Posted in

ТЫНА ҚАЛДЫ

Дымын шығармай үнсіз тұрып қалды. * Соған қарай аттай бергенде, сыртта тасырлап кеп қалған көп аттың дүсірін есітті. Келіп қапты. Үзеңгі-тұрман шылдырлап, алды түсіп жатыр. Есікті қайта жамылып, саңылау қалдырып Айша тына қалды. М.Әу. Қоғадай салбырасып хан, қарасы, Намазға ұйығандай отыр тыңдап. Қаққанда деген күйді «Терісқақпай» Жымжырт боп тына қалды жел де соқпай. І.Жанс. * Дәл осы кезде жаман клубтың жаман есігін теуіп ашып Қызбалтайдың кіріп келгені. — Өй, өңшең тексіз! — деп шыққан әйелдің ащы үні. — Елдігін, кісілігін жоғалтқан өң құл-құтан! Еңкілдеп-өңкілдеп отырған жұрт лезде тына қалды. Н.Дәут. * Сәбира қарсыласқан жоқ, жатын бөлмедегі көлдей кереуеттің шетіне күмп етіп жантая кетті. Шықаң мен Ұлбану тым-тырыс. Демдерін ішіне тартып тына қалды. Т.Сәу. * Бір кезде ішке түйгендей бүрсиіп, аяқ-қолын бауырына алып жиырылып, қалш-қалш домаланды да қалды. Аңғарғаны, күн сөніп барады екен. Дүние таскерең, сілтідей тына қалды да, соңынша жұлқынып жан — пәре айқай шықты. С.Елуб. *

Posted in

ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Әлдебір іске шектеу қойылды. ~ … бұл әмір бойынша, дұшпан одақтың флоты Кадиксты тастап кеткенше, Виго қолтығындағы керуен кемелердің жүктерін түсіруге тыйым салынады. Ж.Верн. ~ Әйел табиғаты жұмбаққа толы. Тыйым салынған тамырдың дәмін татып, әбден құмарынан шыққанша тоятынан тартынбайды. С.Олж. ~ 19 қыркүйек күні сегіз болыс елдің би-болыстары мен игі жақсылары бас қосқан төтенше съезде ояз бастығы: "Сендерде, қазақтарда дін жоқ, бұдан былай шариғат жолымен іс атқаруға тыйым салынады" деген секілді сөздер айтгы. С.Ақт.

Posted in

ТЫНДЫМ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)

Көзін құрты. * Ебін тауып елдесіп, Бөрте-үжінді қайырып алған соң, ескі кекті еске алған Темужин ақыры Жамуханың «белін опырып», мүлдем тындым етті. Т.Жұрт. * Батшағар қанша елді зарлатты, — деді тұмар аюдың ырсиып жатқан үшкір тістері мен сойдиған имек тұяқтарына қарап, — Сонда қалай тындым етіп жібердің, Шөке? Б.Жұм. * Ең алдымен Шыңғыс қағанның ең ет жақындары мен қағанатты құрысқан сенімді серіктерін табандылықпен тындым етті. Т.Жұрт. * Көйлек-көншегін өртеп, қос мүйізді екі тастың секісіне лақтырып шығарып тындым қылдым. Ғ.Біл.

