЛМАДЫ
~ Соғыстан кейінгі мерекелік жиындарда осы айқасқа талай бәйгеге, жарыстарға қатысты. Көбінде ақ алдына тірі тұяқ салған емес. Алматы ипподромында да жарысқа түскені бар. Бірақ, онда бірінші орын ала алмады. С.Бақ.
АЛДЫҢНАН АЙ, АРТЫҢНАН КҮН ТУСЫН
Жолың болсын. ~ Қош, мұғалім!» — деп бәрі амандасып болса да Құрман Гүлжанды қолтықтап аттандырып: «Қош, Гүлжан, алдыңнан ай, артыңнан күн тусын, қарағым! Қош!» С.Сей.
АЛДЫНА ШЫҚТЫ (ШЫҒАРДЫ)
Мерейі үстем болды, абыройы асты, озып кетті. ~ Ауылдағы, жігіттердің бәрі алақанындағыдай: түр-түсі мен мінез-құлқы жағынан, әй, Жүсіптің алдына шыға қоятындайы жоқ. Б.Нұр. ~ Ендi, мiне, ең үлкен ағасы Үкедейдiң әрең көрген ұлының алқа топтың алдына шыққанына сүйiнуге де шамасы жетпеген екен. Ә.Ыб. ~ Осы сауда екі жылдың ішінде оның шаруасын бір болыстағы байлардың маңдай алдына шығарды. С.Мұқ. ~ Бақырып-шақырып, өкіріп жіберді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан. Кімді боқтамады. Қанқызыл түлкіні де, Өжденбайды да, өзін де. Неге керек еді, осы. Нені бүтіндеп, неі өзгертіп, кімнің алдына шығарар еді. Н.Дәу.
АЛДЫН-АЛА КЕСІП-ПІШТІ
Бәрін күнібұрын шешіп қойды. ~ Пьеса ұнады ма? — деп икемдеді қыз. Ол жауап беруге асыққан жоқ. Бәрін алдын ала кесіп-пішіп, ернін де есеппен қимылдататын ақсүйексымақтардың дағдысы. Дж.Сэл. ~ Диванда етпеттеген Елтай үн қатпады: екі ұсынысқа да дайын жауабы жоқ: ол әйел атаулымен ара жайын ешқашан да алдын-ала кесіп-пішіп жоспарламайтын, көңіл күйі сол минутта не десе, соны дейтін ақ ниет еркек еді, оның өзі ақыр соңы таяқ жеумен тынатын. М.Қаб. ~ Кімдер сөйлейді? Қандай ұсыныстар жасалынады? Оны кімдер қостап, кімдер қостамаған болады. Осының, бәрі — ақ алдын ала әзірленіп, кесіп-пішіп қойылған. Б.Соқ. ~ … қайғысы мен шері аз адамдардан бөлініп кете алмайтынына көзі жетіп, және енді ары қарай еш нәрсеге басын қатырмай, өзі талай күндерден бері кесіп-пішіп қойған мақсатын жүзеге асыруға қамдана бастады. Н.Дәу. ~ Ал сіздер бақыттысыздар ғой, алдын ала кесіп-пішіп аласыздар, үйге б
АЛДЫНАН (АЛДЫҢНАН) ЖАРЫЛҚАСЫН
1.Игі тілек, бата. Дегенің болсын, бақытты бол. ~ Рас айтасыз, бүкіл ғұмырын еңбекші халықтың бақытына арнаған адам. — Құдай тілеуін берсін, алдынан жарылқасын! К.Қаз. ~ Құдай бет алдыңнан жарылқасын, Мұхамеджан інім! – деді Әбубәкір бата бергендей. – Қайда барсаң да аман жүр… Б.Тоғ.
2. Не істесе де өзі білсін д.м. ~ «Жоқ, жоқ, өйтуім ағаттық болар. Жұрт сыйлайтын Масанның немересін ұстағаннан жақсы ат алмаспын. Алдынан жарылқасын, қоя берейін», — деп шешті. І.Ес. ~ Ал Бетпақдада сияқты шөл мен шөлейт жерлердi алып, бөлiнем десе, онда қазақтарды алдынан жарылқасын деп «бата» бередi. Т.Әс. ~ Жә…Құйма құлаққа жетерлік айтылды, ақпа құлақ болсаң бар. Алдыңнан жарылқасын… М.Сүн.
АЛДЫНАН (КЕСЕ-КӨЛДЕНЕҢ) ӨТПЕДІ
Ізет көрсетті, әдептен озбады. ~ Қыз Мүсірепті көрді де, тұра қалды. Еркек алдынан өтпейтін салты бар екен. Ғ.Мүс. ~ Бiздi бала кезiмiзде ата-анамыз: “Кездескен үлкен адамға танысаң да, танымасаң да сәлем бер, алдынан кесе-көлденең өтпе”, – дегендi үнемi айтып отырушы еді. БАҚ
АЛДЫНАН ДАУ, АУЗЫНАН СӨЗ КЕТПЕДІ
Ісінен сөзі көп даукес адамның сипаты. ~ … сарай поэзиясының ішкі заңдылықтарын сұмдық меңгерген, алдынан дау, аузынан сөз кетпейтін бір ақын пайда болыпты. БАҚ
