Жағымсыз күйге енді. ~ Оқымыстылар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, шет елде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше, өрлей түседі. Т.Жұрт. ~ Сүйріктей сұлу болсаңда Сүйкімің кетсе — жақпайсың, Жүйріктің бірі болсаңда Киіктен биік баспайсың… Б.Әл. ~ … "құрсын, жындымен айтысқан мен жындымын" деп, айналасындағы ақсиған ауыздар мен сықсиған көздерге жалтақ-жалтақ қарап жылыстай жөнеледі. Бара-бара сүйкімім кетіп, сөйлесетін кісі де қалмады. Т.Сәу. ~ Күні кеше көптің аузынан түспейтін, ел қамқоры, жұрт жақсысы атанған Демежан кім? Содыр, сойқан аты қалмай, сүйкімі кетіп жүрген Ысқақ кім болды қазір? Қ.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СҮЙЕККЕ ТАҢБА ТҮСТІ
Атына кір келтірді, абыройына дақ түсті, ұятқа қалды. ~ -Жоқ, бұл болмайды екен. Апандікі дұрыс… Жесірімізді жіберсек, ертең сүйекке таңба түсетінін біліп отыр ол кісі, — деп Демежан енді әлденеге бел байлағандай істі жеделдетіп жіберді. Қ.Жұм. ~ Жөнін, жолын білмей, әлгіден бетпе- бет кезігуден тайсақтап кеткенін әке алдында жайып салса, сүйекке таңба түскені емес пе. С,См. ~ Оқиғаның бұлайша аяқ астынан кілт бұрылуы Төртуыл кісілерін де қатты абыржытып тастаған. Байсеркенің әнеугүннен бері мойындамай, қанша жұртты сарсаңға салып, енді келіп ойламаған жерден омақаса жығылуы сүйекке таңба түсірердей үлкен намыс болып еді. Қ.Жұм. ~ Ол сүйекке масқара таңба түсті деп қорланған соң атасын жасыруға мәжбүр. «Бұрын періштелер мені ылғи өліге санап кететін. Расымен тірі өлік едім. А.Кем.
СҮЙЕК ЖАҢҒЫРТТЫ (ЖАҢАРТТЫ)
Бұрыннан қыз алысып, қыз берісіп келе жатқан құдандалы адамдардың жаңадан құда болуы. * Енді не қылса да осы Байсалбайды алу керек. Әйтпесе — жеңілеміз. Байсалбайдың сырын тартып жүрмін. Ол: «Үй ішінен үй тігейік, сүйек жаңғыртайық» дейді. М.Әу. * Содан кейін Айғанымға өлердей қызыққан Уәлі, Сарғалдаққа: – Сүйек жаңғыртайық, қызын маған кішілікке берсін! – деп беделді біреуді жұмсайды. С.Мұқ. ~ Айдекең айтқанын орындады. Көпжасардың ғашық- машық болып, қыз таңдауына қараған жоқ. Қарақұрықтатып жүріп, сүйек жаңғыртып, қайын жұрты жақтан бір шүйке басты алып бере салған. Ұлының талғамына да тастаған жоқ. Т.Рыс. * Сен бізге бала көрінгенмен, жұрт көзіне бойжеткен қыз болдың. Кеше менің әкем Бейсембіге, ағаңа кісі салыпты: «Әуелден бас сүйескен жақын едік, бұрынғы сүйегім ескіріп барады. Қайтадан сүйек жаңғыртайық, мына Аманбайға баласын берсін»,—депті. Бұған не айтасың? М.Әу. * Жат жұрттыққа жаралған бір шаранасын маған балала ғып алуға қисын да, құда дескен мың жылдық құда болсын! Төре көнерген сүйекті жаңғыртқысы келеді де! К.Сег. ~ Күнбала бірде оңаша отырғанда Оспанға тұтқиылдан сөз тастады: ─ Балам, мен дімкәс аурумын, төрімнен көрім жуық, аман күнімде келін түсіріп, қызығын көрсем деп едім, — деді. ─ Сонда қалай, апа, ойға алған кімің бар? — деді Оспан. ─ Жәукемен сүйек жаңартқым келеді, соған қолқа салайын деген ойым бар, — деді Күнбала. С.Ом.
