Posted in

ТОПЫРАҚ АЙДАДЫ

Ажал айдады. ~ Ол от басымен бір аптаның алдында ғана осы ауылға көшіп келген еді, кеше қайтыс болды деп естідім, топырақ айдап келген екен -ау байқұсты. А. Қас.

Posted in

ТОПСАСЫ БОСАҢ

Жеңіл мінезді. ~ Кісі киік емес еді, ұнатсын-ұнатпа- сын құрбыларымен қолтықтасып жүре береді. Сондай-ақ жарқын ашық мінезін біреулер басқаға жорып, оны топсасы босаң қыз атандырып өсекке танды. Ө.Кәр.

Posted in

ТОПЫРАҚ БҰЙЫРДЫ

Марқұмның жерленген жеріне қатысты айтылады. ~ Қайтыс болған адамды қабірге жерлегенде, қабір басына барған адамдар жерлігіне қойылып жатқан сүйектің үстіне бір шым-шымнан топырақ салады. Мұны «көптен топырақ бұйырды» деп айтады. А.Сей. ~ Енді міне бір төмпек жер бетінде, Осы жерде алғашқы тербетілді. Туған жерден топырақ бұйырды да, Назекеңнің жамбасы жерге тиді. С.Назарб. ~ Шердиман Оспанұлы 1952 жылы күзде қызыл үкіметке бағынғанда, әкесінің сүйегін қайтарып алуды бір шарт етіп, батырдың мүрдесін Алтайдың Көктоғайындағы өз мекеніне апарып жерледі. Қан кешіп жүріп, қызғыштай шырылдап қорғаған қара мекенінен топырақ бұйырды. Ж.Шәк.

Posted in

ТОПСАСЫН БОСАТТЫ

Жүрегін елжіретті, көзіне жас алғызды, көңілін босатты. ~ Дәу апаны кемпірлер алма-кезек құшақтап "Қандай-қандай күн болады, көре алмай кетсек бақыл бол!" десіп, аңырап, әндетіп жұрттың топсасын босатты. С.Елу.

Posted in

ТОПЫРАҚ ЖАМЫЛДЫ

Қайтыс болды. * Шешесі қандай болса қызы да сондай, «шешесін көріп қызын ал» дейді». Топырақ жамылғанына он жылдан асқан анасы өмірі отбасы туралы сөз қозғап, «бір басыңды екеу қыл» деп айтпапты. Қ.Түм. ~ Неде болса бір жағында болам деп орыстарға арқа сүйеген Сүйінғараның қара жердің қойнына кіріп, топырақ жамылғанына да он шақты жылдың жүзі өтті. О.Көш. ~ Үмітін өзің кескенде, Талайлар топырақ жамылды. Сұлулык, сұмсың, зұлымсың,., Айыбың да емес ол сенің. Ә.Қайр.

Posted in

ТОПТАН ОЗДЫ

Өз қатарының алды болды. ~ Әдемінің алдынан өте бергенде іркес-тіркес топтан оза шықты, және бір қыр көрсеткісі келді, көрсеткісі келді де, аттың басын қоя берді, қоя берді… Ә.Тар. ~ Сол уақытта сал Сегіз Толғап тұрып былайша Аттарын жайып, шалдырды: – Мен сері едім, сері едім, Сен топтан озған Кер едің… "Мақпал — Сегіз."

Posted in

ТОПЫРАҚ САЛДЫ

Өлген адамның моласына бір уыс топырақ салу ғұрпы. ~ Ерубай мен Бөкен екеуі де… таудың бөктерінде болды да, әкелеріне бір күрек топырақ та сала алмады. Ж.Сәм. ~ "Қобланды, мен сені енді ешқашанда көре алмаймын. Сен қалай сақтанбадың, Қобланды? Мен кеш естідім. Хабарың жеткенде қолымнан топырақ салар едім". С.См.

