Posted in

ТОПАЛАҢ АСЫРДЫ

Қырды. ~ Осы сәтті оңтайлы пайдаланып, Құлан жылдамдатып тағы екі-үш мәрте садақ тартып, бірнеше қасқырды топалаң асырады. Е.Ерал. ~ Осы сәтті оңтайлы пайдаланып, Құлан жылдамдатып тағы екі-үш мәрте садақ тартып, бірнеше қасқырды топалаң асырады. Ө.Кәр.

Posted in

ТОҢ БОП ҚАТТЫ

Мейірім, жылулық атаулыдан ада болды д.м. * Бірақ, қатты жерге сыздықтап жайылған судай қыз бойына бірте-бірте сіңе берді. Тоң боп қатқан жүрек жарасын жібітті. Бір емес, арада бірнеше күндер өтті. Р.Рай. ~ Екі айда, іштен шыққан шұбарды қойып, өгейдің де тас бауыры жібитіндей кез еді, бірақ мына жұдырықтай қыздың жүрегі тоң боп қатып қалғандай — айналайын деп асты-үстіне түсіп тұрған Тел жанға да, құлыным деп құрақ ұшып жүрген Гүлсанға да жыли қояр түрі жоқ. Д.Әш. * Тамыр – ең соңғы түбіртек- тұқылы қалғанша, өзін ұмытпайды. Ештеңені ұмытпас қара Жердің тоң боп қатқан жадынан жібіп, көктеген ұрық, ең ақырғы үзігі шіріп біткенше, жалғасын сезіп жатады… Т.Шап.

Posted in

ТОПАЛАҢ БОЛДЫ (-Ы ШЫҚТЫ)

Әлек-шәлегі шықты, абыр-сабыр болды, ойраны шықты. ~ Күткен көп қайтқан аттан көрсе қара, Жынданбай жанды қазақ тұра ала ма? Деп тұрып: «Тоқта! Тоқта! Шаппа! Шаппа!» Топалаң болмаушы ме ед тұра-бара? І.Жанс. ~ Көшкен айып емес дегің келеді. Өзгені қояйын, кеше «недоймке», «қарашығын» жиғандар кімге топалаң боп тиді? Дымы құрып, тек сүлдері жүрген көп кедейге тиді. М.Әу. ~ Бұл жануардың көзге қораштау тұрқы ғана емес, мынау төңіректің топалаңы шығып жатқанда дәл соның бел ортасында тұрып қылшығы да қисаймай шөп күйсеген тұрысының өзі оның өзге бір мінездің малы екенін аңғартқандай. С.Елуб.

Posted in

ТОҢ ЕРІДІ (ЖІБІДІ)

Жүзі жылыды, көңілі жайланды. * Бірақ сонда да іште жатқан тоң еріп, екеуінің арасында шын жақындық пайда болғанын сезді. Т.Ахт. * Дәмелі үйге кіргелі Бимендінің тіс жарып айтқан сөздері бұл. Ар жағындағы тоң жібігендей, басын көтеріп, малдасын құра дастарқанға жақындады. Қ.Жұм.

Posted in

ТОПАЛАҢ КЕЗІНДЕГІ ТОЙ

Үлкен нәубет кезіндегі көңіл көтеру. ~ Қазына. «Топалаң кезінде тойдың» кебін келтіріп, аштан қырылып жатқан кедейді арестпен топырлатуыңа жол болсын? Б.Майл. ~ Көшір жайласып отырып тағы әңгімесін бастады: Ел күйін пайдаланып, "топалаң кезінде той қылып" жатқанын; ел ішіндегі кеңес басындағы адамдардың елді сүйеу орнына өздері масыл болып жүргенін — бәрін де көз алдына елестетіп, суреттеп берді. Б.Майл. ~ Болыстың хабарын өздерің де есіткен шығарсыңдар, жастарды матап списоктап жатқан көрінеді. Бұрысына күйдірсе, онда да бір сәрі ғой. Болыс жалмауыздығын бұрынғыдан да асырып «топалаң кезіндегі қойдың» кебін келтіріп отыр. Азамат жаннан, ел малдан түндегін күн туғанда, болыс абыройды, арды, ел қамы дегенді былай қойып, құлқынын тойдырудың қамына кірісіп отыр. Б.Майл. ~ Көшір жайласып отырып тағы әңгімесін бастады: Ел күйін пайдаланып, "топалаң кезінде той қылып" жатқанын; ел ішіндегі кеңес басындағы адамдардың елді сүйеу орнына өздері масыл болып жүргенін — бәрін де көз алдына елестетіп, суреттеп берді. Б.Майл.

