Оқыс алға басты, тарта жөнелді. ~ Қара көлеңкені пайдаланып, аттарды жанамалай келіп, шанаға секірдім. Сұлу мұрт та тұлыбын шешіп үлгірген екен. Ұмар-жұмар алыса кеттік. Божысы бос қалған қос жирен жол бойымен құйындай ағызып, ала қашты. С.Жүн. ~ Дереу тізгін тежеп, екінші рет қайрылған Қараман тағы да құлаш керіп ұмтыла бергенде, Байшұбар ат ышқына қарғып, құла дүзге ала қашты. А.Сей.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛА КӨЗДЕНДІ
Қитығып, іштей наразы болып, жақтырмаған мінез танытты.~ Бірақ бұл өлкеге шекараның мойны алыс, бұл ауғанмен ел-жұрты оған ере ме? Қазірдің өзінде ала көзденіп, атарға оқ таппай отырған тәрізді. Б.Тоғ. ~ Меніңше, Алдабергеновтің ең осал, бейбақ жері сол: азғантай ауылдың ауыз бірлігін әлі орната алған жоқ. Кейде орынды–орынсыз қиқу, қиқу боп, өзара ала көздене кетеді. Бірін–бірі жамандайды, өсек айтады. С.Бақ.
АЛА ЖАҢҚА ӘҢГІМЕ
Алып-ұшты, дүрлікпе, үрейлі сыбыс. ~ Бұл күнде ел ішінде ала жаңқа әңгіме көп. Заманның толқыған желі біресе оңнан, біресе солдан ұрғылап, тоғайлар теңселіп, торғайлар үріккен бір дәуірге кез келді. Ж.Шәк.
АЛА КӨЗДІК
Араздық; алауыздық (қылды). ~ Осы ала көздіктерің басталғаннан бері, «найман», «керей» деп атап тілдескендерің тұрыңдар орындарыңнан!… Ондай ауру тартпағандар отыра берсін! Қ.Шаб. ~ Басым сан алтайлық бен тарғабағатайлық болғандықтан сабақтастар осы екі топқа қақ жарыла бөлінген сыңай бар еді. Осы ала көздікті бір күні ақыраңдаған өштікке айналдырған тағы да мен болып шықтым. Қ.Шаб.
АЛА ЖАҢҚА КӨҢІЛ
Беймаза, әлденеге алаңдаулы, дегбірсіз көңіл. ~ Алып ұшып елді сағынған ала жаңқа көңіл, енді от басып, аяғы күйген жандай асығыс тыпыршып, ақыры ең болмаса жақындайық дегендей Сарыағашқа қоныс аударып тынды. К.Өт.
АЛА КӨЗІМЕН АТТЫ
Жақтырмай, жек көре, қабақ астынан қарады. ~ Жұрт Битабардан сескеніп, ала көзімен атып, өрт шыққандай тысқа қарай жанұшыра сытылып барады. Қ.Түм. ~ Анасынан бір ұрыс естіп алып, көзін көл қылған ол сіңілісінің жанынан өтіп бара жатып «бәрі сен үшін» дегендей ала көзімен атты. А.Бал. ~ Бәйбіше оны ала көзімен атып шығарып салады. Қ.Ысқ.
АЛА ЖАУЛЫ
Ала-құла, әр түрлі, біркелкі емес. ~ Он екі хайуан бағып, мазаттанып, Жылда біреуін жеуменен көп жасадық. Басы — көті он екі болды харам, Ала жаулы оның да алтауы — арам.
Ішкен — жеген нәрсені есепке алсам, Мұныменен боламыз, қайтсек, адам?! М.-Ж. Көп. ~ Шарықтатамыз қызыл жалауды, Жалпы ұлдары, болма ала жаулы! Сәулелі күндер басталар кез бұл, Жастар ұраны: лап десе, тап бол! Ж.Айм. ~ Дегелек деген бір құс бар, Аспанда жүріп ысқырса, Мың орда жылан басылған. Мен жүлделі жүйрікпін, Ала жаулы тер шығып, Сүйегім қызбай ашылман. Қашаған.
АЛА КӨКЕК
1. Шолақ шұбар ала қанатты, ұзын айдарлы құс (бәбісек). ~ Үш найза тамның қасына жетіп келгенде, сол арадағы таспен араластыра салынған тозған аласа жер молалардан бір-екі ала көкек жалпылдап ұша-ұша жөнелді. С.Сей.
2. Ұшып-қонып жүретін, жеңілтек, берекесіз адам туралы. ~ Демнің арасында жансақтаудың жолын жақсы біліп алған жағымпаздар Әулиеатаны Мирзоян атандыра салды. Мұны қане, даңғой, ала көкектік, дарақылық демей не дерсің, әйтпесе нені сонша сұқпатына келтіріп жіберіпті? Б.Қыд. ~ Біздің кедей болуымыздың себебі манағылардың айтуынша: көкемнің «ала көкек» ақылсыздығынан сияқты. Н. Қаз.
АЛА ЖӨНЕЛДІ
1. Алға тартып кетті. ~ Қуанышы қойнына сыймаған бір арбалылар сабаларын лықылдатып аттарын айдап ала жөнелді. М.Дәу. ~ Шамның әлі құрыс–тырысы жазылмаған, ауыздығын қарш–қарш шайнап аласұрады, тізгінді сәл босатса, ала жөнелгелі тұр. А.См.
2. Әлдебір іс-қимылдың жаңа қарқынмен жалғасуы, үдеуі.
~ Аспанмен тілдескен ақбас шоқылар есімде. Күн шығып келе жатса керек. Ақ шоқылар алаулап көз қарығар алмастай жарқырап ала жөнелді. Б.Мом. ~ Шошып ояндым, тым– тырыс секілді. Құлағымды тосамын. Шынында да бірдеме тырс– тырс етіп, сәл тұрады да, әр қилы ырғаққа салып ала жөнеледі. Бақсам, ондаған сағат даусы. С.Шай.
АЛА ЖЫЛАН, АШ БАҚА
Аралары суыды, бір-біріне кек сақтады, дүрдараз болды. ~ Айналаңнан қысып бара жатқан мына бір қырсау заманды таниық. Тобырыңмен обыр жұтқалы жатқанда өзді — өзіміз ала жылан, аш бақа болғанды қояйық. Ж.Ахм. ~ Дүрмек. Онда ертең Орталық Комитеттің алдында сөйлесерміз. Мен өзімнің достық борышымды өтедім, енді әз обалыңыз өзіңізге. (Кетеді.) Мардан. Осындай «ала жылан, аш бақа» күпілдектерден қашан құтылар екенбіз. Ә.Әб. ~ Иісі қазақтың құдай сүйген қылығы жоқ. Ала жылан аш бақа, ала тілеу оңдырмасын бек біледі. Қара қыпшақ Қобыланды батыр Ақжол биді өлтірген соң арғын– қыпшақ айрылған. А.Кем.
