Posted in

ТОҚСАН ТОРАПҚА ЖҮГІРТТІ

Неше түрлі болжам айтып, сан-саққа жүгіртті. * Сондай аталы, аруақты адамдардың тұқымынан талай заман өтіп, талай ұрпақ аралағаннан кейін де тегіне тартқан, нысаналы біреу туады деуші еді. Сол осы болмасын,- деп гуілдесіп, сан-саққа, тоқсан торапқа жүгіртетін. Ж.Сәм.

Posted in

ТОҚАЛ ЕШКІ МҮЙІЗ СҰРАЙМЫН ДЕП ҚҰЛАҒЫНАН (ТҰҚЫЛЫНАН) АЙРЫЛЫПТЫ

Көптен дәметіп, аздан айрылды д.м. ~ — Е, жасанып шыққан жау оңайлықпен берісе ме, әлі жағаласып жатса керек. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыпты» дегендей, өзге елді құл қыламын деп жүріп, өзінің күлін шаштырып алды-ау, бұл Гитлерің де. К.Сег. ~ — Сен мені өйтіп қорқытпа! — деді Дохалдай кекете езу тартып. — «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылыпты» дегенді де қазақ айтпап па еді. Қ.Жұм. ~ Ал, керек болса, саған. Құдайдың күні құрып қалғандай түн ішіне шақырғаны несі? Тегін емес шығар. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, тұқылынан айырыптының» кері болмаса неғылсын. Ш.Бейс. ТОҚАЛ ЕШКІ МҮЙІЗ СҰРАЙМЫН ДЕП ҚҰЛАҒЫНАН АЙРЫЛЫПТЫ

Posted in

ТОҚАЛ ЕШКІДЕЙ ҚЫЛДЫ (БОЛДЫ)

Бөгде, жат, ұнамсыз кейіпке түсірді. ~ Абзал алғашқыда бұларды танымай қалды. Бастары тап-тақыр. Тоқал ешкідей болып қалыпты бәрі. Дуылдасып, бірін-бірі құшақтап жатыр. К.Қаз. ~ Енді Әсетжаннан үйреніп, тәлім алып қалыңдар! Сендерге бұл да үлкен сабақ. Біз тоқал ешкі сияқтымыз. Бұрын шыққан құлақтан соңғы өскен мүйіз озады. Тәңір жарылқап, жаңа өнегенің есігі ашылды, тәлім алыңдар!… Қ.Тол. ~ Бұлар бір отар қойдың қотанындай ғана ойпаңға сыйып кеткен шағын ауылдың шет жағындағы тоқал ешкідей шұнтиып қалған қазақы қоржын тамға барып кірді. С.Ас. ~ Шабынан түрткендей көрші орыс селендеріндегі қара шекпенді тоқал ешкідей қылып шауып алдың дейік. С.См. ~ Олардың күбірлесіп, қозғалақтайтынындай-ақ бар, жалқындай болып, кере қарыс маңдайы жарқырап, оған кейін қайырулы қою қара шашы ерекше жарасымдылық беріп тұратын Арлыбек тоқал ешкідей топ-тоқыр. Б.Қыд.

Posted in

ТОҚТАУ АЙТТЫ

Ақыл айтты, әлдебір жөнсіз істен тоқтатты, уатып, жұбатты. ~ Бекболат қысылған, сасқан, кейіген жерде Ақберен ақыл тауып, тоқтау айтып, демесін болушы еді, жазаласа, Бекболат оның тілін көбірек алушы еді. Ж. Айм. ~ — Қайта жақсы болды. Біздің балалардың бәрі ертең жүреді екен. Бірге кетеміз. Нағашысының көңілі бұзылып, мұртын қайта-қайта сипай берді. Толыбай тоқтау айтты. Жұбатып отыр. К.Қаз. ~ Бірақ еңкейіңкіреген кеудесін көтеріп алып: — Бәрібір енді!.. Не қылса о қылсын, көрерміз! — деді. — Бәрі маған ұрсады, сен ақылыңды айтып тоқтау айтпайсың Айшаға дейді, — деді Садырбек. Ш.Мұр. ~ Елді басынғаны сонша, ол қора-қора қойларды егіндіктің үстінен айдап өтуден де тайынбайтын. Балалары оған қой деп, тоқтау айтып көрген емес. Б.Мом. ~ Бір жағынан қорқып, екінші жағынан аяп, тоқтау айтқан үлкендердің сөзін елемеген жігіттердің бір- екеуі арбадан қарғып түсіп, жаяу келе жатқан Барановтың қасына келді. Ә.Әб. ~ Осы араққа құмарлық, меніңше, ұлы Отан соғысынан басталды. … «қойыңдар, түбі азып-тозып кетеміз» деп тоқтау айтар адам табылмады. О.Бөк.

Posted in

ТОҚАЛ ЕШКІНІҢ КЕБІН КИДІ (КҮЙІН КЕШТІ)

Жұртқа жексұрын болды, ұнамсыз, бейшара кейіпке түсті. ~ Осыны ойлағанда, мүйіз сұрап құлағынан айрылған тоқал ешкінің кебін киеміз бе дегенде зәре-құтың қалмайды. Қ.Ысқ. ~ «Мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған» демекші, бір шикі өкпеге зар болып, Құдайдан бала тілеп жүргенімде, тоқал ешкінің күйін кешіп, шалымнан тірідей айырылып зарлап қалдым ғой мен бейшара бейбақ… АҚ "Әкем болса…"

Posted in

ТОҚТАУ САЛДЫ

Тыйды, қойдырды, доғарды, тоқтатты. ~ Қайтсе де ала-алмасын білгеннен соң, Мысығың өз-өзіне тоқтау салды. М.Жұм. ~ Мінген аты ала еді, Қылшық жүнді қара еді. Тоқтау салды Естеміс, Жібергісі келмей баланы. А.Байт. ("Қобыланды") ~ Мал шығынын өз жағына өздігімен баса салған Абай Оразбай, Дайырларды, қаншалық қақап тұрса да, тез қақалтып, тоқтау салды. М.Әу. Әлиевке әлі де жақтас екенсіз ғой… Ендеше, ертеңгі бюрода сіз де жауап бересіз! Көре тұра көз жұмып той жасатқызғаныңыз жауапсыз қалмауға тиіс… Әлиев өзінің айналасындағы жағымпаздардан мол сыйлық алып жатқанда да тоқтау салмадыңыз. Б.Тоғ.

Posted in

ТОҚТЫ ҚЫСЫР ҚАЛМАЙТЫН ЖЕР

Малға жайлы, оты-суы мол жер. ~ Басына Қызыл таудың шықты барып, Қарады алды-артына көзін салып. "Тоқты қысыр қалмайтын бір жер екен, Тау-тасы қой боп жатқан ыңыранып". БС "Асан Қайғы".

Posted in

ТОҚАЛ ЕШКІНІҢ МҮЙІЗІ ТОҢБАЙДЫ

Қыстың жылы болатыны туралы болжам. ~ – Биыл қыс жылы болады! – деді ол. – Жылы болғанда қандай, Мәсімов мәсімен шығады, тоқал ешкінің мүйізі тоңбайды – дегені. Айнала ел ду күлді… Сөйткен Астана биыл да әлі суытқан жоқ. Ертең жаңа жыл. Жанымыз жақын тартып тұратын сол бауырым – Қақай да екі жыл бұрын жаңа жыл өте сала бақилық болды. Ұ.Дәл.