Қасырет шегіп, қайғырлы, жоқтады, аза тұтты. ~ Бейсембі. Есендікті өзіңе қаратып алған соң да азалы болып жүрдің бе? Қайша. Қаратқанмен, не керек, Бәтимәні маған жығып берді ме ол? М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЗ БОЛСА ДА САЗ АЙТТЫ
Аз сөзбен көп мағына білдірді. ~ Бір ғажабы, Жәди әңгімелері шытырманы мол оқиғасыз-ақ аз болса да саз айтылған сиқыр сөздермен көңіл күйін шешендікпен шертіп жүре береді. М.Рәш.
АЗ ДА БОЛСА
Шамалы ғана, көп болмаса да. ~ «Кәмзол аз да болса қамшау, қорған еді ғой. Қара басып, шешіп тастағанымды көрмеймісің» деп ойлады. М.Сүн. ~ Өздерін одан құтқарып, аз да болса азабын жеңілдеткен теңіздің тұзды суы мен шипалы қымыз. Ү.Жәл.
АЗ ДА БОЛСА КӨПТЕЙ КӨР
Азға қанағат ет, осыған риза бол. ~ – Екеуін екі халықтың бетке шығар азаматы екенсіңдер Алғаш есік аша келгенде, аз да болса көптей көріп, бір-бір ат мініп қайтыңдар, — деді қоштасарда. Қ.Жұм. ~ Мұның да киімі шошқа бақташысының киіміне ұқсас болғанмен, бір түрлі … тағамды аз да болса көптей көріп, рақым етулеріңізді сұраймын. В.Скот. ~ — Аз да болса, көптей көріп алыңыз… Осы дерттен айықсам, ат-шапаныңыз мойнымда… Б.Тоғ.
АЗ КЕСЕЛІ БОЛМАДЫ
~ Енді ойласа, Қуан өзгерісіне өзінің де аз кеселі болмапты. М.Сүн.
АЗ КҮНГІ ТІРШІЛІК
Қамшының сабындай қысқа ғұмыр. ~ Аз күнгі тіршілікте бейнет кермей, Өз еркімше өмірді сүргім келер. Менің де жақсы киім кигім келер, Сұлуды бұраңдатып сүйгім келер. С.Тор. ~ Несіне күлесіздер. Менің орнымда болсаңыз, өзіңіз не істер едіңіз? Біздің де ат жалын ұстап мінгіміз, аз күнгі тіршіліктің қоңырқай қызығын кешкіміз келеді. Т.Әл.
АЗ КҮНДІК
Көпке созылмайтын, ұзаққа бармайтын. ~ Тілегім — біздің жақындығымыз аз күндік жақындық болмасын. Лайық керсеңіз, өмірлік жолдас болайық деймін. Осыны қалай көресіз? — деді. М.Әу. ~ Алдындағы аз күндік аяқ астай мәнсабын айдап салған малына санайтындарға ыза болған да менікі. М.Қаб.
АЖАРЫ СЫНЫҚ (СЫНҒАН)
Көңілі жоқ; өңі жүдеу тартқан, әлдебір уайым еңсесін басқан. ~ Төлеу жер-суын тастап, жағаға көшіп келетін жылы Ақбаланы көргені бар. Екеуі құдық басында кездесті. Ақбаланың ажары сынық жүр екен. Ә.Нұрп. ~ Ол бір уақ қалың беріп, айттырып қойған қалыңдығы Қымбатты зорлана ойланды: жүдеу, қаны қашқан, әппақ қудай ажары сынық. Т.Рыс. ~ … жаға-жеңдері жыртылған, қоқырайған күнқағар-папахалары тоналған, талайының кеңсірігі бұзылған, тотяиынданып тұратын көздерінің үстінен көгілдір томаршалар өніп шыққан, ажары сынған, айбары шағылған. Ғ.Біл.
АЖАРЫ СЫРҒАҚ
Салқын көңіл танытып, елемеді д.м. ~ Оңаша бөлмеге кіргеннен кейін, Асқар Сарыбасты кеңеске ұйытпақ боп тамырын басып көріп еді, ажары өте сырғақ. Асқардың бірер сұрауларына ол жауап та берместен, кереуетіне шешініп жатып, шынтақтап роман оқуға кірісті. С.Мұқ.
АЖАРЫ АҚ ЖАМБЫДАЙ
Ақ жүзі айдай сұлу арудың сипаты. ~ Етегін ақ көйлектің көмкергенің, Өзіме тек өзіңсің тең көргенім. Етегін ақ көйлектің алтындалған Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған. Ақан Сері. ~ Дөңгелек, жарасымды ақ келбетің, Жүресің жылжып қана әсем басып.
Ажары ақ жамбыдай сұлулардың Жалғанда тіпті кетпес көркі асып. М.Жұм.

