Posted in

ТОҢ БОП ҚАТТЫ

Мейірім, жылулық атаулыдан ада болды д.м. * Бірақ, қатты жерге сыздықтап жайылған судай қыз бойына бірте-бірте сіңе берді. Тоң боп қатқан жүрек жарасын жібітті. Бір емес, арада бірнеше күндер өтті. Р.Рай. ~ Екі айда, іштен шыққан шұбарды қойып, өгейдің де тас бауыры жібитіндей кез еді, бірақ мына жұдырықтай қыздың жүрегі тоң боп қатып қалғандай — айналайын деп асты-үстіне түсіп тұрған Тел жанға да, құлыным деп құрақ ұшып жүрген Гүлсанға да жыли қояр түрі жоқ. Д.Әш. * Тамыр – ең соңғы түбіртек- тұқылы қалғанша, өзін ұмытпайды. Ештеңені ұмытпас қара Жердің тоң боп қатқан жадынан жібіп, көктеген ұрық, ең ақырғы үзігі шіріп біткенше, жалғасын сезіп жатады… Т.Шап.

Posted in

ТОПАЛАҢ БОЛДЫ (-Ы ШЫҚТЫ)

Әлек-шәлегі шықты, абыр-сабыр болды, ойраны шықты. ~ Күткен көп қайтқан аттан көрсе қара, Жынданбай жанды қазақ тұра ала ма? Деп тұрып: «Тоқта! Тоқта! Шаппа! Шаппа!» Топалаң болмаушы ме ед тұра-бара? І.Жанс. ~ Көшкен айып емес дегің келеді. Өзгені қояйын, кеше «недоймке», «қарашығын» жиғандар кімге топалаң боп тиді? Дымы құрып, тек сүлдері жүрген көп кедейге тиді. М.Әу. ~ Бұл жануардың көзге қораштау тұрқы ғана емес, мынау төңіректің топалаңы шығып жатқанда дәл соның бел ортасында тұрып қылшығы да қисаймай шөп күйсеген тұрысының өзі оның өзге бір мінездің малы екенін аңғартқандай. С.Елуб.

Posted in

ТОЛҒАҒЫ ЖЕТТІ

Уақыты келді, пісіп-жетілді. ~ Ішін кілем, көрпемен безеген ақбоз үй сайлаушыға тігулі тұрады. Толғағы жеткен келіндей желбауға асылып, қақ ортада емізіктеп қара саба тұрады. Ж.Айм. ~ … Сонымен не болды? Латын әліппесіне көшу мәселесі Қазақстанда біржола күн тәртібінен түсіп қалды ма? Әлде толғағы жеткен жоқ па? Г.Бельг. ~ Толғағы жеткен өлеңін Тотыдай тарап түрленткен. Ақиқат деген тереңім, Түбіңе сенің кім жеткен? Б.Раис. ~ Содан көкорай дүниені нұсқап отырып, толғағы жеткен топырақтың тұла бойындағы мың сан дәнектен мың сан шөп көктеп, күн нұрына қарай емінетінін әңгімелейтін. Н.Дәу. Жүкті әйелдің айы-күні жетті, босанар уақыты келді. ~ Әйел жүкті еді. Толғағы жетті. Күн суық, кіретін үй жоқ болды. Әйел бір шірік ағаштың ішінде босанып, ұл тапты, оны ханға білдірді. Ә.Марғ.

Posted in

ТОМАШАДАЙ ҚАРАЙДЫ

Алыстан қарайып көрінді. ~ Отарба жылдамырақ жүгірді. Екеуі томашадай қарайып, бұлдырлап алыстан қызыл желегі ғана сағымдай желбіреп айдалада қалды. С.Сей.

Posted in

ТОЛҒАҒЫН СЕЗДІ

Әлдебір жаңалықтың нышанын түйсінді. ~ Қалдыбайдың жаны жаман қиналды. Ол өзінен туып келе жатқан қандай да бір әуездің толғағын сезді. Қолдары қалтырап, көзіне жас келді. Жан әлемінде ырғақтар ойнай бастады. Н.Дәу.