Posted in

ТОПТАН ТОРАЙ БЕРМЕДІ

Елден ерек өнерпаз, қас шебер, желден жүйрік сәйгүлік, сөзге жүйрік, тілге шебер, сегіз қырлы, бір сырлы адам хақында. ~ Айдасаң алыс жерімді, Алсаң ащы терімді, Өзіне — өзі сенімді, Тоят төс, салпы ерінді, Топтан торай бермейтін Тұлпар аттай қунақпын. Д.Баб. ~ Құрманбай осы бір жерде пайда бақыр таба қоямын дейтін кез томақ жігіт емес- ті. Қайта, әр нәрсенің жөнін білетін, топта торай бермейтін көсілген көсем, суырылған шешен, самыржақ болмағанымен, сөзден ешкімге есесін жібермейтін жігіт еді. Б.Қыд. ~ Егер хан кездейсоқ үстінен түспегенде, топта торай бермейтін саңлақтың бұл бір білегінен күші, сүдінінен түсі, аузынан тісі кеткен шағында қазақтың қай үйінің қазанын шегелеп, қай үйінің жылыжұмсағын жәукемдеп жүргенін білмей, хан төңірегіндегілер тас аяқтай қағысатын еді… Б.Қыд.

Posted in

ТОПЫРАҚ ШАШТЫ

Біреуді артынан даттау, қаралау, жала жабу туралы. ~ Жау жетті де, қамауда Кебек қалды, Әрі-бері қанжарлап соғыс салды.Бірталайын жаралы қылса-дағы, Көпке топырақ шашсын ба, ұстап алды. Шәк. ~ Көрінген менен қашады, Артымнан топырақ шашады, Көмірдей жерге басады, Қалдырған жерде — жетімдік! М.Ж.Көп. ~ Ел алдында өсекке таңып, газетке де жазып масқаралады емес пе? Ауылдастары сыртынан топырақ шашып, жерге түкіргеннен өзге не істемеді? М.Сүн. ~ Көпке топырақ шашам деп арпалысып, қалың жұртыңды қанға бөктіру — әбестік! М. Мағ.

Posted in

ТОПТАН ТОРАЙ ШАЛДЫРМАДЫ

Жауына есе жібермейтін ер мінез жігіт. тілінен бал тамған ділмар шешен туралы. ~ Сіздің семіз болуыңыз халықтың қамын ойламағаныңыздан болар. Мен қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп, қазақтың жалғыз тайын жауға алдырмаймын деп бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын, маған не ғылып шыр бітсін,— депті. "Шешендік сөздер". ~ Қалыңсыз қатын құштырып, Алашты «алаш» қылған сабаздарым. «Топтан торай шалдырмасқа, Қазақтың бір тайын кәпірге алдырмасқа Бір түнде тоқсан ойланып, Тоғыз төңкерілетін….» С.Тор. ~ Қуатың бойыңдағы жиналады Алпыс бесте аузыңа тіліңменен. Аталы сөз айта алсаң — ардақтысың, Топтан торай шалдырмай ілімменен. М.Ж. Көп. ~ Сол Жақай ғой. Қонақтардың алдында қыры шығып, өркештеніп отыр еді. Түбі иісі шектінің топтан торай шалдырмайтын шешені өзі болғалы тұр екен. Ағасының сөзін бөліп, алдына түсе беретіні сондықтан сияқты. Сегіз езу тартты. З.Шүк. ~ Топтан торай шалдырмай, жел сөзде алдына қара салдырмай жүрген кәрі тарланның тегеурініне төңірегіндегі ақындардың бірі де шыдамаған соң Тезек жас дарын, жаңа талап Сүйінбайды арнайы алдырады. Бірақ ақын ағаның жасын да, басын да сыйлайтын, үлкеннің бетінен алу тұрсын үстіне баса-көктеп кіріп баруды әбес санайтын қазақы әдеппен ол Түбектің көзіне түспейді. С.Ақт.~ Асабасы — Самарқан деген жас жігіт, ауыл клубының меңгерушісі болып шықты. Бәтшағарың топтан торай шалдырмастың нағыз өзі екен, жіптіктей жұтынып, сөйлеп берген кезде ерні- ерніне жұғар емес… Ә.Асқ.