Жалған көңіл; сырттай шырай бергенімен, іштей жақтырмай тұрған кісінің сипаты; селсоқ ынта. ~ Ұлан-ғайыр қасиетті даламның, Кие қонған мен де бірі балаңмын. Керек емес маған бедеу ықылас, Жерім маған – Құшағындай анамның! Қ.Мұқтай. ~ Байқайсыз ба, виртуалды әлемдегі «досыңның» бәрі шектен тыс ақкөңіл. Сөздері жан жадыратады. Мақтаса, асырып жібереді. Ал өмірде бәрі басқаша. Әлеуметтік желідегідей ақтарыла сыр ашпайды. Ортақ әңгіме таппайды. Бір-біріне көңіл тойғызбас бедеу ықылас танытып жүргені. Бас қоса қалса да, алаңдап әлденені іздейді. Әрқайсысы смартфонына үңіліп, өзімен-өзі мәз. БАҚ
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕДЕЛІН САЛДЫ
Бар абырой-атағын пайдаланды. ~ Сырттан бір көрдім екен деп әкеңнің беделін салып, құда түсірттің. С.Жүн. ~ Бергі жақтағылар тізеге салып жіберген ғой. Тура Сталин жолдастың өзіне жазамыз. Бар беделімді саламын. Т.Сәу.
БЕДЕЛІН КӨТЕРДІ
Абырой-атағын өсірді. ~ Сперанскийдің сібір киргиздары үшін шығарған жаңа уставтық реформасының жобасына қарсы әрекет еткен Гутковскийдің, Валихановтың пікірлері – осы бұқаралық соттың беделін көтеру емес пе еді. С.Жүн.
БЕДЕЛІ ӨТТІ
Сөзіне құлақ түрді, абырой-атағын сыйлады. ~ Абай бұлардың ішінен көпке беделі өтетін кісілерді өз қасына көбірек ұстайды. Өзінің қысқа ғана, бірақ алуан ақыл сөзін айтып жатты. М.Әу.
БЕДЕЛІ ЖҮРДІ (жүрмеді)
Абыройын, атақ-даңқын пайдаланды. ~ Өзiнiң абыройы мен атағы, беделi жүрген жерге Абай да бұл жолдасын қоса iлестiрiп, бiрге беделдi етiп жүретiн. М.Әу. ~ ~ Зорлық-зомбылықпен ешқандай абырой, беделге қол жеткізуге болмайды. Бет жыртысқан жерге бедел жүрмейді. Ғ.Біл.
БЕДЕЛІ ЖЕТТІ
Абырой-атағына сүйенді. ~ Абай әуелі зорлықпен болса да қазақ балаларының орыс оқуына баруына көмек етті. Өзінің беделі жетіп, қолынан келген жерлерінде, осы Даниярдай жалқы-жетім жастарды интернатқа әкеп қосуға тырысқан. М.Әу.
БЕДЕЛІ АРТТЫ
Жұрт көзінде абыройы өсті. ~ Жақсысы Советтің көрнекті адамының біздің жағымызға шығуы. Бұл ел арасында біздің беделімізді арттыра түседі. Б.Қыд. ~ Жұмықтың тұңғыш үкірдайы, Меккеге барып келгелі Еңсе қажы атанады. Осы беттегі Жұмықтын басын құрап, Еженханға бағындыру жөнінде көп еңбек сіңірген адам. Кейінгі кезде үкірдайлығын баласы Таңғытқа өткізіп, өзі үйінде құдай жолын ұстанып жатқанымен, ел ішіндегі беделі арта түспесе кеміген жоқ… Қ.Жұм. ~ Естуімше, мәйітті жерлеуге апарарда машина біткен тізіліп, қаралы шеруді бастайтын болса керек. Неғұрлым машина саны көп болса, соғұрлым беделі артатын көрінеді… Әй, ондай бедел мәйітке енді қажет те емес қой… С.См.
БЕДЕЛДЕН АЙРЫЛДЫ
Абыройы кетті. ~ Былтыр ғана бар беделден айырылып, байдың алдында мол кінәға ұшыраған. С.Жүн. ~ Жеңіле қалсаң хандығыңнан түсемісің, ата-бабаңның бар жиған-тергені кететіндей, жаның шығып, өлерменденесің келіп, бастығың, төрең емес пе, оныкі қате болса да сыйлай салсаң, содан ризығың кеми ме, беделімнен айырыламын дедің бе! С.Жүн.
БЕДЕЛ ТҰТТЫ
Абырой санады, мақтан көрді. ~ Керейдің әр руында өз ағасы болғанмен, Керей атаулының байы да, батыры да, беделдісі де Естеместің Есенейі. Оны Керей ғана емес, Уақ та, аз рулар – Қанжығалы мен Күрлеуіт те бедел тұтады. С.Мұқ. ~ Осы ойдан… осы зұлым ойдан Ғазиз Құлтанович жұбаныш тапты. Жүзінде рақат күй қалқыды. Әлгіндегі дымданған көз құрғады. Анау жазықсыз, кінәсіз адамды бұнда жатып бес, он жыл еркінен айыруға бекінуін өзіне зор бедел тұтты. Азаматтың жайын, күйін, жағдайын қаперіне алған да жоқ. С.См.
БЕДЕЛ ЖИНАДЫ
Жақсы істерімен жұрттың көзіне түсіп, абыройлы болуға тырысты. ~ Шаруақорлығының арқасында кейін әжептәуір мал бітті. Жақсылармен жанасып, бедел жинады. Т.Әбд. ~ Ғабиден ағамыз еркімен келіп отырды. Кресло сұраған жоқ, шенеуніктің шеніне зар емес-ті, аты да, атағы да онсыз да жеткілікті еді, заманның қилы-қилы құбылысы мен қиянатшыл саясатынан, кейбір жарамсақтықпен биліктен дәреже, бедел жинаған сүйкімсіздерден бойын аулақ ұстаған, тумысынан аристократ, екі әріптен де, үш әріптен де, әріптестерінен де тәуелсіз ғұмыр кешті. Қ.Ысқ. ~ Онда Бәйгежиренді қойғанда қамшысының бүлдіргісінен ұстатар ма Құрдасы? Іздегенін зарықтырып барып апарса да өзінің қадір– қасиеті артпақ. Тіпті аюды таппаған күнде де «таптым» деп бұрыннан даяр өтті бере салып, бедел жинамас па! К.Сег.