Posted in

ТОМПАҢ ҚАҚТЫ

Баланың оңды-солды шайқала басатын сүйкімді жүрісі туралы. ~ Мұрны сәл тампыштау. Бірақ ол да мін емес. Қазақ жақсы көрген баласын тампышым демей ме? Томпаң қаққан Майраға кішкене тампыш мұрын, қайта, жарасатын тәрізді. Б.Соқ. ~ Екі жағында екі ақ гүл сияқты, екі ақсары бас жалт — жұлт етеді. Қарт адымдаса, бөбектер томпаң қаға жүгіреді. М.Кәр.

Posted in

ТОЛҒАҚ БАСЫЛДЫ

Қиын жағдай баяу тартты. * Бейқам көңіл күтпеген жерден тұңғиық ойға тірелген. «Көп ұзамай толғақ басылады, көңілі орнына түседі» деп түйді Василий. Т.Ахт.

Posted in

ТОМЫРЫҚ МІНЕЗ

Кеудемсоқ, өзімшіл. ~ Сол арада отырған отағасылар: — Омар, сен сол томырық мінезіңді қоя тұрып, сөз тыңдашы, ақыр ұнамаса, біреуді-біреу зорлай алмайды ғой,- деп ортаға алып шуласып, ал кеп төністі. С.Тор. ~ Жауыздық атаулы қаншама қаратүнек болғанымен, тіршілік нұры сөніп, ақтаңдақ арай шашқан алыс сапарынан ешқашан аялдамақ емес. Күлімдеп шыққан күнді де, томырық мінез түнді де алма-кезек ауыстырып маңа береді. С.Ғабб. ~ Зияш таң атқанша дөңбекшумен болды. Томырық мінез Әшірі құрғырдың бүгінгі қылығына ойы орала берді. М.Мақ. ~ Өмірәлінің томырық кеуде мінезінен имене баяу отырған Сатқанбай, оның мына жан тарта сөйлегеніне емекси: — Онда ақсақал мен Сақанды сартылдатып алып келейін, дайын отырыңыз, — деп атқа қонды. С.Бег

Posted in

ТОЛҒАҚ ҚЫСТЫ (БУДЫ)

Әйелдің босанар алдындағы қиналысы туралы. ~ Ал енді су әне шығады, міне шығады дейтін күндері ол тұңғыш рет толғақ қысқан анадай, бұдан бір ай бұрын, бір апта бұрын, тіпті күні кеше қуанғанын атымен ұмытып, өмір бойы өлім аузында жүрген кісідей өң-сұры қалмай, қорқыныш құшағына біржола беріледі. Ә.Кек. ~ Ышқынып келіп тоқтаған автобусқа таласып-тармасып кірді ақыр соңында. Кірген де, салонның ұзын бойына тартылған жылтыр білік темірге толғақ қысқан жас келіншектей бар салмағын сала қос қолдап асыла кеткен. М.Қаб. ~ Тарбиған саусақтарымен әйел көрпені тырмалай уыстайды. Селкілдей күшенеді. Жанұшыра айқайлайды. Толғақ буған келіншекке екі кемпір, бір әйел көмектесуде. Бәрін де әлдебір үрей билеген. Кемпірдің бірі орамалды сулап, жас тоқалдың маңдайына басады. С.См.

Posted in

ТОН ПІШТІ

Долбар жасады. ~ Иен жерді мекен етем деп, Игілікке жетем деп, Кеңшілік сүтін ішем деп, Ойменен тон пішем деп, Қара қазан, сары бала, Кемпір-шалдың қамы үшін; Бетегесі бырдай боп, Май сасыры дырдай боп, Тарлаулары балдайын, Балауы жая-жалдайын, Ойы түрлі кілемдей, Солқылдап қыры кілемдей, Салқын самал дала үшін. Д.Баб. * – Председатель, обалына не керек, жібі түзу адам, – деді әр нәрседен топшылап тон пішуге құмарлығы бар Төлебай табанда қорытынды шығарып. – Бірақ, құрығанда, мұндайлар саусақпен санарлық. О.Сәрс. ~ Сметтің қызға сырт долбармен тон пішуі қисынды. Іргелес облыс орталығында, қалада тәтті тағам өндіретін пәбрикада істейтін Зуһраның сыртқы кейпі өлең айтып, би билейтін әртіске келіңкірейді. Ө.Кәр.