Сырықтай арық, сұр өңді. ~ Бұны ел «қашқын Досбол» немесе «Жапон Досбол» деп атайды. Осында келгесін аспирантураға оқуға түсіп жапондық қызбен үйленген, – деп төмен қарап жымиып отырған сіріңке қараны нұсқады. Ж.Шәк. ~ Есіктен отыздың ар жақ бер жағындағы сіріңке қара кірді имиіп. А.Кеңш.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СІҢБІРУГЕ МҰРШАСЫ (МҰРСАСЫ, МҰРСАТЫ) КЕЛМЕДІ (ЖОҚ)
Әлдебір ауыр жұмысқа салынып, берекесі кетіп,ештеңеге қолы тимеді. ~ Мысалы, өзіңіз күнұзақ бір шалмен төбелессеңіз, тамақ ішуге қолыңыз тиер ме еді. Тамақ түгіл сіңбіруге мұршаңыз келмес еді. О.Әуб. ~ Оны түсінбейтін Сақан ондай ақылсыз жігіт емес. Бәлкім, басқалай бір қарбалас жұмыстары шығып, сіңбіруге мұршысы болмай жүрген шығар. Еркектің шаруасы деген әйел көңілімен санасып жата ма?! Ж.Сәм. ~ … апақ-сапақта аңдыған қатынын, қорыған қызын тарс есінен шығарып, сиырын байлап, қойын қоралап, жылқысын тұсап, отпен жағаласып, ошақпен алысып, сіңбіруге мұршасы келмей кетеді емес пе. Н.Дәу. ~ Егінші, малшылардың көктемгі күй- жайын ұғысып жүр едім. Ертең ауданға жиналысқа барамын. Сіңбіруге мұрсам жоқ қазір, — деді ол аман- сәлемнен соң. Т.Рыс. ~ Қу тіршілікпен кітап оқу түгілі сіңбіруге мұрша жоқ. Н.Дәу. ~ Сіңбіруге мұрсаты жоқ, топылы, топысыз, аузы — басын түк басқан жүдеу жандардың ішінен Лексей Лексеичтен басқа жүзі жылы ешкімді таппаған еді. Қ.Ысқ.
СІРКЕ ЖАУЫН
Ұсақ тамшы түрінде түсетін, майдалап жауған жаңбыр түрі. ~ Шығыстан көтерілген қою қара бұлттар әукекесін жондарға артып, сыздау қабақтап тымырсыған ауаның соңы себезгілеген сірке жауынға айналды. Б.Жұм. ~ Ертеңіне сондай бір сылбыр күн болды. Таң атар-атпастан сірке жауын төпеп берді де, шамалыда басыла қоймады. Көшеде адам аз. Ә.Кек.
СІҢІРІ СОЗЫЛДЫ
Әбден қиналды, запа шекті. ~ Жұтта жылқысы қырылды. Ақырында астында текежәуміті ғана қалды. Жілік майы үзілді, сіңірі созылды. Хош. Д.Досж. ~ Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарына жүдеп-жадап, сіңірі созылып зорға іліккен Алтай өңірінің Аханға мақтарлық, Ахан мақтарлық сыйқы да, сымбаты да жоқ. Қ.Ысқ.
