БЕЙЖАЙ ҚАЛДЫРМАДЫ

Қатты әсер етті, толғандырды. ~ Ұлттық намысымыздың аяққа тапталуы мен арымыздың қорлануына апарып соғатын ондай жүгенсіздік қазақ халқының намысты саналы ұл-қыздары ретінде бізді де бейжай қалдырған жоқ. Д.Мәс. ~ Ақбөбек ә дегеннен Қайыптың әніне ғашық болған. Сол сезімі өрши келе әннің иесіне тәнті етіп қойды. Сұлу сазымен әнші өзінің жан сарайын жаулап алғандай. Оның өзіне деген риясыз көңілі, баладай пәк сезімі Ақбөбекті бей-жай қалдырмаған. Ү.Жлк. ~ Картинаның алдында бір топ көрермен үйіріліп, өзара шүйіркелесе қалыпты. Бірімен– бірі пікір алмасып күбірлеседі, өмір, махаббат, күрес төңірегінде философиялық пайымдар жасап, бастарын шайқап сыбырласады. Соған қарағанда, мынау етектей полотно ешкімді бейжай қалдырмаған сияқты. Ә.Асқ.

БЕЙЖАЙ ҚАЛДЫРМАДЫ Read More

БЕЙЖАЙ ҚАЛДЫ

Еш әсер алмады, самарқау, селсоқ күйде қала берді. ~ … жұрттың бәріне де мейлінше самарқау екенін, қысқасы, жағадағы толқынның еркелігіне де, асау мінезіне де бейжай қала беретін жартасқа ұқсас екенін таңдана аңғарып қалды. О. Бальз. ~ Бұндай қызды жер түбінен жалғыз атты Қайыптың алып қашуы кейбіреуге көзсіз ерлік көрінді. Кейбіреу кедей жігітке көркем келіншекті көпсінді. Әйтеуір бей-жай қалған біреуі жоқ. Ү.Жлк.

БЕЙЖАЙ ҚАЛДЫ Read More

БЕЙДАМА БОЛДЫ

Әлде бірдеңеден азат болды, арылды, жұрдай болды. ~ Содан бір түнде еркекше киініп, қашып кеттім. Малдан да, дүниеден де бейдама болып, безіндім. Содан жаяулап-жалпылап аптада Алматыға жеттім. Б.Қыд. ~ Мен ешкімге пара берген жоқпын. Бар малымды алыңдар, тек тыныштық беріңдер. Қазір жалшы менде жоқ. Бар малын Шөжеғұл өзі бағатын еді, енді ол мал бітті. Малдан бейдама болды. Совет өкіметі тек біздің кедейленуімізді керек етіп отырса, үстіміздегі үйіміз бен киімімізден басқа ештеме қалмады. Б.Қыд. ~ Е, бұл ұрлықтан бейдама болған екен ғой деп менің Асанжанға ішім жылып қалған. Енді, міне, сол Асанжан колхоз ұйымдаса салып, бүлік шығарып жатыр дегенде тітіркеніп кеттім. Б.Қыд.

БЕЙДАМА БОЛДЫ Read More

БЕЙБІТШІЛІК ҚҰСЫ

Ашық аспан, бейбіт өмір символы ретінде кеңестік дәуірде көп қолданылған образ, көгершін. ~ Автобус көп аялдамады. Көгершін қалысар емес. Бір кезде автобус солға қарай кілт бұрылды. Бейбітшілік құсы әдейі істеді ме, жоқ әлде өзін-өзі тоқтата алмай қалды ма, ұшқан бойы екпіндеп келіп алдыңғы терезеге дүңк етіп соғылды да, жалп етіп құлады. Д.Рам.

БЕЙБІТШІЛІК ҚҰСЫ Read More

БЕЙБІТТІККЕ САЛДЫ

Дауласқысы келмеді. ~ Бұл қолды болды ма, жоқ үркіп шығып кетті ме әлде… — дегенде Жәнібек Бекбол сөзінің аяғын тоспастан: — Е, осы күнде тыныштық қой, қай жау келе қалды дейсің, үркіп кеткен де … — деп бейбіттікке сала берді. М.Әу..

