Posted in

ТҮЙЕ ҚОТЫР (СӨЗ)

Әркімге бір тиісіп, қағытып отыратын адамның қыршаңқы тілі туралы. ~ Ел ақынын қомсынып Бармақ отыр, Бұйрық айтып біреуге арнап отыр. Жұлындырып ежелден отыратын Мұның сөзі қыршаңқы, түйе қотыр.. Жамбыл.

Posted in

ТҮЙЕНІҢ ТАБАНЫ ТИЕР

Өте алыс жер. * Шығасыға иесі басшы деген, балаларының қалаға кетуіне бір себептен Байсұлтан өзін де кінәлі санайтын… Түйенің табаны тиер бір қиырда қыңырайып жатып алды. Ә.Асқ.

Posted in

ТҮКІРІГІ ЖЕРГЕ ТҮСПЕДІ

Беделі өсіп, билігі жүріп тұрды. * … Бас агрономның қазір "тіфу" деген түкірігі жерге түспей, дәуірлеп тұрған шағы. О.Сәрс. * Алыс-жақынға аса беделді, «тү» деген түкірігі жерге түспей тұрған облыстық соттың бастығы Қоқымбайдың әйелі Гүлиша аймақтағы партия мектебінен, бір жылдық саяси курстан көңілді оралды. Ж.Самит.* Қазақстан қайдасың деп тарта бер енді. Жолыңа кім көлденең түсер екен кәнеки. Жерлік патша ғой ауыл секратары. Ту деген түкірігі жерге түспей тұрған жас, жаңа бастық. Жоғардағы артқы тірегі де жойқын мықты көрінеді, — деп еді. Т.Рыск.

Posted in

ТҮГЕЛ ҚОЛ ҚОЙДЫ

Бір ауыздан келісті, құптады. * Мұқаштың өкпелеп жүргені тағы мәлім. Мұқаш болмаған несі қалды? «Мұқаш, Мұқаш, содан басқа адам да емес»,— деп ел түгел қол қойды. Ж.Айм.

Posted in

ТҮГІ ЖЫЛТЫРАДЫ

Қоң жинап, семірді. * Шам аяғын сүйретіп басады, жануар әбден қажыған ғой, енді оған қиналудың жөні жоқ, Агба тірі болса, күні ертең-ақ түгі жылтырап шыға келеді … А.Смай. * Жирен ат текіректеп барып, пысқырына тоқтады, түгі жылтырап, бүйірін соғып тұр. М.Сүнд. * Бөкен сүлік қарамен салып ұрып Мырзабектікіне келсе, ол киіз үйдің жанында түгі жылтыраған бір торы төбел аттың жалын тараштап тұр екен. Д.Әшімх. * Құм судан бетер қапысыз тазалайды екен, жылқы түгі жылтырап кеткенде Кенжебек қайран қалды. Бейнетқор атасы мал жайынан білмейтіні жер астында. А.Кемелб.

Posted in

ТҮГІ СЫРТЫНА ШЫҚТЫ (ТЕПТІ)

Ашу қысты, зәрленді, түтігіп кетті. ~ Колхоздың басқа белсенділеріне қарағанда өзі кәдімгідей түгі сыртына шығып, әжептәуір кекірейіп-ақ тұрады. С.Мұр. ~ Сонан соң әлденеден қуыстанғандай, қасында отырған Демежанға қараған. Жас жігіттің түгі сыртына шығып, түтігіп отыр екен… Қ.Жұм. ~ Түгі сыртына шыққан қушық беті жыбырлап, оң қолын өршелене сілтеп қалады. Жын қаққандай құтырынып кетеді сотқар хан. М.Әбд. ~ Ондайда құдды көңіліне желік кірген әйелдей әдемі түгі сыртына теуіп құлпырып шыға келеді. Ә.Нұрп. ~ Мұны естігенде Бауыржанның барлық түгі сыртына теуіп шыға келеді. Жирен мұрты едірейіп, электр сымының біріне бірін жақындатқан екі ұшындай болып, шытыр-шытыр ете қалады. Ә.Нұрш.

Posted in

ТҮГІН ҚАЛЫҢДАТТЫ

Беделі арты, қомданды. * Шама-шарқын шамалайтын кісі шықпаған соң, молдамыз далаға құлаш жайды. Бірде-бір ғұламаның алдынан өтпей-ақ, хазірет атанды. Түгін қалыңдата түсті. Елдің құлағына сіңіп, ауыздары үйренгенше, хазіреттік атағын жақ жаппай уағыздады. Қ.Тол.