Posted in

ТЫҚПА САҚАЛ

Бетін басқан тығыз сақал. * Қулардың неліктен "Саулы інген" шығарып жүргенін ит біле ме? Бұл өзі Мұсабайдың қатыны еді. Аузы даладай боп қартайып қалса да, Бозінген жаулығына кір жуытпайтын, мақтаншақ, өзі кеппелеу кісі болатын. Тықпа сақал, бір мойын, жаман Мұсабай Бозінген бірдеңе айтса — "ыңға" дей алмайтын. О түгілі, саулы Бозінгеннің бір ауылға би болудан да дәмесі болатын, өзге қатындарға талай мойын салып, айғырлық қылам десе де, Бірмағанның тымырсық қызыл қатыны әлденеше жерде аптығын басып, ауызын аштырмай жүретін. Әйел шіркін ұрысқанда қайдағы-жайдағыны қазатын әдеті емес пе.. Ж.Айм. ~ — Уай, еттерің жаңа қайнап жатыр ғой? — деді тықпа қара сақал. Халкен: — Кеш асылып еді, — деді. Тықпа сақал Гүлияға қалжыңдай сөйлеп: — Бәйбіше, бір уыстай түз берші қарызға! — деді. Гүлия орнынан тұрғанша, Бұзаубақ: — Бер… бер… — деді. Гүлия қара қосқа кіріп, бір уыс тұз әкеп берді. Тықпа сақал: — Рахмет, ұл табыңыз, қосағыңызбен қоса ағарыңыз!.. — деп, тұзды алып кетті.. С.Сей.

Posted in

ТЫНШУ БЕРМЕДІ

Мазалай беріп, тынышын алды. ~ Әншейін адамның кейбір кездері ойға оралып, тыншу бермейді, — деп, екіұштылау сөйлеп, шын айтар сөзін ішке бүкті. А.Жақ. ~ Қамықпаңыз, Махмұт аға, Бағиланың сізге деген ықыласы оң. Тыншу бермей сізді қинап жүрген сезім оның басында да бар. Түбі қайырлы болсын деңіз. О.Бөк. ~ Тайжан қабақ астымен анасының әр қимылын бағатын бір әдет шығарып алғанын өзі де аңғармап еді. Тек өрмекші торына түсіп, бебеу қаққан шыбындай шыжбалақтаған елбек ой бұған іштей тыншу бермейді. П.Дүй. ~ Міне, осы бір тастаяқтай қақтығысып тыншу бермейтін түпсіз ой Махмұт жүрегіне ақпанды азынатып жүрген. О.Бөк.

Posted in

ТЫҚЫР ТАЯНДЫ (ТАЯДЫ)

Бір жамандық болғалы тұр, әлдебір қауіп төнді. * Балташтың тоқ шегі қылып өте түсті. Қорқақтықтан дейсіз бе? Жоқ. Өз жұмысын білмейтіндіктен дейсіз бе? Жоқ. Бір тықыр таянды ма? Жоқ. Баяндаманы талай істеген, орны да, арты да мықты. Ж.Айм. ~ Күн болса күйіп тұр. Жаңа жапырақ жайып, бой ала бастаған қалың егінге де тықыр таяпты — оны жол бойы өзі көріп те келеді. М.Қаб. ~ Өзі ұсталатынын сезіп. зәрезап, алақ-жұлақ етеді. Өткендегідей еркіндік жоқ. Бұл жолы Жәзираны әкетем деп, аузына да алмады ғой. Бір тықыр таялған шамасы… М.Сүнд. ~ Енді оны екеуміз жөнге сала алмаймыз. Бір тықыр таянғанда өзі де ойланар. — Жоқ, апай, бұлай етуге болмайды. Оған тықыр таянғанша, қойға да бір топалаң таянады. Қазірден ойланғаны жөн, қазірден. Д.Әш. ~ Іргесіне тықыр таянса, үйіне сыйып отыра алатын қазақ бар ма! Ауыл мен ауыл, ру мен ру, ұлыс пен ұлыс арасындағы ерсілі-қарсылы ала шабуыл басталды да кетті. Ә.Кек.

Posted in

ТЫНШУ ТАПТЫ

Көңілі тынышталды. * Кешке қарай ызғар сынып, арсы-күрсі алқынған толқындар тыншу тапқандай болды. Т.Сәу. ~ Ес білгеннен қанаттасып өнермен, Тыншу таптым қазыналы тереңнен. Жайғасып ап биігіне таулардың Азғындарды ар сотына берем мен. Б.Раис. * Биік ернеу қоршаған бұрқақтың бір қапталы мүлдем беті жыбырламайды, тыншу тауыпты. Ж.Шағ. ~ Өз жағдайыңмен қоса көршіңнің де көңіл күйзелісіне мүдделі болмай, жер жүзі тыншу таппайтын көрінеді. Н.Сам. ~ Таза кенеп оған бұқаға қызыл матаны яөрсеткендей әсер етеді, қашан оны майлап тастағанша тыншу таппайды, — деген Родригес күліп. Ч.Пав.