Posted in

ТОҢ ЖЕР

Қатып қалған жер. * – Есі-дерті күзеннің айғырын тірі ұстау. Ол тірі ұсталса, тоң жерді қазып әуреленудің қажеті жоқ, ұзын қайыс арқанын айғыр күзеннің аяғына байлайды да, басқа күзеннің ініне салып кеп жібереді. Қ.Ш.

Posted in

ТОПАЛАҢ КЕЛГІР!

Малға айтылатын қарғыс. ~ Әй, көндері жібімейтін, топалаң келгірлер, сол!Қайтбылай! –Малына ұрсып жүрген қойшының осы бір қарапайым ғана сөзін естігенде жолаушының бүкіл тұла-бойын ыстық ағын шарпып өткендей күйге түскен. К.Сег. ~ Әй, албасты қатын! Ана қойларыңды неге егіске қаптатып қоя бердіңдер- ей, а? Қарашы, әне, қарашы, топалаң келгірлер көкпеңбек егісті таптап, отап, тып- типыл қып барады ғой, әне. Д.Әш. ~ Мана тұсап жіберген Шайтанқасқа да жал-кекілі желпілдей қос аяқтап қарғып, топалаң келгірлердің соңынан салып ұрып барады-ай. Ж.Шағ.

Posted in

ТОҢ КӨҢІЛ

Зәрлі, жылусыз көңіл. * Бүгінде екеуі де бір түрлі жібімес тоң көңілді, суық, тұйық, сырт көзге жұптасқан жұбайлар секілденгенмен, іштей өзара аулақ, ажырасқан адамдардай бірбіріне жат. Ш.Айт.

Posted in

ТОПАЛАҢ КЕЛДІ (ТИДІ, ТАЯНДЫ)

Нәубет келді д.м. . ~ Малға індет тисе, қайтпек? Адамға оба, топалаң келсе, не қылмақ? Бұл екі апат дәйім қабат келмеуші ме еді! Сондай кездерде бақсы қатынсыз қалай күн көресің? Ж.Айм. ~ ШИМОЙЫН: Солдатовтың қазақ- орыстары переселендерге мөшек — мөшек оқ дәрі, мылтық таратып жүр. Бұларға топалаң тиді ме, әлде осының артында бір топалаң келе жатыр ма? Қ.Ысқ. ~ “Бөкеңнің тоңқаңдауы жаман, топалаң тиген бе?”, деп бара жатқанын естіп есін жиған. Н.Дәу. ~ Жоқ, апай, бұлай етуге болмайды. Оған тықыр таянғанша, қойға да бір топалаң таянады. Қазірден ойланғаны жөн, қазірден. Д.Әш.

Posted in

ТОҢ ҚАБАҚ

Түсі суық, қабағы қатулы адам туралы. * Одан кейінгісін тартқанда, сықырсыз ашылып, төрден шөмеле шаш әйел адам көрінді. Ақсұр өңді, қасының арасы жиырылған, тоң қабақ. Арқа тұсына Лениннің басы салынған қызыл қыжым байрақ ілініпті. Т.Сәу. * – Ал, ағайындар, түрлеріңіз суық қой, не шаруамен жүрсіздер? Ел іші аман ба, жұрт тыныш па? Арыздарыңыз болса айта отырыңыздар? – деді Қоңыр үлкен-кішінің бойларын кернеп бара жатқан салқындықты таратпақ оймен. Әдеп сақтап, тоң қабақ танытпады. Жайдары қалпынан аумады. Қ.Тол. * Іште кірген адамның бәрімен арпылдасатын тоң қабақ топас біреу отырғандай Зухраның зәресі ұшты. Т.Сәу.