СІРКЕЛІ ЖЕҢГЕ БИТТІ БІЛЕК
Әркімнің өзіне лайық теңі табылады д.м. ~ Мыжырайған бет- ауыздың қай қатпарында мысқыл, қай жапсарында күлкі жатқанын албастының өзі болмаса адам баласының аңғара қоюы қиын еді, "сіркелі жеңге битті білек" дегендей қитығып отырған Бекет те бежірейе телміріп: — Шоқынды ма едіңіз? — деді. Қ.Ысқ. СЛЕД В СЛЕД ӨКШЕСІН БАСТЫ
СІҢІРІ ШЫҚҚАН (КЕДЕЙ)
Күнін зорға көріп отырған кедей, жарлы-жақыбай. ~ Шұлғаудың маңқа баласы ұлық болған соң, құдайға не амалың бар? Үйіне екі кісінің басы батпайтын сіңірі шыққан мен ұқсаған бір жылтыр бұлар! Ж.Айм. ~ Оның шұқшия зерттеген бір мәселесі, — қазақ елінің меймандостығы, қолындағы тәтті-дәмдісін қонағына тосып, ешбір ақы-пұл алмауы. Бұл әдет ешбір қазақтың дәулеті қандайлығында емес, байларды, ауқаттыларды былай қойғанда, «сіңірі шығып отыр» дейтін кедейлердің де салты солай «жақынсын», «жатсын» демейді, «қай елсің», «қай ұлтсың» демейді, «әйелсің», «еркексің» демейді, «жассың», «кәрісің» демейді,— барын аузыңа тосады. С.Мұқ. ~ Күні бүгінге дейін бұл елдің жаз жайлауы Қарақұм да, қыс қыстауы Сыр бойы. Наурыз туды, бітті. Мына дария бойында бір малшыны ұстап тұра алмайсың, бәрі де құмға тартады. Ерте заманда байлар сөйтетін еді. Сырда маса, сонаға жем болып, сіңірі шыққан кедейлер ғана қалатын. С.Шайм.~ Азшылықтың байлығы, тасыған өзендей ернеуінен асып, шашылып-төгіліп жатады, көпшіліктің, мына біз сияқты қасіретті көп көрген сіңірі шыққан кедейлердің, көзі ашылатын заман бола ма? Ә.Шәр. ~ Жалғыз атты сіңірі шыққан кедейдің «осы үйде тірі пенде бар-ау» деп көзіне ілмей, теңдеріне тәкаппар жүзбен төңкеріле қарап, маңғаз қимылмен манаурайды арысың… О.Бөк.
СО ДА (ДАҒЫ)
Сол ғой; сол емес пе д.м. * — Еркектің түрі не керек? Ақылды, өнерлі болса, асырап сақтауға жараса, тұз-еңбегі жарасса, со дағы… — деді. Ж.Айм. * Ертең қыстау-қыстауға кетеміз де, қыс бойы інге кіргендей жатып қаламыз. Қатынның күні со да. М.Әу. * Орайы келсе солардың тап ортасынан ұшырармын. Жатқан жерін көрсететін атой белгі со да. Ал енді тарт, шырағым, жолың болсын! — деді. М.Әу. * "Қатар-құрбыдан кем болмай, ел ішінде қарайып жүрсе, со да керегі". Ә.Тар. * Әлсіздер қала берсін, соқпақ жолдың үстінде жүндей түтіліп бода-бода, Өмірдің қызығының өзі со да! С.Бақб.
СІҢІРІН СОЗДЫ
Жанын салып, шаршап-шалдығып еңбектенді, тырысты. ~ Сәулетші Санжар сіңірін созып шиқылдап жүріп, жоғарғы оқу орнынан алған айлығын елдегі ағасына салып жіберіп, өзі түнді таңға ұластырып, шам түбінде мөлигеннен мөлиіп сызып келтірген құрылыс – нобайына алған қаламақысын қалтасына бүктеп басып, екі аптаға демалыс алды. Д.Дос. ~ Тас емес, жылап ақ жаңбыр тозды, Көктемгі гүлмен бір өмір озды. Көк бақа тасың мелшиіп жансыз Тамырын жаншып, сіңірін созды. Б.Раис. ~ Аяқ-қолдың сіңірін созып, дененің құрыс-тырысын жазып шаршауың қажет, әсіресе сүйікті бикеңді жақсылап тұрып аймалап құшуың қажет. Бәрінен де сол абзал. Э.Хэм.
СО ДА СӨЗ БОП ПА
Мәнісі жоқ, айтуға да тұрмайды д.м. * Пәлі, со да сөз боп па, мен әлі саған самұрық құстың қауырсынын алып берем. Ол тек Найза-Көк шоқысының шыңында ғана болады. Қ.Ысқ. * — Тәйір-ай, со да сөз бе екен?.. Тек біздің балаларға оң көзбен қа рай жүрсеңіз… Д.Әш. * — Нені шатып тұрсың?! — Ауылға қайту жайын… — Өй, со да сөз боп па? Қ.Найм. * – Тәйір-ай, со да сөз боп па… Ал, жақсы, мен кетейін, – деді Шықаң тыпыршып. Т.Сәук.
СІҢІРІНЕ ЖЕТТІ
Түбіне жетті, құртты. ~ «Болдым» дегеннің, Қара жер түбіріне жетеді. «Жетістім» дегеннің, Кедейлік сіңіріне жетеді. М.-М.