Posted in

ТЫҚЫРШЫҚ АТТЫ

Сабырсызданып, тағат таппады, ~ Сол жүргінші тобы Ертістің Слободка жағасындағы көпіріне кеп тоқтады. Осы "қайық аузы" дейтін жерде тағы да жесір қуған, пәле іздеген үлкен топ сабырсызданып, тықыршық атып тур екен. М.Әу. ~ Таң бозынан қайтып келуге тиісті Ханжігіт қайта оралмады. Ай жайылды, күн шықты, келмеді, түс ауды, келмеді. Бір сұмдықтың ныспын нышандап, тықыршық атты. Ғ.Біл. Тыпыршып, жер тарпып, шыдам таппай тұрған ат туралы. ~ Алғашқы шу мен жылқы жақтан шыққан «аттанды», сатыр-сұтырды естіген ат-айғырлар тықыршық атып шыдай алмай, басы байлаулы болса да, кермені сүзіп жөнеліп, еліріп, тынышсызданып тұр еді. Бұлардың кейбірі асығып келген жігіттер мінгенше болмай шыр айналып, сабырсызданып алып жөнеліп жатты. М.Әу . ~ Делбені бос жіберген, ұшы жамбасының астында. Дәнеш барып шанасына секіріп шыққанда тықыршық атып тұрған аттары ала жөнелді. С.Мұр. ~ Атты әскер ойындарының бәрін де білесің бе? — деді ол тізгінін жұлқып тықыршық атқан астымдағы Ақбоз ат пен маған кезек қарап. Ә.Нұрп.

Posted in

ТЫНЫМ (ТЫНЫШТЫҚ, ТЫНШУ) ТАППАДЫ (КӨРМЕДІ, АЛМАДЫ)

~ Күнде күйеуі бір жаққа кетсе болды, бір кіріп– бір шығып тыным таппайтын Зейнеп бүгін тырп етпей үйде отыр. Ә.Кек. ~ Не керек, қашан тамақ түсіріліп, қонақтар бір жайлы болғанша тыным тапқан жоқ. С.Ас. ~ Жер басып, мәңгі тыныштық таппайтын тірі аруақтай болып жүргенімше құлыным тым ерте, беймезгім кетке қараңғы қапасқа көп кешікпей мен де жетейін. Ж.Шағ.~ …бұның назары әкесінің күректей– күректей екі қолына түскен, күндіз– түні тыным көрмейтін ұстаның саусақтары қып– қызыл болып ісініп, "айналып" кетіпті. Ә.Тар. ~ Қыс бойына Торанғұлов тыныштық көрмеді. Т.Әл. ~ «Қарағым! Неге кеттің ала кетпей, Қор болып мұратыма қалдым жетпей. Сен үшін тыным алмай үш жыл жандым, Артыңа тастап кеттің рахым етпей! Шәк.~ Бұдырлы тастың жұмырлауына өзен ағысының көп еңбегі сіңген. Сол уақ, әдемі тастар өзенге құлаған соң да тыныштық алмай, ілгері жөнеледі, бұлардың орнына басқа тастар келеді. А.Байт. * Со түні Бәйгеторы қозыкеш жердегі қорымға барып, жас қабірдің басында мөлиіп ұзақ тұрыпты деседі. Сол түні жарық дүниеге жаңа келген сәби де тыншу көрмей, көп жылапты деседі. Қ.Найм.

Posted in

ТЫЛАҒЫ АЙЫРЫЛДЫ

Ашу қысып, өрекпіді. * Ашуыңды бас… Тылағың айырыла бермесін. Берді ғой айлығымызды… Тағы бірдеңелерді қағыстырып-соғыстырдым, — деп өбектей қалды. Е.Абд.