БЕЙБІТТІККЕ САЛДЫ Read More

БЕЙБАҚ КҮЙ

Мүсәпір, шарасыз жағдай. ~ Сол күндер көзден бұл-бұл ұшып, енді міне төсекке таңылып, бейбақ күй кешуде. Бұл аз болғандай, оқуы да азапқа айналды. З.Төл. ~ Борышты ғана емес, «Кеш оралу» киносындағы француздар секілді түк қамқорлық көрсетпестен, біздер мұны белгісіз бейбақ күйінде өлтіріп алсақ, ол кінәмізді тарих кешпейді. Сен күн сайын, лабораторияға келген сайын соны ойлай келетін бол. Ә.Әб.

БЕЙБАҚ КҮЙ Read More

БЕЙБАҚ ЗАМАН

Бәтуасыз, кері кеткен, соры көп уақыт. ~ Құдай — ау, кiшкентай сәбиiң болғандықтан жәй ғана концерттiң өзiне бас сұға алмайтын қандай бейбақ заман?! Ылғи қаракөз қазақтарды сол қазақтардың жиынына жолатпайтын сұмдық заң, қатал ереженi кiм, қандай қара жүрек ойлап шығарған десеңшi. Ж.Шағ. ~ Безілдетіп бебеу қақтырған ашты толғақ қыстығады. Өрт шалған қара күйелеш әлемнің қақ ортасында сырты жанып, өзегі қалған қара тұғыл тіршілік бейбақ заманға өзінің әлі де бар екенін паш етеді. Бірақ, ішке біткен шемен икемге келтірмейді. Ғ.Біл.

БЕЙБАҚ ЗАМАН Read More

БЕЙ-БЕРЕКЕТІН АЛДЫ

Тынышын алды, әбігерге салды, берекесін кетірді. ~ Жылан жылғы жұт, былтырғы құрғақшылық елдің бей-берекетін алған ба, әлде өкімет өзгерген соң сауда-саттыққа бұрынғыдай кеңшілік бермеген бе – әйтеуір, базар басы бұрынғыдай сапырылысып жатқан жоқ. Б.Тоғ. ~ Баһадұр жайында алып қашты сөз көп. Біреуі мақтайды, біреуі даттайды. Ол жөнінде парторгтың да ойы екі ұдай. Соңғы жылдары «уыздай ұйып отырған» тыныш елдің бей-берекетін алыпты. Б.Тоғ. ~ Күн сәскеге таяды. Ала шабыр бұлт кенет түсін өзгертіп батыс жақ қарауыта бастады. Аяқ астынан көтерілген ызғар жел онсыз да терісіне сыймай тұрған күтушілердің бей-берекетін алды. Б.Тоғ.

БЕЙ-БЕРЕКЕТІН АЛДЫ Read More

БЕЙ-БЕРЕКЕТІ КЕТТІ (ҚАШТЫ)

Сұры қашты, беймаза күйге түсіп, абыржыды. ~ Не істерін білмей, өзі кішкене ғана бөлменің ішінде біресе екі баласына қарап, біресе Малдыбайдың үстін қымтап тулай соққан жүрегі алқымына тығы лып, екі көзден жас ағып бей-берекеті кетті. Ә.Шәр. ~ Темірбектің іші мұздап, бей-берекеті қаша бастады. Өзінен өзі үрейленіп, қайда тығыларын білмеді. Көп ішінен сытылып шығып, тайып тұрса таба алар ма еді? Б.Тоғ.

БЕЙ-БЕРЕКЕТІ КЕТТІ (ҚАШТЫ) Read More

БЕЗІП КЕТТІ

Сырт айналды, аулақ кетті; ат-тонын ала қашты. ~ Бұрын осы шағын ғана Бірдеңе-ское колхозында, одан кейінгі өсіп-өркендеген Сірдеңе-кә совхозында советтік жеті ұлттың өкілдері ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығы арқасында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатыр еді. Міне қараңыз, сондағы қазақтан басқа ұлттардың бүгінде жұқанасы да жоқ, бес ұлт безіп кетті, алтыншы ұлттан жалғыз мен ғана қалып отырмын. М.Мағ. ~ Қасейінді өз үйінен қалай қуып шыққанын көрген күннің ертеңіне Жалмаңгүл (оның өз аты Камалия еді ғой) құрбысынан біржола безіп кеткен. Ә.Тар. ~ Көпке қадір — салмағы бар үлкендер алдында «баласы бар» немесе «балалардың әкесі» болып көзге түсуді және өзінің елден безіп кеткен жүрісіне орай, енді кеп арттағы үй ішін сағынғанын арсынып тұрғанын іші жүйрік Тайлақбай тез ұқты. Ж.Ахм.

БЕЗІП КЕТТІ Read More