Posted in

ТҮСІН (ӨҢІН) ШЫРАМЫТТЫ

Ептеп танығандай, жүзі есіне түскендей болды. * – Түсін шырамытып отырсаң, есімі Меруерт. Төркіні Сайқын жағында, –деп Әріп кіржің етті. Т.Әлімқ. * Келсе, айтқандай елдің адамдары екен. Түсін шырамытқандай Түгелмен шұрқырасып, іш тарта амандасты. Ү.Жәл. * Демежан оның өңін шырамытқандай болып, «осыны қайдан көрдім» деп ойланып қалып еді. Қ.Жұмад. * Қараш өзінің жөн — жапсарын айта бастағанда, шал: — Бәсе, өзім де түсіңді шырамытып ем. Әкеңе ұқсапсың. Даусың да айнымайды,- деді. Т.Әл.

Posted in

ТҮТІНІ БІР (БІРГЕ)

Қазан-ошағы бір. ~ Бәйбішеден төрт, тоқалдан бес шаңырақ көтеріп отырған Байкөбек тұқымы еншілерін бөліспей бірге көшіп, бірге қонған жүгі ортақ, түтіні бір тұйық ауыл жаттан жаушы, жақыннан даушы күтпеген. Қ.Ысқ. ~ ~ …бұрын Едіге балалары билеп қалған Әлім, Байұлы — екі Алшын Кіші жүз атанып, оты бірге жанып, түтіні бірге шалқыған бір жұрт болып едік қой. Ә.Кек.

Posted in

ТҮСІН БЕРМЕДІ

Сыр білдірмеді, қалпын өзгертпеді. ~ Арбакеш кәрия жол бойы жұмған аузын ашқан жоқ. Түсін бермей тұнжырап алған осы кәрия тым тұйық. Ә.Нұрп. ~ Небір сыр тұнып жататын сабырлы жігіт қой, түсін бермеді. М.Қаб. ~ Қалай бассам да қадамым қатеге ұшырайды»,- деп түйді де, осыдан кейін ол бір жанға түсін бермей сазарып алды. Қора ішінде толып жүрген қарулы кісілерге де назар салмады. Ә.Нұрп. ~ Қысы- жазы түсін бермейтін, жап- жасыл шырша да оған бір түрлі көңілсіз, мұңды сияқтанып тұр. М.Сүн.

Posted in

ТҮТІНІ БІРДЕ ТҮЗІК, БІРДЕ ҚИСЫҚ ҰШТЫ

Елдің (үйдің) жағдайы бірде олай, бірде бұлай болды. ~ Даланың түтіні бірде түзік, бірде қисық ұшты. Әуелі ақар-шақар бала егіздеп өсіп, мал сегіздеп көбейіп, араз бітісіп, туыс құшақ жайып қауышып, жалпақ жұрттың айдарынан жел есті. Келер бір замандарда ел іші нілдей бұзылды. М.Қаб.

Posted in

ТҮСІН БИЛЕДІ

Сабырлы қалпын өзгертпеді. ~ Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе білдірмеген. Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген. Абай. ~ Қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын Каримов қанына сіңген қашанғы әдетімен түсін билеп сыр бермей отыр. С.Дос. ~ Қанипа киімдерін қабырғадағы шегеге іліп, винтовкасын бұрышқа сүйеп қойды. ─ Қойыңызшы, Мария Ивановна. Күні бұрын несіне әбігерленесіз. – Түсін билеп, сыр бермей, сабырмен айтты. С.Ом.

