Адал шайқас д.м. ~ Бәрекелді! «Намыс жолында жан пида» деген ерлерден айналдым. Алайда «Ала балта, ақ білектің күші»
деп, алысар адал шайқас, әділ майдан заманы бабаларымызбен бірге өтіп кетіпті. К.Сег.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚЫРЗАМАНДЫ ҮЙІП-ТӨКТІ
Қорқытып, үркітіп, қара аспанды төндірді. ~ Ол тұрмақ қабылдуына да кіре алмайсың, үлкен үйдің маңайынан да жүре алмайсың! » деп қайдағы жоқ ақырзаманды үйіп– төккен. Қ.Жиен.
АЛА БҮЛІК
1. Содыр, бұзық, лаңкес, бүлікшіл, тынышсыз. ~ Сұрақшы Керімбекті белгілі қылмыстарға қалай да мойындату үшін бір талай айла-шарғы ойластырған тәрізді… Ол үшін Арыппайды жықпай болмайды. Керімбектің інісін бұлар жай ғана есер, ала бүлік деп білмейді. Ж.Ахм.~ Қашан ұлы падишамыз қазақтың бар тізгінін бір тегеурінді қолға жиып бермей, бұлар бәрібір баян таптырмайды. Сондай жағдайда ғана мынау ала бүлік Хиуа мен Бұхара бұл тараптан аяғын тарта жүрер еді. Ә.Кек.
2. Билікке қарсы көтеріліс, дүмпу. ~ Осынау ала бүліктердің түп-тамырында наркобарондар мен әскерилердің, әсіресе орыстың әскери адамдарының мүддесі жатыр. Т.Әс.
АҚЫРЗАМАННЫҢ АДАМЫ
Адамгершілік қасиеттерден жұрдай д.м. ~ Аты жаман аңыздың Алматыда болғанына опынамын. Досқараны көргім келмейді. Көре қалсам, ақырзаманның адамы алдымнан шыққандай абдырап қаламын. Қ.Түм.
АЛА БҮЛІК ШЫҒАРДЫ
Дау-жанжал шығарды, қақтығысқа барды. ~ Бәрінің сөзі бір жерден шығып, оған сабыр берсе жақсы. Ала бүлік шығарып, қолтығына су бүркіп: “Аттан, аттанға” салса ше? М.Әбд.
АҚЫРЫ НАСЫРҒА ШАПТЫ
Істің арты жамандыққа апарды, шатаққа ұласты. ~ Тұнғатар тәуір жігіт болып өседі де, Үкімен тұз — еңбегі жарасып, оң
жақта қалың ойнайды. Осындай жарастықты көңілдердің арасына Сартай тікендей қадалмақ болады. Қыз оған көнбейді.
Ақыры насырға шауып, ұзатып әкеткен Үкіні Сартай қалың қолмен барып Тұнғатардан тартып әкетеді. C.Мұқ.
АЛА ДОРБАСЫ АЛДЫНА ТҮСТІ
Алақан жайды, қайыршылыққа салынды. ~ Қайыршы көрсе қайырым жасағысы кеп етжүректері елжіреп тұратындығы сонша, ала дорбасы алдына түсіп шеттен келіп алақан жайған мүсәпір миллиардерлерге бар-жоғы бір чемодан бакс берсе, «мә, сенен аяғанды ит жесін» деп бір заводты немесе бір мұнай компаниясын ұстата салатын. Т.Сәу. ~ Шайхат та төңірекке қолды жая-жая ала дорбасы алдына түсіп болды. Ә.Кек.
АҚЫРЫ НЕ КЕРЕК
Сөйтіп, сонымен, не айтары бар д.с. қыстырма тіркес. ~ Содан бірер жыл азаматтың басы жұмысты болып, ақыры не керек, соғыстан бір-ақ шығыпты. С.См. ~ Содан у-шу. Серәлінің үй-іші жылап-сықтап, мал сойылып, құран оқылып, ақыры не керек, жетісін бергелі жатқанда Серәлінің өзі келсін… Сөйтіп бір масқара болған. Т.Әб.
АЛА ЖАЗДАЙ
Жаз бойы. ~ Таңқыбаймен ала жаздай суға таласып жүріп, талай алтын уақыты зая кеткенін іші сезеді. О.Сәр. ~ Ала жаздай кенезесі кеуіп, жалғыз тамшы тамбай тандырланған сараң көктің көбесі сөгіліп кеткендей толассыз сорғалауы күзеуге жаңадан ғана келіп қонған Омардың зықысын әбден алып еді. О.Бөк. ~ Ала жаздай мейманы болып, үлкен сый-сияпатын көрген ауылдан күн арқан бойы көтерілгенде аттанған Әсет суыт жүріп кеткен. Қ.Тол.
АҚЫРЫН БАҚТЫ
Аңысын аңдады, не боларын күтті. ~ Соңғы сөздерiнде, Абай көңiлiнiң бiр жарықшағын сезгендей күдiк, қобалжу да
байқалды. Шешесiнiң сезiмтал, жүйрiк көңiлi қыс бойы елге қайтпаған баласының қабағын аңғарып, қалаға келгеннен берi
ақырын бағып жүр едi. М.Әу.