СҮЙЕККЕ ТҮСТІ
Өлген адамды кісіні арулап, ақ жууға қатысты. ~ Әкесінің үстіндегі көзге түсер киімдері — сүйекке түсіп алғандары. К.Қаз. ~ Сүйекке салатын киімдерді біреуге тапсырған жөн. Сүйекке түсуден мына көрші Қайырбек шал қалып қойып жүрмесін. Сынаушы көз ғой… Т.Әбд.
СҮЙЕК НАМЫСЫ
Әулеттің, ата-бабасының ар-намысы. ~ Сондай шариғат бола ма? Екінші атақты манап Мәмет сықылды қу кедейге, қоңсыға қызын бермек түгілі, маңына дарыта ма? Сүйек намысы қайда? Атасының басына манап болып жүр ме? Ж.Айм.
СҮЙЕКСІЗ ҚЫЗЫЛ ТІЛ
Сөзуарлық, ділмарлық хақында. ~ Бұлар керек адамды қырмақ үшін, Өзі билеп, салтанат құрмақ үшін. Отсыз, күшсіз, сүйексіз қызыл тіл бар, Оларға ел қырғызбай тұрмақ үшін. Шәк. ~ — Ой, пәлі, айналайын Сұлтанбекжан, көп жаса, өмірлі бол! Жалғанда жағың түспесін! Сүйексіз қызыл тілін-ай! — деген сөздерін де нақ осы атты, оның шабысын баяндаған жерлеріне келгенде ғана қыстырып қоятын. С.Бақб.
СҮЙЕК ПЕН ЕТТЕН ЖАРАЛҒАН
Жұрт қатарлы, қарапайым. * Құдайдың құтты күні қара сөз, қағазына шейін қарайып кеткен заман мынау. Мен не, өз баламның сүйек пен еттен жаралғанын ұмытам ба екен? Ж.Нәж. ~ … «тән азығы» бір жағынан бет қаратпай аяздай айбаттанып қыспаққаалғанда, екінші жағынан ақыл-ойды, сана-сезімді, бүкіл болмысты отымен шарпып дертке айналғанда, ал «жан азығы» барған сайын көзден бұлбұл ұшып, алыстан сағымданып, мұнар тартқанда кісілігімізден гөрі сүйек пен еттен жаралған пенделігіміз басым түсіп жатқаны өтірік емес. Д.Сүл. ~ Ерегестірсең кіміңмен болса да тайталасам. Ергенек құрма есігіңе, бәрібір айқара ашам. Сен жаралған сүйек пен еттен мені де Алла жаратқан, Пұшайман боларыңды біл байқамасаң. Т.Әбдір.
СҮЙЕКТЕН ӨТТІ
Ауыр тиді, жанын жаралады. ~ Таяқ еттен ғана өтсе, сөз сүйектен өтетінін жақсы біледі иттің баласы. Қ.Жұм. ~ Ұлтымызда сөз киесі айрықша. Бір ауыз сөзбен тағдыр шешілген, бір ауыз сөзбен соғыс тоқтаған. "Сөз сүйектен өтеді". Ж.Аяз.
СҮЙЕК СЫНДЫРДЫ
Әбестік жасады, ұятқа қалдырды. * Бұл Қоянкөз ауылының ата-бабасынан қалған, осындай құл-құтанмен шатасып сүйек сындырған бұзықтарға істейтін ежелгі жазасы еді. І.Жанс. * Шүкір, Жібегің сүтіңді ақтады, жаман атын жайып, сүйек сындырған жоқ, бесігінің табын жоймай есігіне жетті, қайта қуану керек. Ж.Нәжім. * Бәрінен бұрын бөтеннің көзінше жаман қатындарша шаптығысып сүйек сындырғандарын айтсаңшы. Т.Сәу.
СҮЙЕКТЕС БОЛДЫ
Қыз алысып, қыз берісті, жекжат, іліктес қарым-қатынасқа көшті. * – Естіген боларсың, – менің Байділда деген інімнің қатыны қайтыс болғанын. Сол ініме сенің қызың Тотыға құда түсуге келдім. Сүйектес болайық, – деп Саурық күлміңдеп, сынағандай сынат білдірді. Ә.Шәр. ~ Есектің — егізі, Сиырдың — сыңары. Сендеймен мен, сірә, Сүйектес болмаспын. Көрші емес, қоңсы да Қонбаспын — Мен қаштым! Св.Нұр.