Posted in

ТҮТІНІ ӨШКЕН ЖОҚ

Шаңырақтың тірлігі біткен жоқ, жалғас тапты. ~ Арай астыңғы ернін қымқырып, басын шайқады. Кенжегүл оны байқамаған болып, балпылдай берді. — Байғұс Қапан, орнында бар оңалар — о да жақсы, әйтеуір түтіні өшпейді ғой, бала бейшара жылапты дейді…Қ.Ысқ. ~ Нағашысы ұлан-асыр той жасап жатыр. Мырзақұлдың түтіні өшпеді, орнында бар оңалар деген осы деп мәз болып жүр. К.Қаз.~ Ауылдан бір адамды шашау шығармадық. Жаяуға көлік, жалаңашқа тон, ашқа ас бергіздік. Шүкір Алла, соның арқасында түндігі жабылып, түтіні өшкен үй болған жоқ аулымызда. С.Ел. ~ «Қолыма көшіп кел, жалғыздан-жалғыз қайтіп отырасың» деп мың айтып жалынды — бармадым. — «Мақсұттың үйінің түтіні өшпесін — отырамын осында»,-дедім. Ш.Мұрт.

Posted in

ТҮСІН БҰЗДЫ

Қабағын түйді, ашу шақырды. ~ Бойында буырқанған сөзбен қатар, жылпыңдықпен астасқан күш те мол. Ол — туа біткен палуан. Оның нөкерлерінің жырқылдап, шектен шығып бара жатқанын байқаған Самат: — Жә, болды! Тіл жағыңа сүйеніп, тағы біреуді арандатуға келдің бе, әлде ойынға кірісейік пе? — деді түсін бұзып… З.Төл. ~ Өзге қыздардың бұрымдарынан тартып немесе әппақ формаларына сия шашып жылату болса — Майраға ешқайсысының жүрегі дауалап, ондай сотқарлыққа бара алмайтын. Майра едіреңдеп келе жатқан жаман ұлға сәл түсін бұзып, бір қараса болды, әлгінің жыны аяқ-асты тарап кететінді. З.Төл.

Posted in

ТҮТІНІ ТЕРІС ШАЛҚЫДЫ (ТЕРІСКЕ АЙНАЛДЫ)

Берекесі кетті; жолдан тайды. * Соңғы шақта осы өңірде майрағай да-тайрағай шалқып жатқан қазақ ауылдарының іргесінен жел саулап, түндік-туырлығы желпілдей бастады. Түтіні теріс шалқып, қаймағы бұзылды, тыныштығы шайқалды. Ғ.Біл. * — Әңгімеңіздің түтіні теріс шалқып барады, Әбеке! — деді арықтығын білдірмей сыртқа жүнін күдірейтіп. — Біз — дос-жар адамдармыз. Бір жерде жұмыс істейміз. Т.Сәу. * Олардың түтіні әбден теріске айналып болғанын Нұртаза мен Сейтен де жаңа ғана түгел ұғынған тәрізді. Ғ.Мүс.

Posted in

ТҮТІНІ ТІК (ТҮЗУ)

Тұрмысы оңды д.м. ~ Құдайға шүкір, түтіні тік ұшып, иті оңға жүгіре бастаған сияқты. Енді тек мына жаз жақсылығымен шығып, орыс ұлығы сөзінде тұрып, жаңа шаһарына шақырып, жарқыратып той жасаса, Әбілқайырдың қуғаны жетіп, қашқаны құтылды, айтқаны келіп, атқаны тиді дей беріңіз. Ә.Кек. ~ Бірде оты өше жаздап, бірде түтіні тік шалқыған жаужүрек, намысшыл да сертшіл осы халықтың «адамзат көші» аталатын тарихтың тұяқ тоздырар, қанат талдырар ұшы-қиырсыз ұзақ жолында көрген азабы да, тартқан тозағы да жетерлік. С.Баяз. ~ … осынау махаббат торы оның алдындағы қадір-құрметіңізді бұрынғыдан да арттыра түседі, оған қоса ол әрбір түтіні түзу ғашыққа тән болуға тиіс делінетін төрт Б-мен ғана емес, яғни басы бостығы, байқампаздығы, болаттай беріктігі, бүкпелей білетіндігімен ғана емес, күллі әліппемен де мақтана алады — мұқият тыңдаңыз, қазір оны сізге жатқа айтып берем. М.Серв. ~ Түкпірде жатқан жетпіс түтін еді. Түкпірде жатса да түгі бүтін, түтіні түзу, бір бірін итінің үрісімен түгендеп отыратын. Бұл ат байлап түсер Әлібектің ауылы. Қ.Ысқ