~ Байлап беріп бағымды құса-мұңға,
О, Уақыт, адымды тұсадың ба?!
Бұл күндері ұмыттым қанша қыздың,
Тұрғанымды жылынып құшағында. А.Әл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДЫМЫ ҚЫСҚА
Ұзаққа бара алмайды, өрісі тар, шама-шарқы шектеулі. ~ Қара жердің бетінде қаптай жайылып өз төлдерім жүреді ғой деп еді… Оны да көп көргендері ме! Жақсы үміттің адымы неткен қысқа еді! Ә.Кек. ~ Арамның адымы қысқа. М.-М. ~ Не дегенмен, жарамсақ Жетібайдың көлденең киліккен жаңсақ пікірінен жиналысқа аз да болса жарықшақ түскен-ді. Жағымпаз адамның адымы қысқа болады ғой. Бас жоқ, көз жоқ, байлардың жыртысын жыртамын деп жексұрын болып қалды. С.Ом.
АДЫМЫ ҚЫСҚАРДЫ
Екпіні толастады, жүрісі бәсеңдеді. ~ Өзегі талып, таңдайы кеуіп келеді. Қыстауға жеткенше дымы құрып бітетін шығар, қазірдің өзінде аяғына қан түскендей адымы қысқарып қалған. Д.Әш. ~ Сол намыс, әрі арыны басылмаған мақтангер мінез оны осы жолға бастауын бастап алып шықса да, Қарабақырдағы Гүлнәрдің үйіне жақындаған сайын Сойдақтістің адымы қысқара бастады. Ш.Мұр.
АДЫМЫ ТАРЫЛДЫ
Тегеуріні басылды, қарқыны бәсеңдеді. ~ Бұдан әрі Көбей де кібіртіктеп, адымы тарыла берді, беті оттай күйіп, сөзінен жаңылып, не айтып, не қойғанын білмеді. С.Жүн. ~ Енді ұшқыр Қарабедеу ұзақ шабысқа жарамай, үстіндегі екі адамды ауырлай берді. Бірнеше қыр асып, ұзаған сайын адымы тарылып, қалжырай бастады. С.Жүн.
АДЫМЫН АЛЫС ТАСТАДЫ
Аяғын кең басты, жүрісін үдетті. ~ Аласа бойлы ақ сұр бала алға еңкейе, адымын алыс тастап, қабырғадағы қара түймеге беттеді. М.Қаб.
АДАСҚАН ҚАЗДАЙ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ
~ Бұл мәжілісте адасқан қаздай ана шетте жалғыз қалған Ықаң, бұ жақта Бекболат еді. Ж.Айм. ~ Қанат кетсе, осы ауылда Балапан адасқан қаздай жалғыз қалатын сияқтанады. Н.Сер.
АДЫМЫН АЛЫСҚА САЛДЫ
Алдына үлкен мақсат қойды. ~Тілге келмей тітіреніп, бір күн үшін дос болып, бір сөз үшін жау болатын, ақыл-парасаттан ада, күнкөріс үшін күнелткендермен, өңкей өңез төлімен қанша алысқа барасың. Адымыңды алысқа салудың орнына сен тізгініңді қысқа ұстайсың. Б.Қыд.
АДАМҒА (АДАМ ДЕП) САНАМАЙДЫ (ЕСЕПТЕМЕЙДІ)
Кісі деп қарамайды, елемейді, місе тұтпайды, менсінбейді. ~ Нұрғали ойындағысын жасырмай айтуға кірісті: — Жоқ, менімен араз. Мені адамға санамайды. Олар коммунистер ғой, төре ғой, үстен қарайды, — деді. Б.Майл. ~ Мені мүгедек деп адамға есептемейді, бар қоясын қысылып–қымтырылмай ақтара береді. М.Қаб. ~ Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. БАҚ
АДАМДЫҚТАН ШЫҚТЫ (КЕТТІ, БЕЗДІ)
Адамгершілікке жатпайтын жаман істерге, жөнсіздікке барды. ~ Ғашықтық ішін өртеп диуана боп, Қор болып адамдықтан шықты мүлде. Бір құлы әкесіне берді хабар, Жиылды өңкей құрбы байбатшалар. Шәк. ~ Кәрім сол түні Күркіреудің бойында отырған кейуана шопанның үйіне қонған, кеудесінде қаулаған өртті тек қана қарсы өрт қойып сөндіруге болатын еді, сондықтан да адамдықтан безді, еш жазығы жоқ момын жандарды шопанның өзі мен кемпірін таңсәріде бауыздап, бастарын күресінге лақтырып кетті. Ә.Тар. ~ Адамның адамдықтан кетуіне, иә, не бары бір ғана апта уақыт кетеді екен. О.Бөк.
АДАМНАН (ЖҰРТТАН, ЕЛДЕН) АСҚАН
Ешкім тең келместей ерекшелік, артықшылықтың сипаты ретінде. ~ «Адамнан асқан итжанды кім бар. Сүрікті күн жеткенде бәріміз де өлерміз ғой. Сонда көрерсіңдер, қара жердің астына түскен адам үш күннен кейін тозаққа да үйренетін шығар»,– деді қара шал. Ә.Нұрп. ~ Мысалы мені-ақ алайық. Жұрттан асқан ешнәрсем де жоқ. Бірақ бүкіл колхоз болып армияға шығарып салды. Т.Ахт. ~ Қашан да елден асқан артықшылық жан иесіне жақсылық әкелмеген ғой. Сұлудың айыбы – ажары, данышпанның кінәсі – ақылы, жүйріктің басына біткен бәлесі – шабысы. Т.Әб.

