АЛА КҮЛІК КӨҢІЛ

Сезікті, секемшіл, екі ұдай. ~ Қол беріп амандасу – ала-күлік көңілді тазарту, жел кірген ойды басу, жүрек бүлкілін жеткізу. Д.Дос. ~ «Сұлуы бұл заманның тек жатпаған… Кейбірі жайдары, ашық боламын деп, Орынсыз адамдармен жыртақтаған…» деген ақын сөзі ойына орала кеткені. Екіұдай ала күлік көңілмен, көше бетте бойының тоңазығанына қарамай біраз сенделді. Сәуірдің саумал самалы бойын сергітті. Д.Дос.

АЛА КҮЛІК КӨҢІЛ Read More

АЛА МИ

Алаңғасар, ақылы кем. ~ “Шошқаның баласы-ай. Осы ала милардан-ақ көрдік қой, қорлықты. Бұл албасты не жазып, не қойғанын білмейді. Төшкесі, запитайы жоқ бір бәле. Н.Дәу. ~ Мұғалім болғанды жек көремін. – Қой, өйтпе. – Маған ылғи ала ми деп ұрсатын олар. Н.Дәу.

АЛА МИ Read More

АЛА КҮҢГІРТ

Ымырт жабылған, болар-болмас бозамық сәуле түсіп тұрған мезгіл. ~ Ай сол кезде сәуле септі, Ала күңгірт нұрын төкті. І.Жан. ~ Мереке осымен бітті, ағам кетті, қонақтар зым-зия жоғалды, қарындасым ес-түссіз күйіп-жанып жатыр, балалар бөлмесі ала күңгірт: терезе пердесі қымталған, өлеусіреген шырақтың сәулесі ғана. И.Бун.

АЛА КҮҢГІРТ Read More

АЛА ҚАЛЖЫҢ

Екіұдай әзіл. ~ «Қойшы дейсің… Қойшылық та жерде қалып жатқан кәсіп емес. Қойны құтты болса, қайтуші еді» деп әңгімені ала қалжыңға айналдырды. Т.Нұр.

АЛА ҚАЛЖЫҢ Read More

АЛА ҚАНАТ

Ұшып-қонған, тұрақсыз, берекесіз. ~ Жоқ! Айкүміс оған өмірде бара алмас! Қанаттың жүзін көрмей, «жаным» деп сүйген жалғызынан айрылып өмір сүре алар ма? Ал, Рәуіштей ала қанатқа қор болған әсем сәбиді бесік-месігімен итеріп тастап Айкүміс жай жата алар ма? Ғ.Сл.

АЛА ҚАНАТ Read More

АЛА ҚАНАТ ҚАР

Әр тұстан бір ағараңдап, бір жерге жауып, бір жерге жаумай, алашабырланып жатқан қар.~ Иә, бергі жол ауыр соқты. Қар әлі айықпаған, кей жер ала қанат. Қайсыбір жерлерде табандап жатқан ерте көктем емес пе?! Ә.Нұрп. ~ … қыр әлі қыс ызғарын бойына сақтап, қара жел ызғыған жонда ала қанат қар жатты. Ә.Нұрп.

АЛА ҚАНАТ ҚАР Read More

АЛА ҚАНШЫҚ

Алай-дүлей, бір көтеріліп, бір басылған, қитұрқы. ~ Аптап сауып тұрған аспанның астында, ала қаншық ақпанның аязында қабақтарына кірбің іліп, қыңқ етпес. Р.От. ~ Өзеннің тік жарқабағына таялса, дарияның салқын самалы кері теуіп жібереді; ала– қаншық құйынның бей– берекетсіз, шамшыл тызалақ– тірлігіне жалтақтай Құттыаяқтың есік көзіне ілінгені сол еді, алақандай сары жапырақ қылаңдай қалқып кеп, жылтыр тұмсығын сүйкей, жасқандыра қағып өтті. М.Сүн. ~ Жапар бұл малағамның ешқайсысынан бейхабар-тын, әйткенмен мына көргенi сол «ит ашуын тырнадан алады» дегендейiн кеп. Жазықсыздан-жазықсыз ала қаншық қаһарға ұшырады. Ә.Ыб.

АЛА ҚАНШЫҚ Read More

АЛА ҚАНШЫҚ БОРАН (БОРАСЫН)

Біресе бәсеңдеп, біресе ұйытқып, құбыла соққан қарлы, ызғарлы жел. ~ Ашық даланың ызғырық желінен ала қаншық борасын борап әлгінде ғана түскен әлсіз ізіңді жып-жылдам, жым-жылас қып шығарады. Ә.Кек. ~ Дулаттың барар жолы тап жел жақта. Оның ойына «адаспасам жарар еді» деген уайым келе қойған жоқ, себебі мұндай ала қаншық «боран атаның» талайын ол басынан кешірген ғой. Ғ.Сл.

АЛА ҚАНШЫҚ БОРАН (БОРАСЫН) Read More

АЛА ҚАНШЫҚТАНДЫ

Ауа райының бұзылуы; желдің бір қатайып, бір басылып алас ұруы. ~ Аспан ала қаншықтанып, бірлі-жарымды таң жұлдыздары көріне бастады. Ғ.Мүс. ~ Кешке қарай жер бетін қалың жапқан туманная қара күреңденген күн келбеті, сөніп бара жатқан шоқтай әлсіз ғана жылтырайды. Бұндай күндерде, далаңқы жерлерде «үрлесін» атты боран сымақ боп, қар бетіндегі қырау ала қаншықтана сырғи жүгіріп жатуға тиісті. С.Мұқ. ~ … аспан тарапынан көктем мезгілінің өзінде де жерге ызғырық үйірген қырау бүркіліп, алақаншықтана суырған қар, ысқырған жел мұқым тіршіліктің бәрін күтірлеген көк тайғақ, тірсек түткен мұздаққа айналдырған. АҚ «Жұтзапыран». ~ Қалтай алғашқы бетімен тоқтай алмай, қақпаны ашып тысқа шықты. Жел күндізгісінен қатайған. Күн алақаншықтап қатты борап тұр. М.Әу.

АЛА ҚАНШЫҚТАНДЫ Read More

АЛА ҚАШТЫ

Оқыс алға басты, тарта жөнелді. ~ Қара көлеңкені пайдаланып, аттарды жанамалай келіп, шанаға секірдім. Сұлу мұрт та тұлыбын шешіп үлгірген екен. Ұмар-жұмар алыса кеттік. Божысы бос қалған қос жирен жол бойымен құйындай ағызып, ала қашты. С.Жүн. ~ Дереу тізгін тежеп, екінші рет қайрылған Қараман тағы да құлаш керіп ұмтыла бергенде, Байшұбар ат ышқына қарғып, құла дүзге ала қашты. А.Сей.

АЛА ҚАШТЫ Read More