Жаз бойы. ~ Таңқыбаймен ала жаздай суға таласып жүріп, талай алтын уақыты зая кеткенін іші сезеді. О.Сәр. ~ Ала жаздай кенезесі кеуіп, жалғыз тамшы тамбай тандырланған сараң көктің көбесі сөгіліп кеткендей толассыз сорғалауы күзеуге жаңадан ғана келіп қонған Омардың зықысын әбден алып еді. О.Бөк. ~ Ала жаздай мейманы болып, үлкен сый-сияпатын көрген ауылдан күн арқан бойы көтерілгенде аттанған Әсет суыт жүріп кеткен. Қ.Тол.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚЫЛЫҢДЫ БАСЫҢА ШАЙНАП ЖАҚ
Сенен ақыл сұрағам жоқ д.м. ~ Ақылың асып бара жатса, босағаңнан бүгін аттаған әйеліңе, ертеңгі дүниеге келер өз балаларыңа айтарсың. Одан асып бара жатса, өз басыңа шайнап жақ. Бірақ маған айтпа, білдің бе?! Көзім тірі тұрғанда өз ісіме өзім жауап беремін. К.Сег. ~ Айша апай екеуіміздің миымызды ашыттыңдар ғой, тәйт әрі, ақылдарынды бастарыңа шайнап жақ. Қ.Мұх. ~ Ей, тоқыр бас,— деді қайыршы,— «кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» деп, қазір келе салып, хан үйінде он күннен бері қонақ болып жатқан бізге ақыл үйретпек болдың ғой. Ақылыңды басыңа шайнап жақ. Б.Қыд.
АҚЫН ЖАНДЫ
Сезімтал, нәзік жанды, өмірді жүрегімен қабылдай алатын, поэзияға жақын адам туралы. ~ Қайсар кітап жазатын ақын боламын деген емес. Әлжан оның ақын жанды жігіт екенін түсінбеді. Мен Әлжанға бұрынғымнан да жиіркене қарадым. І.Ес. ~ Талай адамдармен дәмдес болдым. Әсіресе, университетте жақсы-жақсы достарым бар еді. Бәрі де ақылды, ақын жанды, албырт жігіттер-тұғын. Т.Әбд.
АҚЫР АЯҒЫ
1. Тіпті, керек болса, керек десең. ~ Әннен кейін әр алуан кәделі ойындар ойналып, ең ақыр аяғы «Жүзік тықпақ», «Орамал тастамақ», «Балтам тап» ойындарына келгенде ойын-сауық бірте-бірте аяқси бастаған. С.Ас. ~ Бүйтуге болмайды деп оған ықпал жасамақ боп көрген еді, бірақ Валя бет қаратқысыз етіп тауанын қайтарып тастады. — Ақыр-аяғы біздің деревняның әйелдері де тап мұндай ақшақұмар емес… В.Шук. ~ Әркімнің өсегіне қалмау үшін хан нан пісіретін жерге уәзірінен қағаз беріп: «Ертемен келген адамды кім де болса, ең ақыр аяғы, мен болсам да отқа жағып жіберіңдер!» – дейді. ҚЕ.
2. Ақыр соңында, әйтеуір бір, түптің түбінде, соңыра, бара-бара. ~ Оның ойынша енді қолынан ештеңе келмейді, асыл арманына енді жете алмайды. Ақыр аяғы бәрі араққа бола жанжалдасумен ғана тынатын тәрізді. Э. Хэм. ~ Бізде… мода қусаң ақыр аяғы бірдеңені бүлдіріп тынасың. Мүмкіндік пен мәдениеттің өзі сол… М
АҚЫР СОҢЫНДА (АЯҒЫНДА )
Түптің түбінде. ~ Ақыр соңында басқа көзге төпеп берген қамшы мен сойылдан амалдары құрып жөңкіле аққан жойқын суға жөнеп берер–ді. Ә.Кек. ~ Екi оттың ортасында калған Нәргүл де қазiр өзiнше қиналуда едi. Ақыр соңында ол жiгiтке бiржола бұрылып алды. Көзi жайнап, алма бетi алабұртқан нәзiк жан жауапқа да сасқан жоқ. Р.Рай. ~ Түннің бір уағына дейін сарыла сандалып ойланған. Ойланды да, ақыр аяғында тас түйін шешімге келді. М.Қаб. ~ Сыртқа шыққасын әкесінің іштегі реніші үдеп, ақыр аяғында ызаға, ашуға айналды. Ә.Нұрп.
АҚЫР ТҮБІ (ТҮБІНДЕ)
Әйтеуір бір. ~ Алыпсатарлармен салғыласып жатуға қазір уақыт жоқ, олармен ақыр түбі бір есеп айырыса жатармыз. Ал, қазір жағдай өте қиын. Ш.Айт. ~ Зұлымдық – тек азаматтың ғана емес, ақыр түбі бүкіл жалпақ елдің басын жалмайтын алапат қатер. Ә.Кек. ~ И с а б е к .О жағына басынды қатырмай–ақ қой. Сол іздеген адамың ақыр түбінде өзің болып шығып жүрме. Қ.Мұх.
АҚЫРҒЫ САПАРҒА АТТАНДЫ
~ Ақырғы сапарға аттанар алдында әкесі баласына осы жайды айтпақшы еді. Тағы да бір айтатын аманат бар. Ш.Айт. ~ Рәштар да біраз қобалжыған. Әйтсе де, әкесі ақырғы сапарға аттанған киелі мекеннен ешқайда қия басқысы келмеді. Ү.Жәл.
АҚЫРЕТ АЗАБЫ
Жан шыдамас қиналыс. ~ Жар жағалап жүгірген сондағы тартқан ақырет азабымды тірі пенденің басына бермесін! Қ.Жиен.
АҚЫРЕТ КЕБІНІ
Өлікті орайтын ақ мата, кебін. ~ Қазақтың дәстүрімен дастар қанға салар асы, жағар отыны, басына тігер
үйі де жоқ. Оны қойып жарықтықтың ақырет-кебіні бар ма екен? Ш.Рах. ~ Ақырет кебіні бар ғой, өзі
даярлап қойғанына бес-алты жыл болған, басқасы болмаса… — деп марқұмның аурушаң әйелі еңсесін
зорға көтеріп, өксігін әрең басып, енді не айтарын білмей үні өшті. Ш.Рах.
АҚЫЛЫНА ҚОҢСЫ ҚОНА КЕЛДІ
Ақыл сұрауға, кеңес алу келді. ~ Енді ол да өзімен жақсы құрбы жас төрені «ағеке» деп жалына түсіп: – Тура ақылыңа қоңсы қона келдік, ағеке! Ендігі басшым, асыл төрем! Айтарыңды өзің айт! Қалай етейік осы Абайды? – деп қадалып отыр. М.Әу. ~ Бұ топта Сүйіндік шешіліп сөйлеген жоқ. Кібіртіктеп, қылғынып сөйлегендей болды. – Ағайының келіп отыр. Ақылыңа қоңсы қона келіп отыр. Не дейсің? Нұсқайтұғын бетіңді айт! — деді. М.Әу.
