Posted in

САМАЛАДАЙ САП ТҮЗЕДІ

Тізіліп тұра қалды. ~ Жіңішке жалғыз аяқ жол бір жерді сан орап қайталап, ирелеңдей созылып, қытығыңа тисе, самаладай сап түзеген егіз қайыңдар бас айналдырады. О.Бөк. ~ Төменіректе борықтай аппақ қайыңдар. Аппақ қайыңдар көз жауын алып, самаладай сап түзей қалыпты. Ә.Асқ.

Posted in

САН ҚЫРЛЫ

Неше түрлі. ~ Сәндікке құмар табиғаты серілікке баулыды. Өскен сайын өн бойынан табылған сан қырлы өнері өршіп, өзіне жұрттың назарын аудара бастаған. Ү.Жәл. ~ Ал бөлім бастығын ата-анасы, туған-тума, көрші-қолаңы, бүкіл ауылы тәрбиелеген, сондықтан да өмір қандай сан қырлы, көп тармақты болса, бұлар да сондай. М.Қаб.

Posted in

САНАСЫНДА САҢЫЛАУЫ БАР

Ақыл-ойы толысқан. ~ Қазақ-станның қағаз жүзінде КСРО-ның одақтас бір республикасы бол-ғаны-мен, іс жүзінде үш ғасыр бойы Ресейдің отары болғаны санасында саңылауы бар адамның баршасына белгілі. Ө.Айт.

Posted in

САМАР АСТАУ

Ет салуға арналған үлкен астау. * Осы сәтте есік сықырлап ашылып, күң әйел самар астауға салған етті буын бұрқыратып дастарқанға қойды. О.Бөк.

Posted in

САН СОҚТЫРДЫ

Өкіндірді; қапы қалдырды. ~ Терең ой толғанысында отырған Мұхтар: — Мына сияқты батыр білек, батыл жүрекке, білім, ғылым ұласса не істер еді. Қайран қараңғылық, халқымызды сан саңлағына сан соқтырдың-ау, — деп орнынан тұрды. С.Бег. * Түу, пәтшағар, сан соқтырды-ау! — Уәлихан өкіне …. Жануар көзі шарасынан шыға жәутеңдеп, қос тізерлеп жатып қапты. А.Алт. ~ — Осы төңіректе бір алтайы жүретін. — Нысан Қармысқа іш тартқансып қулана көз қысты. -Талайды сан соқтырған бірішектің нағызы өзі-тін. Соны індеткеннен са умысың? Ө.Кәр. ~ Күнге күйіп, жаңбырға жанын төсеп, күшті жойған тыңайтқыштардың саны орнында болғанымен, сапасы ше? Сан соқтырып, сазға отырғызарлық. К.Әмір.

Posted in

САНАСЫНДА СӘУЛЕСІ БАР

Ақыл-ойдан кенде емес. ~ Батырдың жолындағы бала қарақшыдай бақыртып қанжығасына байлап әкете барар ма екен? Жоқ, бала да болса, санасында сәулесі бар ма екен деп аңыс аңдап керер ме екен? Ә.Кек. ~ Санасында сәулесі болса қанаты қатайғасын өз жөндерін өздері біледі емес пе? Санасыз болса сендердің ысылдарыңның өмірі болмайды. Р.Кар.

Posted in

САН ТИМЕСКЕ САН ТИДІ

Күтпеген жерден пайда көрді. ~ Елді бүлдіріп бара жатқан соң, Сәтекеңді қыздырып,үйінен айдатып шыққамыз… Құдайдың құдіреті, оңдырмайын дегенде осылай болады ғой, сан тимеске, сан тиіп, енді Ыбырай баласы ел билеген соң не қыларсың? Б.Май.

Posted in

САНАТҚА ІЛІНДІ (ІЛІКТІ)

Ел есептесетін халге жетті, жұрт назарына түсті, еңбегі еленді. ~ Бірақ ол өзінің қамқоршысы Ли Хунчжанның көмегімен қайтадан санатқа ілініп, осының алдында ғана жаңадан асақталған төрт армияның біріне қолбасы болып тағайындалған. Қ.Жұм. ~ Басқа жұрт, ең аяғы, қарайлас, көршілес, тағдырлас қырғыз, өзбекке дейін өлгенін тірілтіп, өшкенін тұтатып жатқанда біз ескілікті мүлде жауып қойдық, өткендегі тарихи тұлғалар, бұрыннан тиым салынған арыстар тұрыпты, ара-кідік санатқа ілініп жүрген кісілеріміздің өзінің жөн-жобасы айтыла қалса, қаншама айғай шығатын. М.Мағ. ~ Ел едің құт дарыған Есім Малай, Қыдырып қызығыңды көрдім талай. Арқаңда үрлеп ішіп, шайқап төктім, Қайтқалы бет түзедім елге қарай. Кең біткен етек-жеңі ағайын ең, Беріпті саған дәулет соған жарай. Балаңа бесіктегі белгілі ғой, Санатқа ілінбеген Қожан қалай? Ж.Жаб. ~ "Саясатты жазбай болмайды. Әсіресе жас ақын-жазушыға онсыз қиын. Саясатты жазбасаң, сені санатқа ілмейді", — дейтін. Осы ойын екі-үш рет естідім. Б.Нұрж.~ Дегенмен қолдарынан анау айтқандай түбірлі жанашырлық келмесе де, балалар үйінде тәрбиеленгендердің де ертең зіңгіттей- зіңгіттей азаматтар боп, санатқа ілігіп кететіндерін естен шығаруға бола ма?! Қ.Жиен.