Posted in

ТҮГІН ТАРТСА, МАЙЫ ШЫҒАДЫ

Қоңды, семіз малға қатысты айтылады. ~ Ноқаң ауылы өзге ел барғанша, жонның соны . шалғынына қардай шүйгіп, аш қасқырмен арпалысып, малының түгін тартса, майы шығады. Ж.Айм. ~… маған салса, осынау көнетоз кілемнің түгін қуалата Аймақкөлден шырын бұлағын ағызып, аймағыңды түгін тартса майы шығатын семіз етер едім де, биесін егізден құлындайтын, түйесін сегізден боталайтын етер едім!.. Ғ.Слан. ~ Жер от, қойдың түгін тартсаң майы шығады. Сол жылы Мақпал қыздың қарақалпақ күйеуі келіп, Күржібай той қылмасы бар ма? З.Шүк. — Әдаға, — деген Дастан, ойпырай саулықтарыңыздың шетінен түгін тартса майы шыққалы тұр, тіл-аузым тасқа, тіпті қыс көрген мал деп айтудың өзі қиын. Төлді биыл өзіңіз алғанда болады екен, әттең… С.Баяз. ~ «Апырай, — деп ойлаған бұл, — мына мал тіпті қыс көрген, буаз мал деуге ауыз бармайды ғой, түгін тартсаң, майы шыққалы тұр. Әділді былайғы жұрт шопан атаның өнері дарыған деп текке айтады дейсің бе?». С.Баяз. Құнарлы, оты-суы мол жер туралы. ~ Қырдың қара от түгін тартса майы шығардай. Ө.Кәріп. ~ Содан Хабарасудан алқұлымдап асып кетсек, алдымызда түгін тартса майы шығатын Ойжайлау және Балажайлау деген, көк майсалы шалғынынан құлынның сауыры көрінбейтін жасыл жазық жатады. О.Бөк.

Posted in

ТҮЗГЕ (ДҮЗГЕ) ШЫҚТЫ

Дәрет сындырды. ~ Қоясы тастауға да кісі жалдайтын кер жалқау жұрт та! Әйтпесе түзге шыққан қатын да көсеумен — ақ түртіп қап көзін аша салатын нәрсе ғой. Қ.Ысқ. ~ Төрт жыл жаумен алысып, есен-сау оралғанда әкесінің екі тізесіне сарысу толып, өз аяғымен дүзге шығу мұң болып қалған екен. О.Бөк. ~ Сол келген күні-ақ түнде түзге шыққан боп Есберген Ақбөбектің қасына барған. Тіздеулі тайлақтай шөкесінен түсіп, үнсіз жатыр екен. Ү.Жәл. Далаға, табиғат аясына аяқ басты; үйден алыстады, жол жүрді. ~ Сөйтіп ол қоғам өмірінен, саясаттан тысқары, табиғат аясында оқшау жүріп жатты. Түзге шықса қара мылтығын, үйге келсе қара домбырасы мен немересін ермек етті. Қ.Жұм. ~ Өмір дегеніңіз осылайша бірде бетін, бірде сыртын беріп, өз бетінше өтіп жатыр. «Түзге шықсам — батырмын, үйге келсем — пақырмын. Әйел ауру, бала жас, тары түйіп жатырмын»,—деген екен баяғыда Тәтіқара ақын. Қ.Жұм. ~ Биім-ау, мынау қасыңнан қалмайтын ойы улы, тілі шаян қара бүйің кім? Көлеңкең бе, берекең бе? – деп сұрапты. ~ Бұл өзі үйде болсам, шаруаға берік құлым, түзге шықсам, жанға серік ұлым! – депті Тана би. Т.Жұр.

Posted in

ТУЫРЛЫҒЫН ТІЛДІ (КЕСКІЛЕДІ, КЕСТІ)

Тас-талқан қылды, шаңырағын ортасына түсірді. ~ Ұлардай кәрі-жасын шулаттырып. Сыйғысып бір тарының қауызына Түндігін‚ туырлығын турап‚ тіліп‚ Жасауыл Күйгенжарды илеп өтті Ұйпалап шаңға көміп‚ құм қаптырып. К.Мырз. ~ "Тыныш жатқан елге тұткиылдан шабуыл жасап, тұнығын лайлап, туырлығын тілу — кұдай алдында кешірілмес күнә" деп ойлаған Тұрлыбек. С.Дос. ~ Жағалай жатқан сол елге Мал толтырсам деп едім. Еңсесі биік ақ орда, Еріксіз кірсем деп едім. Керегесін қиратып, Отын етсем деп едім. Туырлығын кескілеп, Тоқым етсем деп едім. Махамбет. ~ Туғанынан кім безсін, Туырлығын кім кессін!.. И.Сап.