Бірталай нәрсені айтып немесе тындырып тастады. ~ «Онда біздің диаламыз қанша?!» деп ферма меңгерушісі біраз шаруаның басын қайырып тастаған кісіше тоқмейілдене жөткірініп, аузын сипалайды. О.Сәрс. ~ «Шешініп, жуынып-шайына жүріп біраз әңгіменің басын қайырған Күрлеу қырлы стаканға толтыра құйған конякты түбін сарқа ішті де, жатып қалды. С.Дос. ~ Сөйтіп отырып: “Ешқайсысыңның еш мамандықтарың жоқ, ә? — деді. — Нақты бір шаруаның басын қайырып істей алмайтындардың құны “Құлбазарда” көк тиын. Н.Дәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСЫН ҚАЙТТАДЫ
Қара басын аман алып қалудың қамын жеді. ~ Жұрттың алды қозғалған соң, суға серкесі түскен қойдай тоғытылып, бірін-бірі іліп алып жөңки бастады, жұрт көбірек босқан сайын үрейленіп, қорқу мен сасу күшейді. Малға, жақынға, дүниеге қарамастан, әркім басын қайттап, ілгері шұбыра берді. А.Байт. ~ Әзім жан-жағына көз салды. Әлде олар да борбайынан бір пәлеге ұшырап, басын қайттап кетті ме? Ә.Нұрп. ~ Оты-суынан арылғалы олар да басын қайттап, бет-бетіне босып кетті. Ә.Нұрп.
БАСЫН ҚАЙДА СЫЙДЫРАРЫН БІЛМЕДІ
Жаны тыныш таппады. ~ Жарбол Жалынға қарап еді, ол жеңінен тартып, құлағына сыбырлады: — Ішетіні болмаса, жақсы адам, байқа! — Ақыры ақ тілекті аттағысы келмеді. Оның үстіне жасыратыны жоқ, бір басын қайда сыйдырарын білмей жүрген сергелдең күйі тағы бар. Ж.Шәк.
БАСЫН ҚАЙДА СОҒАРЫН БІЛМЕДІ
Не істерін білмей аһ ұрды, өкініш өзегін өртеп, қапаланды. ~ Қозғалысты бастауын бастаса да енді басын қайда соғарын білмей мәңгіріп жүрген халық қормалы, көтеріліс көсемі Қожанияздыкі мынау. Енді қайтеді?! Ж.Шәк.
БАСЫН КЕПІЛГЕ САЛСА ДА
Не нәрседен де тайынбайды д.м. ~ Қолында сатарлық малы болмаған кісі, жалғыз-жарым тұяғы болса да қия алмағандар не істейді? Олар басын кепілге салса да ақша табады. Бай қызметпен өтесе де ақша береді. «Алаш көсемсөзі».
БАСЫН КЕКЖИТТІ
Кеудесін көтерді, мақтанды, әлдеқандай болды. ~ Палуан үзеңгі қағыстыра тоқтаған. Жартастың ұшарында оқшырайған құлжадай такаппар басын кекжитіп асқақтай қарайды. Т.Сәук.
БАСЫН ИДІ
Мойын ұсынды. ~ Алмаспаса, өзгермесе бұ дүние, Жақсы-жаман тұрса өзінің қалпында! Бірақ білген, солай қылған Тәңірі ие, Мен де көндім, басымды идім алдында. М.Жұм. ~ Лермонтовтың «Ақын өлімін» Жансүгіров былай аударған: «Ақын өлді – ардың құлы құлады, Менмен басын иді дағы сұлады». З.Қаб.
Ілтипат көрсетті. ~ Шамасы, халқын ойлап қиналатыны ғой. Әзімді аяп кетті де, қолын ұстап үнсіз қысып еді, тілсіз ықыласыңды о да үнсіз қабылдап басын иді. Ә.Нұрп. ~ Алғашқы екі өлеңін жұрт самарқау қабылдағанына өкпелі әнші әйел, бұл әнді ерекше тырыса, бар өнерін салып айтып бітті де, жұртқа қарап, қол шапалақтау күтіп, басын иді. Ә.Нұрш.
БАСЫН ЖҰТТЫ
Көзін құртты, жалмады, түбіне жетті.
~ Алдымен болыстың басын жұтамыз… — деген айқай, гуілдеген, дүрілдеген кеуде, тепсінген тегеуірін. Ж.Айм. ~ Осыдан біраз жыл бұрын әлемдік саясаттың дүлдүл тұлпары, АҚШ–тың әлденеше Президентімен істес болған, әлденеше Президенттің басын жұтқан Звигнев Бзежинский атбасын қазақ еліне бұрған, саясаткердің болса – шығар алдыма, ашық теледидар сайысына түсіп, қалың нөпір көрермендер алдында бір–бірімізге азу басып, шайнасып көрелік деп Премьердің алдына орамал тастапты. Д.Дос.
БАСЫН ЖАРЫП, КӨЗІН ШЫҒАРДЫ
Ту-талақайын шығарды, быт-шыт қылды. ~ Тіпті ызалы, жыртқыш боп, бұның басын жарып, көзін шығарып қор етуге де барар еді. М.Әу. ~ Із қарауыл, атығай жұртына тірелді деп отыз сотқар сойқанды салып, ол жүр. Енді олардың басын жарып, көзін шығарып жіберейін деп сендер қамданып жатырсыңдар. С.Жүн. ~ Мұны кім айтқызып тұр? — деп сұрады. Орысшасы өте нашар екен, орыс сөздерінің басын жарып, көзін шығарып сөйледі. Б.Қыд. ~ Соның беделімен, тамыр-таныстық деген кәрі кеселдің көмегімен ол да кандидат деген атқа ие боп алған. Қазір ол бір институтта «басын жарып, көзін шығарып», әдебиеттен сабақ береді. Ә.Нұрш. ~ Мінезі де тентек жігіт, үлкен демей, кіші демей «сен» деп сөйлейді. Әзірге ешкімнің басын жарып, көзін шығарған емес. C.Мұр.
БАСЫН ЖАЛМАДЫ
Түбіне жетті, көзін құртты, ажалына себеп болды. ~ Қанағатсыз нәпсі – іштегі жегі күрт. Ішті үңги-үңги үлкейіп, ақыры сол жегі құрт бүгін сыртқа тесіп шығып, енді қара басын жалмайын деп тұр. С.Жүн. ~ Өзіне төрт атадан қосылатын Кәрімнің алыстан орағытқан сөздерінен Бек секем алып отыр. «Талай бастықтың басын жалмаған тарлан» тағы нені бықсытып келеді? Б.Тоғ.

